Сұрақ: Намаз оқу үлкен ғибадат болғандықтан намазды тәрк ету де үлкен күнә ма?
Жауап: Әрине үлкен күнә. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Әдейі (үзірсіз) намаз оқымаған адамның басқа амалдарын Аллаһу та’ала қабыл етпейді. Тәубе еткенге дейін ол Аллаһтың қамқорлығынан ұзақта болады.» (Исфахани)
«Бес уақыт намазын тәрк еткен адам Аллаһу та’аланың қамқорлығы мен мейірімінен махрұм қалады.» (Ибни Мажә)
«Намаз оқымаған адамның мұсылмандығы, дәрет алмаған адамның намазы жоқ.» (Бәззар)
«Иманмен күпіршіліктің арасындағы айырмашылық намазын оқу мен оқымауда.» (Тирмизи)
«Намаз – иманның басы және жаһаннамнан құтқарушы болып табылады.» (Мифтах-ул-Жәннат)
Намаз оқымаған адам
Сұрақ: Намаз оқымаудың зияндары қандай?
Жауап: Намаз оқымаудың зияндары өте көп.
Хазреті Сәйид Абдулхаким Аруаси былай деген:
Намазын оқымаған адам бәрінен де бұрын бүкіл мұсылмандарға зұлымдық еткен болады. Өйткені намазда «Әссәләму аләйна уә ала ибадиллаһиссалихин» деп айтумен бүкіл мұсылмандарға дұға етіледі. Намаз оқымаған адам күнделікті бес уақыт намазда сүннеттерімен бірге 21 рет қайталанатын бұл дұғадан мұсылмандарды махрұм қалдырады. Қияметте бүкіл мұсылмандар бұл ақыларын намаз оқымағандардан алады.
Намазға мән бермей немқұрайлы қарайтын, қадірін білмей, жеңіл қарайтын адамдар көптеген жазаларға ұшырайды:
Өмірлерінің берекесі болмайды. Әр түрлі аурудың, төмендіктің, масқаралық пен қорлықтың ішінде өмір сүреді. Салихтерден құрмет көрмейді. Әр түрлі мұқтаждықтарға және қиыншылықтарға тап болады. Денсаулығының пайдасы, берекесі болмайды. Намаз оқымайтын немесе намазға мән бермейтін адамдар көбінесе жаман жерлерде жұмыс істейді. Шаршататын, жалықтыратын, ауыр жұмыстарда да осындай адамдар жұмыс істейді. Намазын дұрыс оқитын адам әрі салихтердің қатарында, әрі достарының, туған-туыстарының арасында сыйлы болады.
Намаз оқитын адамда жаратылысындағы әдеміліктен басқа бір әдемілік, ажар, нұр және жамал болады. Намаз оқымайтын адам қаншалықты әдемі болуға, сәнденуге тырысса да, күнде жуынып, жаңа киімдер кисе де ондай әдемілікке қауыша алмайды.
Намаз оқитын адамның жүзі әдемі болады. Ұзақ уақыт жуынбаса да, киімін алмастырмаса да, денесі мен киімінен жағымсыз иістер шығып тұрмайды. Ал намаз оқымайтын адам жиі-жиі жуынып, киімін алмастырып тұрса да, ондай пәктікке қауыша алмайды. Күніне бірнеше рет садақа берсе де, жетімдерді қуантса да, тойдырып киіндірсе де, бірнеше күн Құран кәрім оқыса да, жыл сайын қажылыққа барса да және осыған ұқсас ғибадаттарды, жақсылықтарды жасаса да ешқандай сауап ала алмайды. Аллаһу та’ала ол уақыттарды намазға тән қылғандықтан намазбен ғана өткізу керек. Егер де намазбен өткізбесе, ондай адамдардың істерінде қайыр мен береке болмайды және дұғасы да қабыл болмайды.
