Ғафлеттің адамға беретін зияны

Ғафлет – нәпсіге беріліп Аллаһу та'аланы және Оның әмірлері мен тыйымдарын ұмыту деген сөз. Хазреті Баязид Бистами: “Адамға ең көп зиян әкелетін нәрсенің не екенін білгім келді. Мұның ғафлет екенін түсіндім. Ғафлеттің адамға беретін зиянын жаһаннам оты да бермейді.” деген.

 

Адамдардың ғафлетке, тіпті күнәға, наразылыққа, күпірге берілулері түрлі себептермен болады. Бұл себептер әр адамның мінезіне, іліміне, деңгейіне және жағдайына қарай өзгереді. Сонымен қатар надандық, тәкаппарлық және өлімді ұмыту да ғафлетке себеп болатын факторлардың басында келеді. Сондықтан пайғамбарымыз алейһиссалам: «Ләззаттарды жоятын, ойын-сауықты тоқтататын өлімді жиі естеріңе алыңдар!» деп бұйырған.

 

Өлімді жиі еске алу әмірлерді орындауға және күнәлардан тыйылуға себеп болады. Харам істеуге деген батылдық әлсірейді. Нәпіске мойынсұну Ислам үкімдеріне мойынсұнуға көп кедергі келтіреді. Өлімді еске алмау нәпіске беріліп, оның айтқандарына мойынсұнуға себеп болады. пайғамбарымыз алейһиссалам: «Өлімді жиі еске алыңдар. Оны еске алу адамды күнә істеуден сақтайды және ахыретке зиянын тигізетін нәрселерден тыйылуға себеп болады.» деп бұйырған.

 

Жастық шақ пен денсаулық адамды ғафлетке түсіруі мүмкін. Адам жастығы мен денсаулығына сеніп өмірдің зауқы мен ойын-сауықтарына алдануы мүмкін. Соның салдарынан ғибадаттарын уақытында орындай алмайды, тәубә ету ойына да кірмейді, ахыретті ұмытып, тәкаппарлық пен менмендікке салынуы мүмкін. Сондықтан хазреті Әли: “Ғафлет адамға менмендік алып келеді және құрдымға жақындатады.” деген. Әбдулқадір Гәйлани хазреттері де: “Күллі жамандықтардың басы – көңілдің (жүректің) Аллаһу та'аладан ғафил болуы.” деген.

 

 Ақшасына, мансабына, жастығына және денсаулығына сенген адам, дүниесі мен мансабына беріліп, өмірін нәпісінің қалаулары мен зауықтары үшін өткізуі мүмкін. Бұл ғафлет халі оны тозаққа алып барады. Өйткені пайғамбарымыз алейһиссалам: «Үмметімнің екі жаман мінезге шалдығуынан қатты қорқамын. Бұлар – нәпсіне берілуі және өлімді ұмытып, дүниенің артынан жүгіруі.» деп бұйырған.

 

 Аллаһу та'аланың әмірлеріне мойынсұнбай, өзінің ойы мен нәпсіне мойынсұнған адам ғафил адам деген сөз. Мұндай адамның көңілі тат басқандай, лас болады. Тат басқан көңілде (жүректе) Аллаһу та'аланың махаббаты болмайды. Сондықтан Ибн Атауллаһ хазреттері: “Көңілінде күнәлар мен дүниеге деген махаббат болған адамның көңілі қалай нұрлансын? Аммара болған нәпістің қалауы бойынша әрекет ететін адам Аллаһу та'аланың разылығына қалай қауышсын? Ғафлет пен күнәлардан тазаланбай қалайша Аллаһу та'аланың дәргейіне баруды армандайды? Жиіркенішті, жаман істеріне тәубә етпеген адам, нәзік сырларды түсінуді қалай ойлайды?” деген.

 

Ғафил болған адамның жасаған ғибадаттарының барлығы ғафлет ішінде болады. Сахих болса да қабыл болу ықтималдығы өте аз. Ішіп-жеуде халал мен харамға мән бермеген адам, қаншалықты тырысса да өзін ғафлеттен құтқара алмайды және орындаған ғибадаттарының ләззатын сезіне алмайды.

 

Бахауддин Бұхари хазреттері былай дейді:

 

“Кез-келген желінетін тағам ғафлет ішінде, ашу үстінде, қызбалықпен дайындалған болса, ол тағамда қайыр, береке болмайды. Өйткені оған нәпіс пен шайтан араласады. Мұндай тамақты жеген адамнан міндетті түрде жаман әрекет, жаман нәтиже шығады. Ғафлетсіз жасалған және Аллаһу та’аланы ойлап желінген халал және таза астан жақсы амалдар, дұрыс нәтижелер шығады. Адамдардың жақсы және салих амалдар жасай алмауының себебі, ішіп-жеудегі осы мәселеге мән бермеуінің, немқұрайлы қарауының кесірі. Қандай жағдай болса да әсіресе намазды хушу және худумен (ықыласпен), беріліп оқи алу халал азық жеуге және тағамды Аллаһу та’аланы еске алып пісіру және тамақты Аллаһу та’аланың құзырында отырғандай сезініп жеуге байланысты. Денесіне харам азық араласқан адам намазының ләззатын ала алмайды.”

 

Хазреті Алауддәулә Сәмнани: “Адам бойында жақсы амалдардың тұқымы – оның жейтін тағамы болып табылады. Кімде кім тағамды ғафлет ішінде жесе, тағамы халал да болса, өзгелердің ол адамнан пайда көруі мүмкін емес.” деген.

 

Әбу Бәкір Тамистани хазреттері дүниені көркемдеу ғафлет ішіндегі адамдардың ісі екенін білдіріп былай дейді:

 

“Ғафлет, ғафлетшінің ісі болғанындай дүниеге берілу және оны барлық ынтамен көркемдеу де ғафлетшінің ісі болып табылады. Бірақ дүние үшін еңбек еткендердің барлығы ғафлетші деген сөз емес. Кез-келген кәсіпкер өзінің істеп жүрген кәсібімен құлдарға пайдалы болуды ниеттенуі керек. Осындай ниетте болған адам ғафлетші болып саналмайды. Тек көңілін дүниеге бұрып, дүниені жинағысы келгенде ғана дүниелік адам болып, ғафлетші саналады.”

 

Ахмед Сияһи хазреттері ұлына былай деп насихат айтады: “Ей ұлым, Шайтанның қаруы – ғафлет, яғни Аллаһу та'аланы ұмыттыру. Оған қарсы шара – Аллаһу та'аланы еске алу. Оның ұлылығын ойлау.”

 

Ғафлеттен құтылудың шарасы – ғафил болмаған адамдармен бірге болу немесе сондай адамдардың кітаптарын, өмірбаяндарын оқу. Имам Раббани хазреттері: “Сәре уақыттарында истиғфар ету керек. Ғафлеттен, нәпіске мойынсұнудан ләззат алмау керек. Дүниенің өткінші ләззаттарына алданбау керек. Өлімді еске алып, ахыреттің қорқынышы мен азабын көз алдына елестету керек.” деп бұйырған.