Мұхаммед алейһиссалам - Аллаһу та’аланың сүйікті құлы, жаратылған барлық адамдар мен басқа жаратылыстардың барлық тұрғыдан ең үстемі, ең көркемі және ең қадірлісі. Аллаһу та’ала мадақтаған, бүкіл адамзат баласы мен жындарға пайғамбар ретінде таңдап жіберген соңғы және ең үстем пайғамбары болып табылады. Ол әлемдерге рақымдылық ретінде жіберілген, барлық нәрсе соның құрметіне жаратылған. «Қайта-қайта мадақталған», «өте көп мақталған» деген мағынаны беретін Мұхаммед алейһиссаламның Ахмед, Махмуд, Мұстафа сияқты есімдері де бар. Әкесінің аты Абдуллаһ. Өзі хижреттен 53 жыл бұрын рабиул-әууәл айының 12-жұлдызында дүйсенбі күні түнде, таңға жақын Мекке-и Мукаррамада дүниеге келді. Тарихшылар бұл күннің милади жыл санағы бойынша 571 жылдың сәуір айының 20-сына дәл келетінін айтады.
Туылардан бірнеше ай бұрын әкесі Абдуллаһ, алты жасында анасы Әмина қайтыс болды. Сол себептен де Пайғамбарымызға Дүрр-и йетим деген лақап тағылған. Сегіз жасына дейін атасы Абдулмутталибтің, ол қайтыс болған соң көкесі Әбу Тәліптің қасында болды. Жиырма бес жасында Хадиша Кубра анамызға үйленді. Одан туған тұңғыш баласының аты Қасым болатын. Арабтарда адамның атын тұңғыш ұлының атымен қосып атайтын. Сондықтан пайғамбарымыз Әбул Қасым, яғни Қасымның әкесі деп аталды.
Қырық жасында оған бүкіл адамзатқа және жындарға пайғамбар болғандығы Аллаһ тарапынан білдірілді. Үш жылдан кейін барлық адамдарды иманға шақыра бастады. Елу екі жасында Миғраж оқиғасы болды. Милади 622 жылы 53 жасында Меккеден Мәдинаға көшті. 27 рет соғыс өткізді. 11 (м.632) жылы рабиул-әууәл айының 12-сінде дүйсенбі күні сәскеде 63 жасында Мәдина-и Мунаууарада қайтыс болды.
Аллаһу та’ала барлық пайғамбарларды есімдерімен атаса, Оны сүйіктім (хабибім) деп атаған. Хақ та’ала бір аятта «Сені әлемдерге рақымдылық етіп жібердік» (Әнбия сүресі, 107) және бір құдси хадисте «Сен болмағанда, сен болмағанда еш нәрсені жаратпас едім» деген.
Әрбір пайғамбар өз заманында, өз мекенінде, өз қауымынан барлық тұрғыдан жоғары тұрады. Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам болса, дүние жаратылған күннен қияметке дейін барлық кезеңде, барлық жерде, келген-кеткен және келетін барлық болмыстардың ең қадірлісі, ең үстемі болады. Ешкім ешқандай тұрғыдан Одан жоғары бола алмайды. Хақ та’ала Оны солай жаратқан.
Киелі нұрының жаратылуы
Аллаһу та’ала ешнәрсе жаратпастан бұрын Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламның киелі нұрын жаратты. Тәфсир және хадис ғалымдарының көпшілігі «Хақ та’ала өз нұрынан әсемдік пен бір негіз жаратып, одан бүкіл жаратылысты кезегімен пайда еткізді. Бұл нәрсе «Нұр-ул-Мухаммади» - Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)-нің нұры деп аталады. Барлық рух пен дененің бастауы мен шығу көзі осы негіз болып табылады».
Сахабалардан Жабир бин Абдуллаһ бір күні «Йа, Расулаллаһ! Аллаһу та’ала ең әуелі нені жаратты?» деп сұрағанда «Бәрінен бұрын сенің пайғамбарыңның, яғни Менің нұрымды өз нұрынан жаратты. Ол кезде ләуһ, қалам, жұмақ, тозақ, періште, көктер мен жер, күн, ай, адамдар мен жындар жоқ болатын» дейді.
Мұхаммед нұры Адам алейһиссаламның жүрегі мен денесі жаратылғаннан кейін оның екі қасының арасына қонды. Адам алейһиссалам өзіне рух берілгеннен кейін маңдайында Шолпан жұлдызы сияқты жарқырап тұрған бір нұр бар екенін сезді.
Адам алейһиссалам жаратылған кезде Хақ та’ала оған «Әбу Мұхаммед, яғни Мұхаммедтің әкесі» дегенін жүрекпен түсініп, «Йа, Раббым! Маған неге Әбу Мұхаммед дедің?» деп сұрағанда Аллаһу та’ала: «Ей, Адам! Басыңды көтер» деді. Адам алейһиссалам басын көтеріп қараған кезде Арш-и а’лада Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)-нің нұрдан жазылған Ахмед деген есімін көреді. Сонда «Йа, Раббым! Бұл кім?» деп сұрайды. Аллаһу та’ала «Бұл сенің тегіңнен шығатын бір пайғамбар. Оның есімі көктерде Ахмед, ал жерде Мұхаммед. Егер ол болмағанда сені жаратпас едім. Жер мен көкті де жаратпас едім» дейді.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024