Намазда Адам алейһиссаламнан бастап барлық мұсылмандардың және бүкіл махлұқтардың ақысы бар. Намаз тәрк етілгенде Аллаһу та’аланың рахметі (мейірімі) перделенеді. Аллаһтың рахметінің келмеуіне, үзілуіне себепші болғаны үшін барлық махлұқтар намазын тәрк еткен адамды жек көреді. Олар мұсылмандардың дұғаларының берекесінен махрұм қалады. Өлгенде мазарының қасынан өткен бір мұсылманның оқыған Фатихасынан керегінше пайдалана алмайды. Аллаһу та’ала ондай адамдарды илаһият мақамында ерекше қызмет болып саналатын намазға қабылдамағандықтан, осы маңызды қызметтен қуылған болады. Бұл қызмет үшін берілетін пайдалардан да махрұм қалады.
Намаз оқымаған адамның өңі бұзылып, төсек тартып жатып қалады. Үсті-басын, көрпе-төсегін және басқа да нәрселерін кірлетіп ластайды. Тіпті өзіне ең жақын болған туыстары, балалары, әйелі, әке-шешесі де өлімінен жиіркенеді. Ешкімнен құрмет көрмейді. Бұл адам үлкен бір патша болса да, өлім аузында жиіркенішті түрде жан тапсырады.
Намазын оқымаған адамның өлімінде қорқыныш, үрей, өкініш және уайымның белгілері, көздері көкке қарағаны көрінеді. Көздерінің түсі өзгереді. Жоғарыға немесе төменге қарап қалады. Шашы, сақалдары шатасып, мұрнының қуыстары құрғап қалады. Қымбат төсекте, сәнді, әдемі бөлмеде жатса да, қор болып өледі.
Намаз оқымаумен иман әлсірейді. Намазға құрметі болмағандықтан періштелер, өлілер және басқа жаратылыстар да оған құрмет көрсетпейді.
Намаз оқымайтын адамның өлерінде бет-әлпеті бұзылып кетеді. Намазын оқыған адамның өлімінде тірі кезіндегі кейпі бұзылмайды, тірі секілді көрінеді. Оның өлімін көрген адам өлімінен бейхабар болса, ұйықтап жатыр екен деп ойлайды.
Намаз оқымаған адам қанша тамақ жесе де аштық сезінеді. Барған сайын аштығы күшейе береді. Шыдай алмайтындай жағдайға келеді. Қаншалықты көп және дәмді тағамдар жесе де бұл азабы тынбайтын болады. Тұрақты түрде аштықтың сыздаған азабын тартады. Соңында қиналып, бүктеліп жатып өледі. Өйткені намазды тәрк ету үлкен күнә, жазасы да сол дәрежеде үлкен болады.
Намаз оқитын адамның жүзі өлер алдында күлімсіреген, жарқын, нұрлы болады. Жүзінен қуаныштың белгілері көрінеді. Өз кемшіліктерін және Хақ та’аланың мейірімін, ихсанын көріп маңдайынан тер шығады, мұрнының іші аздап суланады. Құлағының арттары және мұрын қуыстары жәңіл түрде терлейді. Әдемі иіс шығады. Реңінде өзгеше бір әсемдік байқалады. Ең ләззәтты тағамдар жегендей болып тоқ күйде жан тапсырады.
Ғибадаттар иманның бөлігі емес. Яғни иман еткенімен бір ғибадатты орындамаған немесе бір харам нәрсе істеген адам кәпір болмайды. Бірақ намаз турасында ғалымдардың мұндай ауызбірлігі болмады. Ханбали мазһабында бір намазды үзірсіз (себепсіз) тәрк еткен адам кәпір болады және өлтіріледі. Өлтірілгеннен кейін жуылмайды, кебінге оралмайды, жаназа намазы оқылмайды және мұсылман мазарына жерленбейді. Аяғына жіп байлап, бір шұңқыр қазып көміледі. Үстіне қабір белгісін де қоймайды. Шафии және Маликиде үлкен күнә жасағаны үшін жаза ретінде өлтіріледі. Ханафиде намазын бастағанға дейін соққыға жығылып қамауға алынады. Намаз оқымау имансыз өлуге, намаз оқу болса, екі өмірде де бақытты болуға себеп болады.
Намаз және діндарлық
Сұрақ: Намаз оқымастан тек жақсылық жасап діндар болуға бола ма?
