Отбасы ғимаратының негізі

           Өмірлік жар таңдау кезінде ең әуелі діндарлығына қарау керек. Яғни салих еркек немесе салиха қызды таңдау – бұл өмір бақытына да, ахырет бақытына да қауышу үшін үлкен ниғмет болып табылады. Бұл отбасы атты ғимарат осындай ниетпен, осындай ықыласпен, осындай негізбен қаланбаса, ол ғимарат шіріп, қирауға бейім болады.

 

            Жарын сұлулығына бола алған адам, оның сұлулығынан мақрұм қалады. Байлығы үшін алған адамның ол байлық басына бәле болады. Мінез-құлқымен діндарлығына қарап алған адам бұл өмірін де, ахыретін де көркейтіп, бақытқа қауышады. Көше қуған қызбен үйленген адамның бұл өмірі де, ахыреті де қирауы ғажап емес. Сондықтан үйленетін қыздың діні мен тегіне қарау керек. Тегі дегеніміз қыздың ата-анасының діндар болуы. Ата-анасы діндар болған қыз текті деген сөз. Жігіттің де осындай сипаттарына қарау керек. Әһли сүннет ақидасында болуы, намаздарын үзбей оқуы, көркем мінезді және ықыласты болуы керек. Байлығына, атақ-даңқына және мансабына қызығып, яғни дүниелік үшін үйленген адам құриды. Осыған өте мұқият болу керек.

 

            Адамдар имандары әлсіреген сайын дүниелік нәрселерді іздейді. Алайда сол іздеген дүниеліктері, қалағандары, сенгендерінің бәрі тек Аллаһтың мүлкінде. Барлық нәрсенің иесі де, барлық нәрсені жаратқан да, барлық нәрсені беретін де тек Аллаһу та’ала. Дүние қызығының соңынан ергендер осыны түсіне алса, ұялғандарынан жерге кірер еді.

 

            Аллаһу та’алаға деген сенім толық болғанда дүниеліктің артынан қуу тоқтайды. Тек дүниеліктің өзі бақыт әкелмейді. Иманы әлсіз адамдар барлық нәрсені дүниелікпен өлшейді. Үйленер кезде қыз немесе жігіттің дипломдысын, көп айлық алатынын, мал-мүлкі бар болғандарды іздейді. Бірақ бұлар бүгін бар, ертең жоқ болатын нәрселер. Сондықтан бұлар бізді мәңгілікке апара алмайды. Иман ақшамен өлшенбейді, тіпті денсаулықтың өзі ақшамен өлшенбейді. Үйленіп барлық нәрсесін түгелдеп, содан кейін көр болып немесе сал болып қалған адам дәулетімен бір ғана денсаулығының өзін қалпына келтіре ала ма? Сол себепті екі дүние бақытын тек мал-мүліктің көп болуында деп білмеу керек. Мақсаты дүние болған адам осындай жағдайға түссе, түңіліп аспаны төңкеріледі.

 

            Кімде-кім жарын дүниесіне қарап таңдаса, таңдаған дүниесі ол адамның берекесін қашырады. Ал ахыретіне қарап таңдаған адам өмір бойы бақытты болады. Өйткені иманы күшті болған адам сабырлы және батыл болады, айналасындағы оқиғалардан көп әсерлене бермейді. Дүниелік нәрселердің бар не жоқ болуы, дүние-мүлкінің көбейуі немесе азайуы оған кері ықпал етпейді. Ондайлар барлық істерінде Аллаһу та’аланың жәрдеміне сүйенеді. Қол жеткізе алмаған нәрселері жайлы “Аллаһтың қалауы осы” деп артықша депрессияға түсіп отырмайды. Осындай иманнан махрұм болғандардың әр сәтсіздікте, әр қайғының астында езілулері, қиыншылықтарды көтере алмай ажырасып, кісі өлтіріп немесе өз өміріне қол жұмсап жатқандары күнде ақпарат құралдарында айтылып жатады.

 

            Дүниелік нәрселердің барлығы өткінші. Оған қоса, кімнің басына не келетіні де белгісіз. Сол үшін көңілімізді Раббымызға бұрайық, Оның разылығын іздейік. Таңдауларымыздың өлшемі дін, иман, мінез-құлық және ахырет болсын. Өйткені өлшемнің басқа түрлерінің барлығы алдамшы және өткінші болып табылады. Олардың ешқайсысы мәңгі қалмайды, тек аманатқа берілген нәрселер. Бүгін бар, ертең жоқ. Ал иман мен көркем мінез болса, шынайы нәрселер, ешқашан бітпейді. Осы құндылықтарға ие болған күйеу жігіт пен келін және әке мен шешенің аяқтарының астында құм болсаң арзиды.