Дерт пен жанжалдардың себебі

         Адамдар діннен алыстаған сайын бір-бірімен ара-қатынасы суып, жоқшылыққа ұшырап, жәбірлену және қайғы-қасіреттен құтыла алмауда. Дүниелік ғылымдарда, технологияда таңқаларлықтай ілгерілеу жүзеге асып жатса да, жер бетіндегі бақытсыздықтың, қайғы-мұңның азаймағаны, тіпті көбейіп жатқандығы да айқын көрінуде.

 

         Аллаһу та’ала адамдардың бақытына себеп болатын нәрселерді әмір еткен. Пәлекеттерге себеп болатын нәрселерге тыйым салған. Иманды-имансыз кез-келген адам, біліп немесе білмей осы әмір мен тыйымдарға сәйкес әрекет еткен сайын, дүниеде тыныштық және бақытқа толы бір өмір сүреді. Бұл – өзіне пайдалы дәріні біліп-білмей ішкен адамдардың аурудан жазылып кетуіне ұқсайды. Дінсіз адамдардың және дінсіз елдердің көптеген істерінде жетістікке жетіп жатқандарын көрудеміз. Олар өздері білмесе де Құран кәрімнің талаптарына сай еңбек етіп жатқандары үшін жетістікке жетуде. Бірақ, ахыретте де бақытқа қауыша алу үшін Құран кәрімге иман келтіріп, ниет етіп, сәйкес өмір сүру керек.

 

         Бақытқа, табысқа қол жеткізіп, барлық адамдармен жақсы қарым-қатынаста болғысы келген адам, көздерін ахыретке қаратуы керек. Көзі дүниеде болған адамның бақытты болуы, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуы өте қиын. Өйткені бетін дүниеге бұрған адам өз нәпісін жақсы көргендіктен өзінен басқаны жақсы көре алмайды, өзгемен жақсы қарым-қатынаста бола алмайды. Себебі, өз нәпісіне ғашық, нәпісінің әр айтқанын бұлжытпай орындайтын, нәпісімен шайтанның соңына түскен адам өзінен басқа ешкімді ойламайды. Мұндай адамдар діни кітаптардан және дін ғұламаларынан пайдалана алмайды. Ал пайдаланатын адам, ешкімге жүк болмайды, керісінше өзгелердің ауыртпашылығына сабыр етеді және барлық адамдармен жақсы мәміледе болады.

         Өз нәпісін жек көретін адамның көңіл көзі ашылады. Мұндай адам харамдардан, өр-көкіректіктен, тәкаппарлықтан және барлық жамандық атаулыдан тыйылады. Жамандықтан тыйылған адамның көңіліне (жүрегіне) рахмет нұры тамшылай бастайды. Жүрегіне рахмет нұры кірген адам діни кітаптар мен дін ғұламаларынан несібе ала бастайды. Пайда көріп жатқанының белгісі, ол адамның ешкімге жүк болмай, басқалардың жүгін тарта бастауы және әрбір адаммен жақсы мәміледе болуынан аңғарылады. Мұндай адамды достары және айналасындағылардың жақсы көретіні соншалық, шөлдеп тұрған адам су ішкенде қалай шөлі басылатын болса, бұл адамды да дәл сондай дәрежеде жақсы көреді.

         Барлық адамдардың бойында бастық болу, бас болу, бұйрық беру деген қалаулар болады. Өйткені бұл жағдай адамның жаратылысында бар. Бұл хал жүзін ахыретке бұрғандарда ғана болмайды. Ислами мінез-құлықтың көптеген анықтамалары бар. Бірақ, дін ғұламаларымыздың ең көп берген анықтамасы мынадай: “Ешкімге жүк болмау, керісінше өзгелердің жүгін тарту.”
        

        Рахаттық пен бақыт Ислам дінінің ішінде. Ислам дінінің сыртынан бақыт іздеу, шөл даладан су іздеу секілді. Бір күні барлық адамдар мұның ақиқатын түсінеді, бірақ тым кеш болады.

         Адам Аллаһу та'алаға ғибадат ететін болса, Аллаһу та'ала ол адамның бұл дүниеде істерін жеңілдетеді, қабірде аяушылық көрсетеді, ахыретте, махшер алаңында кешіреді. Сондықтан дүниеде және ахыретте Аллаһу та'аланың бізбен қандай мәміледе болуын қаласақ, біз де Оның құлдарымен, яғни адамдармен сондай мәміледе болуымыз керек.

         Адамның жүрегінде дүниеге деген махаббат артатын болса, оны жақсы көретін адамдардың оған деген сүйіспеншілігі соғұрлым әлсірейді. Жүрегінде дүниеге деген, ақшаға деген, бастық болуға деген құмарлылығы бар адамның жаны өртенеді. Кімде бұл құмарлық аз болса, азырақ күйеді, көп болса, көп күйеді.

         Ұрыс-керістер, талас-тартыстар әрқашан екі тірі адамның арасында орын алған. Тірі мен өлі арасында мұндай ұрыс-керіс ешқашан болмаған, болуы да мүмкін емес. Екі өлінің арасында да ұрыс-керістің болуы мүмкін емес. Хазреті Рәби бин Хайсәм ешкіммен ұрыспайтын, ешкімге ауыр сөз айтпайтын еді. Бір күні өзіне ауыр сөз айтқан адамға: “Айтқандарыңды Аллаһу та'ала естіп тұр. Егер мен жұмақ пен арамдағы өткелдерді өтіп жұмаққа кірсем, сенің айтқан сөздеріңнің маған зияны жоқ. Сират көпірінен өте алмасам, сенің айтқандарыңнан да жаман адам екенімді түсінемін.” дейді.

         Хазреті Абдуллаһ Дәхләуи былай дейді:
“Дін жолында шынымен  ілгерілегісі, жоғарылағысы келетін шынайы садық адам, бұрын жасаған күнәларынан ұялып басын көтере алмайды, әр ісінде Аллаһтан қорқып, дірілдейді. Аллаһу та'аланың сүйіспеншілігіне қауыштыратын амалдарды орындауға жанталасады. Әр ісінде сабыр етеді. Адамдармен келіспей қалғанда, қиналғанда кемшілікті өзінен іздейді. Әр тынысында Аллаһты ойлайды. Ғафлетпен өмір сүрмейді. Ешкіммен таласып, тартыспайды.”

         Шайтан адамның тек қасында емес, ішінде де болады. Адамның ішіндегі шайтаны – оның күш-қуатының тасуы. Қуаты көбейгенде адамда тәкаппарлық және менмендік пайда болады. Жаман қасиеттердің ең төменгісі – тәкаппарлық. Тәкаппарлық барлық жақсылықтарға, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуға кедергі болуымен қатар барлық қиыншылықтардың да басы болып саналады. Хазреті Имам Ғазали: “Жүрек періштелерге тән мекен. Ал ашу, шәхуат, хасәд (көре алмаушылық), тәкаппарлық секілді жаман мінездер ұлыған итке ұқсайды. Ит болған жерге періштелер кірмейді. Хадис шәрифте: «Ит пен сурет болған үйге періштелер кірмейді.» делінеді. Бұл хадис шәрифтегі үйдің жүрек, иттің жаман мінез екенін айтып жатқаным жоқ. Ашық мағыналарына сенумен қатар, жоғарыдағы мағыналарын да қосып жатырмын.” деген.