Жауап: Капиталсыз пайда түсіру мүмкін болмағаны секілді намаз оқымастан діндар болу да мүмкін емес. Намаз оқымайтын адамның жасаған жақсылықтарына сауап берілмейді. Пайғамбарымыз алейһиссалам былай деген: «Намаз оқымайтын адамның ғибадаттарына сауап берілмейді.» (Әбу Нуайм)
Намаз – діннің тірегі. Намаз оқитын адам дінін бекемдеткен болады. Ал намаз оқымайтын адамның діні құлдырайды. Намаздарды мүстаһаб уақыттарында және шарттарына, әдептеріне мойынсұнып, мүмкін болса жамағатпен оқу керек. Хазреті Мұхаммед Масум «бұлардан біреуі орындалмай қалса аза (траур) тұтса орынды болады» деген. Хадис шәрифте былай делінеді:
«Бір мұсылман намаз оқи бастағанда жәннат есіктері ашылады. Раббымен арасындағы перделер көтеріледі. Бұл хал намаз біткенге дейін жалғасады.» (Табарани)
Намаздың маңызы
Сұрақ: Бір досым: «Адам намаз оқумен жәннатқа кіре алмайды» десе, тағы бір досым: «Намаз оқымаған адам жәннатқа кіре алмайды.» дейді. Осының қайсысы дұрыс?
Жауап: Екуінде де шындық та қателік те бар. Жаннатқа кіру үшін намаз оқу жеткілікті емес. Намаз оқыған адам әһли сүннет ақдасында (сенімінде) болмаса, әлбетте тозаққа түседі. Иманын сақтап қала алған болса, соңында жаннатқа кіреді. Бірақ ақидасы бұзық болғандардың иманмен жан тапсыруы өте қиын. Ақидасының бұзықтығы күпірлікке себеп болған болса, тозақта мәңгі қалады.
Намаз оқымаған адам да иманмен өлсе, күнәларының жазасын тартқаннан кейін жаннатқа кіреді. Бірақ намаз оқымаған адамның да иманмен жан тапсыруы өте қиын. Хазреті Имам Раббани былай деген:
«Қияметте ең әуелі намаздан сұралады. Намаз дұрыс болса, қалғандарының есебі Аллаһу та’аланың жәрдемімен оңай өтеді.» (2/67)
Міндетіміз әрине маңызды
Сұрақ: Кейбір адамдар: «Мен намаз оқымаймын. Бірақ кедейлерге көмектесіп, жануарларға қамқор боламын. Бұлар да ғибадат. Тек намаз оқумен ештеңе бітпейді. Міндетіміз де маңызды. Бірінші орында жұмыс, одан кейін намаз.» дейді. Намаз оқымайтын адамдардың жасаған жақсылықтары қабыл бола ма?
Жауап: «Тек намаз оқумен ештеңе бітпейді» деп айтуы намазға жеңіл қарау деген сөз. Намаз иман секілді. Имансыз адамдардың ғибадаттарына, жақсылықтарына қалай сауап берілмейтін болса, намаз оқымайтын адамдардың да ешбір ғибадаттарына, жақсылықтарына сауап берілмейді.
«Намаз оқымайтын адамның ғибадаттары қабыл болмайды.» (Әбу Нуайм)
«Міндетіміз маңызды. Бірінші орында жұмыс, одан кейін намаз» деп өзгелерге намаз оқытпау да дұрыс емес. Намаз оқумен жұмыс берушінің (басшының) ақысы желінген болмайды. Яғни басшының намазға кедергі болуға ақысы жоқ.
