Расулуллаһтың алейһиссалам дүниеге келуінің алдында және туылған кезінде Оның келетінін сүйіншілейтін бірқатар оқиғалар орын алған. Сол кездің танымал тұлғалары пайғамбарымыз дүниеге келместен бұрын ғажайып түстер көрген. Түстерін көріпкелдер мен сол кездің атақты ғалымдарына жорытқан кезде, олар бұл түстерді Мұхаммед алейһиссаламның келетініне жориды. Пайғамбарымыздың атасы Абдулмутталиб былай деген: «Бір жолы ұйықтап жатып түсімнен шошып ояндым. Дереу бір көріпкелге барып, жорытайын деп ойладым. Оған барғанымда ол бетіме қарап «Ей, Құрайыш басшысы! Саған не болды? Жүзіңнен басқа нәрсе көрініп тұр. Әлде бір нәрсе болып қалды ма?» деді. «Иә, бір түс көрдім, бұл туралы әлі ешкімге тіс жарған жоқпын» деп оған айтып бердім: Бүгін түсімде өте үлкен бір ағаш көрдім. Бір ұшы аспанға жетіп тұр, бұтақтары шығыс пен батысқа таралған. Ол ағаштан сондай бір нұр шашырайды, күн оның қасында жай нәрсе болып қалады. Бірде көрініп, бірде жоқ болады. Адамдар соған бет бұрған еді. Барған сайын нұры арта түсті. Құрайыш тайпасының кейбір адамдары сол ағаштың бұтақтарына жабысуда, кейбіреулері де ағашты кесуге ұрынуда еді. Бір жас адам ол ағашты кескісі келгендерге тосқауыл болды. Ол адамның жүзі әсем, бүкіл денесінен де хош иіс тарап тұр еді. Ондай адамды мен өмірімде көрген емеспін. Мен де әлгі ағаштың бір бұтағынан ұстағым келді, бірақ қолым жетпеді» дедім. Түсімді айтып болғаннан кейін оның өңі бозарып, «Ол саған бұйырмайды» деді, мен «Кімге бұйырады?» дегенімде «Сол ағаштың бұтағынан ұстағандарға» деді. Сосын «Сенің тегіңнен бір пайғамбар келеді, барлық жаққа үстемдік жүргізеді, адамдар Соның дініне кіреді» деді. Сосын қасымдағы балам Әбу Тәліпке қарап, «Бұл Оның көкесі болып қалар» деді. Әбу Тәліп бұл оқиғаны пайғамбарымызға пайғамбарлығы білдірілген кезде айтқан және «Міне сол ағаш - Әбул Қасым Әл-Әмин Мұхаммед алейһиссалам» деген.
Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам дүниеге келген түні бір жұлдыз туды. Мұны көрген яһуди ғалымдары Мұхаммед алейһиссаламның туылғанын түсінді. Сахаба Хассан бин Сабит (радиаллаһу анһ) айтады: «Мен сегіз жаста болатынмын. Бір күні таңертең бір яһуди «Ей, яһудилер!» деп айқайлап жүгіріп жүрді. Жуыттар «Не болды, неге айқайлайсың?» деп оның қасына жиналған кезде ол «Хабарларың болсын, Ахметтің жұлдызы осы түні туды. Ахмет осы түні дүниеге келді» деп жауап берді».
Расулуллаһ туылған түні Қағбадағы пұттардың барлығы қирады. Уруәтуб-нуз Зубейр жеткізеді: «Құрайыштық бір топтың бір пұты бар болатын. Олар оны жылына бір рет тауап етіп, түйелер сойып, шарап ішетін. Тағы да солай бір күні пұттың жанына барған кезде оның жерде құлап жатқанын көреді. Оны тұрғызса, ол қайтадан құлайды. Бұл жағдай үш рет қайталанады. Сосын оның жан-жағына жақсылап тіректер қойып, сүйеп қойған кезде бір дауыс келеді: «Бір адам туылды, жер бетінде барлық нәрсе қимылға келді. Қанша пұт бар болса барлығы құлады. Патшалар қорқыныштан қалтырады». Бұл оқиға дәл Мұхаммед алейһиссаламның туылған түніне сәйкес келеді.
Медаин қаласындағы Иран шахының сарайының он төрт мұнарасы қирады. Сол түні гүрілдеген дауыстан шошып оянған патша мен оның халқы көрген қорқынышты түстерін жорытқанда мұның үлкен бір нәрсенің белгісі екенін түсінді.
Сондай-ақ, сол түні мәжусилердің (отқа табынушылардың) мың жылдан бері жанып тұрған үлкен оттары кенеттен сөніп қалды. Олар оттың сөнген күнін белгілеп қойды. Ол шах сарайының мұнаралары құлаған күнге сай келеді.
Сол кезде қасиетті деп саналатын Сауа көлінің суы да сол түні бір сәтте тартылып кетеді.
Шам жақта мың жылдан бері суы ақпай тұрған және кеуіп қалған Сәмауа өзенінің арнасы сол түні толып аға бастады.
Мұхаммед алейһиссалам туылған түннен бастап шайтан мен жындар енді Құрайыш көріпкелдеріне оқиғаларды хабарлай алмайтын болды. Көріпкелдік амалы тоқтады.
Пайғамбарымыз өмірге келген түнде және одан кейінгі күндерде әлемде сол кезге дейін болмаған оқиғалар орын алды. Бұлардың барлығы соңғы пайғамбардың дүниеге келуінің белгілері еді.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024