Көкірегінің жарылуы

Халима ханым айтады: «Мұхаммед алейһиссалам бір күні: «Күндіз бауырларым көрінбейді. Себебі неде?» деп сұрады. «Қой бағуға кетті, үйге түнде келеді» дедім. Ол: «Мені де солармен бірге жібер. Мен де қой бағамын» деді. Түрлі сылтаулар тауып айттым. Ақырында көңілін қалдырмау үшін: «Жарайды» дедім. Ертеңіне шашын тарап, киіндіріп, сүт бауырларымен бірге жібердім. Бірнеше күн барып-келіп жүрді. Бір күні сүт бауыры Шәйма қырдан келген кезде: «Көзімнің қарашығы балам Мұхаммед қайда?» деп сұрадым. «Далада» деді. «Ыстыққа қалай шыдап жүр» дегенімде «Ей, анашым! Оған ешқандай зиян келмейді. Өйткені, бір бұлт әрдайым оның үстінде жүреді. Оны күннен қорғайды» деді. «Не айтып тұрсың? Шын айтып тұрсың ба?» дегенімде ол ант етті. Тек сонда ғана жаным жай тапты. Бір күні тал түсте сүт бауыры Абдуллах терлеп-тепшіп жүгіріп келіп: «Анашым! Тез жүріңіз! Құрайштық бауырыммен бірге қой бағып жүргенбіз. Кенеттен жасыл киінген үш адам келіп, бауырымды таудың басына алып кетті. Шалқасынан жатқызып, қарнын пышақпен жарды. Олар сол жерде қалды. Бауырымның қандай жағдайда екенін білмеймін» деді. Сол сәтте қаным басыма шапшып, жүгірген күйі сол жерге бардық. Дереу көтеріп, басынан сүйіп: «Не болды? Кім тиісті?» деп сұрадым. Ол: «Үйден шыққанда жасыл киінген екі адамды көрдім. Бірінің қолында күміс құман, екіншісінің қолында жасыл тастан жасалған шылапшын бар болатын. Шылапшын қардан да ақ бір нәрсеге толы болатын. Мені таудың басына алып барып, шалқамнан жатқызды. Көкірегімді кеудеме дейін жарды, бірақ менің еш жерім ауырған жоқ. Қолын салып ішіндегілерді алды. Жаңағы ақ нәрсемен жуып, қайта салды. Бірі екіншісіне: «Тұр, мен де міндетімді орындайын» деп қолын салып жүрегімді алып шықты. Екіге бөліп, ішінен қара нәрсені алып тастады. «Сенің денеңде шайтанның нәсібі осы еді. Оны алып тастадық. Ей, Аллаһу та’аланың сүйікті құлы! Сені күмәннан, шайтанның айласынан таза еттік» деп, жүрегімді өздеріндегі жұмсақ нәрсемен толтырды. Нұрдан жасалған мөрмен мөр басты. Әлі кезге дейін сол мөрдің салқындығы барлық денемде сезіледі. Олардың бірі қолын жараға қойған кезде ол жер жазылды. Сосын мені үмметімнен он адаммен таразыға тартты, мен ауыр бастым. Мың адаммен тартты, тағы да ауыр болдым. Сосын олардың бірі: «Енді тартпай-ақ қой. Уаллахи, оны бүкіл үмметімен тартсаң да ауыр басады» деді. Сосын олар менің қолымды, бетімді сүйіп, мені осы жерге қойып кетіп қалды» деді. Көкірегінде жарылған жердің белгісі бар еді.

 

            Пайғамбарымыздың басынан өткен және Құран кәрімнің «Инширах» сүресінің 1-аятында көрсетілген бұл оқиға Шаққы садр, яғни көкірегінің жарылуы деп аталады.

 

            Мұхаммед алейһиссаламға пайғамбарлығы білдірілгеннен кейін кейбір сахабалар: «Йа, Расулуллаһ! Бізге өзіңіз туралы айтасыз ба?» дегенде «Мен атам Ибрахимнің дұғасымын. Бауырым Исаның сүйіншісімін. Ал, анамның көрген түсімін. Ол маған жүкті кезде Шам сарайларын жарқыратқан бір нұрдың өзінен шыққанын көрген болатын... Мен Са’д бин Бәкір ұлдарының қасында өстім» деді. Халима ханым оны төрт жасқа толғаннан кейін Меккеге апарып, анасына тапсырды. Атасы Абдулмутталиб бибі Халимаға көп сыйлықтар берді. Халима ханым Оны Меккеге қалдырып кеткеннен кейінгі қайғысын: «Жаным мен көңілім Сонымен бірге Меккеде қалып қойғандай болды» деп білдірген.