Міндет деген не? Міндет – басшының берген тапсырмаларын, әмірлерін орындау және тыйым салғандарын істемеу деген сөз. Бірнеше бастықтың берген бұйрықтары бір-біріне сәйкес келмесе, лауазымы ең жоғары болған бастықтың бұйрығы орындалады. Мемлекеттік қызметте және әскерде де бірінші міндет лауазымы үлкен болған басшының әмірін орындау. Ал енді ең үлкен бастық дегеніміз кім? Міндетіміз әрине маңызды. Өйткені хадис шәрифте: «Адамдардың ең жақсысы адамдарға пайдалы болғаны.» делінген. (Кудаи)
Адамдарға ненің пайдалы екенін ұлы әміршіміз болған Аллаһу та’ала білдірген. Бірінші міндет – ең жоғарғы лауазымдағы әміршінің бұйрығын орындау болса, онда ең ұлы әміршіміз, жаратушымыз болған Аллаһу та’аланың бұйрығы қандай? Аллаһу та’ала «Иман келтіргеннен кейінгі ең үлкен міндет – намаз оқу.» деп бұйырған. Намаз оқымайтын адамның ғибадаттары, жасаған жақсылықтары қабыл болмайтыны секілді тапқан табысы да берекесіз болады.
Намаз оқу жұмыс қарқынын бәсеңдетпейді, керісінше жұмысқа деген құлшынысты арттырады. Намаз оқитын адам құл ақысынан, харамнан қорқады. Өз міндетіне немқұрайлы қарамайды. “Менің намаз оқитын уақытым жоқ” немесе басқа да себептер айту бейнамаз адамның намаз оқымау үшін тапқан сылтаулары. Бұл намаздың маңыздылығын білмеуден туындайды. Хадис шәрифте: «Бір кісі намазын әдейі, ешбір үзірсіз оқымаса, Аллаһу та’ала оның басқа ғибадаттарын пайдасыз қылады.» делінген. (И. Ғазали)
Аллаһу та’ала намаз оқымайтын адамның жақсылықтарына сауап бермейді. (Сәфәри ахирет)
Намаз діннің тірегі
Сұрақ: Жұмысымның тығыз болуына байланысты намаздарымды өз уақытында оқи алмаймын. Бір танысым “Дінімізде жеңілдіктер бар. Кешке үйіңе барғанда барлығын жинап оқысаң болады.” деді. Жұмысыма зиян тигізбейтіндей етіп намазды қалай оқысам болады?
Жауап: Керісінше намаздарыңызға ешбір зиян тигізбей жұмыс істеуіңіз керек. Мұсылман үшін ең маңызды ғибадат – намаз. Жұмыс кешігуі мүмкін, бірақ намазды қазаға тастамау керек. Намазын қазаға қалдырған адамның ісінде береке болмайды.
“Жұмыстарымның арасында намазымды да оқып аламын” деген көзқарас салих мұсылманға жараспайды. Оның негізгі мақсаты, ең зауқты сәті – намазы болуы тиіс. Намаз оқуды алдына мақсат тұтқан адамның басқа істері де жеңілдейді.
Дүниеде де, ахыретте де бақытты болу үшін, істеп жатқан жұмыстарымыздың пайдасын көру үшін ең бірінші орынға намазды қою керек. Намаз оқымастан жұмысты бастамау керек. Намазға кедергі болған кәсіптерде береке болмайды.
Жұмыстардың тығыз болуына байланысты намазды жәм етуге (біріктіруге) болмайды. Қандай да бір себеппен намаздың қазаға қалу қаупі болғанда ғана, қазаға қалдырмау үшін жәм етіледі. Сосын күндіз оқымай барлығын түнде жәм ету деген нәрсе жоқ. Бесін мен асрды, ақшам мен құптанды зәру (мәжбүр) болған жағдайда ғана Ханбәли мазһабын тақлид етіп, жәм етуге болады. Намаз барлық істерден де маңызды. Тұрып оқи алмаған адам отырып оқиды. Отырып оқи алмаған адам жатып оқиды. Су таба алмаса немесе су қолдануы қауіпті болса, тәйәммүм алады. Осылардың барлығы намаздың қаншалықты маңызды екенін, ешқандай сылтаудың өтпейтінін көрсетеді. Пайғамбарымыз: «Намаз – діннің тірегі.» деген. (Табарани, Бәйһақи) Тірексіз, негізсіз ғимарат болмағандай намазсыз да мұсылмандық болмайды.
Үйленумен кешіріле ме?
Сұрақ: Егер намазды үйленгеннен кейін бастасам, оқылмаған намаздарымның күнәсі кешіріле ме?
