Cұрақ: Үйленген алғашқы айларда ара-қатынасымыз, сыйластығымыз жақсы еді. Бір-бірімізді жақсы түсінетін едік. Ал қазір күннен күнге әйелімнің мінезі нашарлап кетті. Күнде ұрыс-керіс бітер емес. Әйелімнің мінезін қалай жөндеуге болады немесе осы себепті ажырассақ қалай болады?
Жауап: Күйеуінен шағымданған әйелдер, әйелінен шағымданған күйеулер дерттеріне дауа іздеп осыған ұқсаған сұрақтар қойып, кеңес сұрап жатады. Дінімізде адамға өмір бойы керекті ілімдер білдірілген. Қалай тұру керек, қалай жүру керек, мұсылман қандай болуы керек, әркімнің орны қандай, міндеттері қандай, әйелдердің міндеттері, күйеудің міндеттері т.б. Сайтымызда бұларды тұрақты түрде жазып келеміз. Алайда айтумен жазумен ешнәрсе өзгермейді. Аз да болса адамдардың өздерінің бұған мойынсұнулары, мән берулері керек...
Көбінесе жанжалдарда кінә екі жақтан да болады. Біреуі үндемей қоя салса, кешірім сұраса жанжал ұлғаймайды. Екі тарап та меніңкі дұрыс деген сайын жанжал бітпейді. Кінә көбінесе еркектерде болады. Әйеліне ие бола алмаған, жағдайын жасай алмаған, басқара алмаған еркек әлсіз деген сөз. Әйелін жаман жолға түсіретін де еркектер. Әйелін жаман жерлерге апарады да, әйелі жамандық істесе, кінәнің бәрін әйеліне жүктей салады. Әйелдер кінәсіз деп жатқан жоқпыз. Бірақ негізгі кінә күйеуінде. Оған жақсы орта қамтамасыз етуі керек. Жақсы орта қамтамасыз етуге шамасы жетпеген адам үйлену жауапкершілігін мойнына алмауы тиіс.
Екі тарап та менікі дұрыс деп тұрады. Ол үйде жанжал біте ме?! Бір кісі былай деп жазыпты: «Үйіміздің құты қашты. Әйелім дұрыс тамақ істей алмайды. Үй ішінде өзіне қарамайды, ал сыртқа шығарда сәнденеді. Көп сөйлейді, тыңдау дегенді білмейді.» Бір әйел былай дейді: «Азаннан кешке дейін тамақ, кір жуу, тігін тігу секілді үй істерімен әуре боламын. Күйеуім келгенінде шаршағанымды басуын, маған көңіл бөлуін қалаймын. Үйге кіргеннен бұртыйып қабағы жазылмайды. Күлімдеу деген нәрсе жоқ. Сәлем де беру, хал-жағдай сұрау жоқ. Бір күн тамақ тұзды болып кетсе ашуланып жемей қояды. Бір мақтау, алғыс білдіруді білмейді. Үнемі кемшілік іздеп жүреді».
Аздаған кеңесіміз бар. Бірақ, кеңес-насихаттан не пайда, бұдан не шығады демеу керек. Кеңеспен насихатты тыңдап, мойынсұнған адамға көп пайдасы тиеді. Ең бастысы тыңдап, мойынсұну керек. Өйткені Құран кәрімде былай делінеді: «Насихат мұсылмандарға әрине пайда береді». (Зарият 55). Хадис шәрифте былай делінді: «Ахлақтарыңды (мінез-құлықтарыңды) көркейтіңдер». (Ибн Лал). Ахлақты, мінезді өзгерту мүмкін болғаны үшін хадис шәрифте осылай айтылған. Онсыз да дін – көркем мінез деген сөз. Олай болса діннің әміріне мойынсұнып, тыйымдарынан аулақ болған адам, мінезін өзгертіп көркем мінезді болады. Көркем мінезді болған адам екі өмірде де рахатқа, бақытқа қауышады. Енді негізгі тақырыпқа өтейік.