Жауап: Намаз қажылық секілді өмірінде бір рет жасалатын ғибадат емес. Үйленгеннен кейін, әскерге барып келгеннен кейін оқимын деу қисынсыз. Намаз күнделікті тұтынатын азық секілді. Мысалы, мен бірнеше күн тамақ жемеймін немесе тамақты үйленгеннен кейін ғана жеймін дей аласыз ба?
Намаз оқымайтын адамның халі
Сұрақ: Намаз уақыты шығып бара жатқанда, намазын оқымағаны үшін ренжімеген (уайымдамаған) адамның иманы кете ме?
Жауап: Иә, иманы кетеді. Алайда ренжу деген не?
Намаз оқымайтын, арақ ішетін және көшеде ашық-шашық жүретін адам “Мен де намаз оқысам жақсы болатын еді, арақ ішпесем жақсы болар еді, көшеде ашық-шашық жүрмесем жақсы болар еді” деп ойлап күнәсін ары қарай жалғастыра беретін адамға кәпір делінбейді. Яғни күнә екенін біліп, мойындап, бірақ нәпсіне берілгендік болады. Бұларға қоса ораза да ұстайтын болса, ондай адамдарға да кәпір делінбейді. Біз де кейбір күнәларды жасаймыз. Ғайбат етеміз және суизан етеміз. Хадис шәрифте: «Ғайбат ету – зинадан да жаман.» делінген. Алайда істеген істерімізді күнә деп мойындаймыз, өкінеміз. Намаз оқымайтын адам да осылай ойласа кәпір болмайды.
Ал егер намаз оқымасам да, көшеде ашық-шашық жүрсем де, арақ ішсем де менің жүрегім таза. Ішпейтіндерді, намаз оқитындарды көріп жүрміз, менің олардан қай жерім кем дейтін болса, үлкен қауіпте. Мен оранып жүретін болсам, намаз оқысам олардан да жақсы боламын деп ойласа, істеген ісінің қате екенін білсе кәпір болмайды.
Парызды орындамаудың күнәсі
Сұрақ: Арақ ішу, құмар ойнаудың күнәсы үлкен бе? Әлде намаз оқымаудың күнәсы үлкен бе?
Жауап: Намазын оқымаса немесе ораза ұстамаса яғни бір парызды орындамаса үлкен күнәға батады. Өйткені парыздарды орындамаудың күнәсі харамдарды істеудің күнәсінан да артық. Ал бір харамнан сақтанудың сауабы, парызды орындаудың сауабынан да қанша есе артық.
Ғибадаттарды қазаға қалдыру
Сұрақ: “Адам қартайған кезінде жас кезіндегідей оңай ғибадат ете алмайды. Ұзақ уақыт дәретті болып жүре алмайды. Ауру-сырқаттан намаздарын дұрыс оқи алмайды. Рамазан айының оразасын да ұстай алмайды. Қазасын өтей алмайтындығы айтпай-ақ түсінікті. Сол үшін оразаларды және намаздарды қазаға қалдырмау керек” деп естідім. Егер адам мүлдем қартаймаса және үнемі жас күйінде қалса, оразасын және намазын қазаға қалдыруы жаиз бола ма?
Жауап: Мүлдем жаиз болмайды. Намаз оқу мен қартаюдың бір-бірімен еш қатысы жоқ. Үнемі жас болып қалса да, зейнетке шыққанда бақуатты болып тұрса да, қазаларын оңай өтей алса да, парыздарды қазаға қалдырғаны үшін харам істеген болады. Бір ғибадатты уақытылы орындаумен қазасын өтеудің арасындағы сауаптың айырмашылығы көкпен жердей. Бір хадис шәрифте былай делінеді:
«Рамазанда бір күн ораза ұстамаған адам оның орнына бір жыл бойы ораза тұтса да, Рамазандағы сол күннің сауабына қауыша алмайды.» (Тирмизи)
Намаз да ораза секілді өз уақытында өтелетін ғибадат. Бір уақыт намазды қазаға қалдыру үлкен күнә. Қазасын өтесе де күнәсі кешірілмейді. Қазаға қалдырғаны үшін бөлек тәубе етуі керек.
Зейнеткер болғанда, қазаларын өтей алған адам тек қана азаптан құтылады. Алайда намаздан және оразадан түсетін үлкен сауаптарға қауыша алмайды. Құрбандық шалмай, қазасын өтеген адам яғни кейіннен құрбандықтың құнын өтеген адам да азаптан құтылғанымен құрбандық шалу сауабына қауыша алмайды.
Намазды қазаға қалдыру үлкен күнә болғанындай қазасын кешіктіру де үлкен күнә. Бұл күнә қазасын өтейтіндей уақыт өткен сайын арта береді. Қазасын өтеуді кешіктіргенде тәубе етуі парыз болады. (С. Әбәдийа)
Намаз оқымайтын адам
Сұрақ: «Намаз оқымайтын адамның ислам дінінен нәсібі жоқ» сөзі намаз оқымайтын адамға кәпір дегенмен бірдей. Ал бұл әһли сүннет ақидасына қайшы емес па?
Жауап: Бұл сөз хадис шәриф. Әр түрлі хадис кітаптарында бар. Осы секілді намаз оқымаудың күпірлік екендігін білдіретін хадис шәрифтер де көп. Мысалға:
«Намазды әдейі тәрк еткен адам кәпір болады.» (Табарани)
«Намаз оқымайтын адамның діні жоқ.» (Ибн Наср)
«Намаз оқымайтын адамның мұсылмандығы жоқ.» (Бәззар)
«Бізбен кәпірдің арасындағы айырмашылық – намаз. Намазын тәрк еткен адам кәпір болады.» (Нәсаи)
«Иман – намаз деген сөз. Намазды ықыласпен, уақытына және басқа да шарттарына сай оқыған адамға мүмін деп айтады.» (Ибн Нәжжар)
Саадәти Әбәдийа кітабында «Намаз оқымайтын адамның ислам дінінен нәсібі жоқ» хадис шәрифі және басқа да хадис шәрифтер ашықталынып былай делінген:
«Ғибадаттар иманның бір бөлігі емес» екенін әһли сүннет ғұламалары бірауыздан білдірген. Бірақ тек намазда ғана мұндай ауызбірлік болмады. Фиқһ имамдарынан Имам Ахмед бин Ханбал, Исһақ бин Рахауәйһ, Абдуллаһ бин Мубарак, Ибраһим Нахаи, Хакам бин Утайба, Әийуб Сахтияни, Даууд Таи, Әбу Бәкір бин Шәйбә, Зубәйр бин Харб және басқа да көптеген ұлы ғұламалар «Намазын әдейі тәрк еткен адам кәпір болады.» деген. (Намаздың маңыздылығы бөлімі)
“Әл-фиқһу аләл мазаһибил-әрбаа” кітабында да былай делінеді:
Ханбалилер мен Абдуллаһ бин Мубарак, Исһақ бин Рахауәйһ және Шафиидің кейбір шәкірттері былай дейді:
Намазды үзірсіз (себепсіз), әдейі тәрк еткен адам кәпір болады. Бұл сөз хазреті Әлиден де нақыл етілген. Бұлар дәлел ретінде Тәубе сүресінің 5-ші аятын білдірген: «Егер де мүшриктер тәубе етсе, намаздарын толық орындаса және зекеттерін берсе оларды бос қойыңдар!». Расулуллаһ алейһиссалам бұл аяти кариманы былай ашықтаған:
«Мушриктер “Лә илаһә иллаллаһ” дегенге дейін, намаз оқығанға және зекет бергенге дейін олармен соғысуға әмір етілдім.» (Бұхари)
Қалған үш мазһаб өкілдері: «Намаз оқудың, зекет берудің парыз екеніне сенбесе, бұларды орындамағаны үшін ренжімесе (өкінбесе), күнәға батқанын білмесе кәпір болады.» деген. Яғни Ханафи, Малики және Шафииде намаз оқымаған адам кәпір болмайды. Тек қана мән бермесе кәпір болады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024