Ажырасу шешім емес. Мінсіз, кемшіліксіз құл болмайды. Мінсіз дос іздеген доссыз қалады, мінсіз жар іздеген жар таба алмайды. Нағыз ерлік кемшілікті адаммен жақсы мәміледе бола алуда, онымен бірге тыныш, тату өмір сүре алуда. Үйде ешнәрседен кемшілік іздемеуге тырысу керек. Сын айту (критика), талас-тартыс жанұяның құлдырауына немесе бақытсыз, берекесіз халге түсуіне алып келеді. Тек әйелдер ғана емес, кез-келген адам өзіне сын айтылуын жақтырмайды. Барлық адам мақтағанды ұнатады. Осы жөнінде мұқият болу керек. Жалпы алғанда әйелдер сәнге құмар келеді, киімдеріне қатты мән береді. Бір киім алса оған: «Бұл алған киімің саған өте жарасады екен» десек ешнәрсе жоғалтпаймыз. Бұдан еш нәрсеміз кеміп қалмайды. Өйткені дініміз әйелмен жақсы мәміледе болу үшін өтірік айтуды да жаиз деген. Шынымен де мақтауға тұрарлық әрекеттерін сынға алу болса, барып тұрған ақымақтық.
Күйеуінің мақтауына ие болу, өзіне көңіл бөлуі – кез-келген әйел үшін ең үлкен бақыт. Әсіресе әйелдер қарапайым нәрселерге де қатты мән береді. Мейрамдарда, қасиетті түндерде, үйлену мерейтойларында (юбилей) арзымаған, кішігірім де болса, сыйлық беруді естен шығармау керек. Бір әйел жылдар бойы дәмді тағамдар жасайды. Бұл әрекетіне байланысты күйеуінен титімдей де мақтау, рахмет естімейді. Бір күні беті жабық ыдыстың ішіне сабан салып тамақпен бірге күйеуінің алдына қояды. Күйеуі ыдысты ашып ішіндегі сабанды көріп ашуланып:
– Мынауың не, сабанды жеуге әкелдің бе? Мен саған малмын ба? - деп айқайға басады. Әйелі күйеуіне қарап:
– Жылдар бойы неше түрлі дәмді тағамдар істеп жүрмін. «Күйеуім бір рет те рахмет айтпағанына қарағанда жақсы мен жаманды ажырата алмайтын шығар. Алдына не қойсаң да жей беретін шығар» деп ойлаған едім. Енді болса тек жаманды ғана ажырата алатының, жақсылықты түсінбейтінің мәлім болды, - дейді.
Жамандыққа сын айтуды білетін адам, жақсылыққа да мақтау айтуды, рахмет айтуды білуі керек. Мақтауды білмейтін адам сын айтудан да бас тартуы керек. Әйелінің ұнамды тағамдары мен қызметтеріне рахмет айту керек, сол секілді ұнамаған қызметтері үшін де рахмет айта алу керек. Өйткені әйелдер ұнамаған тағамдары үшін де дәл солай қызмет қылып, дәл солай тырысады. Жұбайлар өзге адамдарға көрсетілетін сыпайылықтың ең болмағанда оннан бірін үйде бір-біріне көрсетулері керек. Дөрекілік сүйіспеншілікті жойып, бақытсыздыққа жол ашады. Мысалы өзге адамға: «Ылғи бір нәрсені қайталап айта бересің» дей алмағанымызбен, өз үйімізде: «Тағы сол нәрсені айтып тұрсың ба» дейтін болсақ, сыпайылықтан қаншалықты алыс екеніміз белгілі болады.
Үйде тыныштық, бақыттылық болуы жұмыс орындағы сыпайылықтан маңызды. Бақыт – миллиардтап табыс табудан да маңызды. Олай болса, мақтауды білетін, сыпайы және күлімдеп жүретін адамның үйінде түсініспеушілік, келіспеушілік болмайды. Пайғамбарымыз алейһиссалам үйіне күлімдеп кіріп сәлем беретін еді. Адам көңіл-күйі болмаса да күлімдеуді ұмытпауы керек. Өйткені әл-әрекеттеріміз сөзге қарағанда көбірек әсер етеді.
«Күлімдеу» деп аталатын жалынға ерімейтін мұз болмайды. Жүректер күлімдеу арқылы жаулап алынады. Бір күлімдеудің тұтқынына айналып басы айналған жас жігіт, ол қыздың өзге ешбір жаман жақтарына мән бермей қайтсе де сол қызбен үйлене алу ауруына шалдығуы мүмкін.
Мұсылман күлімдеген, жарқын жүзді болады, ал мунафиқтың қабағынан қар жауып тұрады. Күлімдеу – тегін дүние. Алғанды қуантады, бергенді де ренжітпейді. Кейде бір күлімдеу өмір бойы естен шықпайды. Бақыттың кілті – күлімдеу. Күлімдей алмайтын адам – бейшара адам. Күлімдей алу дүние мен ахырет бақытына себеп болады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024