Дүние зауқ үшін, ләззат үшін жаратылмады. Зауқтану, ләззат алу үшін жаратылған мекен – ахырет. Дүниемен ахырет бір-бірінің терісі. Бірін қуанту екіншісінің ренжуіне себеп болады. Яғни бірінде зауқ іздеу, екішісінде қиыншылық тартуға себеп болады. Дүниеде ниғметтері, ләззаттары көп болғандар бұлардың шүкірін орындамаса ахыретте қатты азап шегеді. Дүниеде қауіптерден сақтанып, көп еңбек еткенімен көп қиыншылық тартқан мұсылмандар ахыретте көптеген ләззаттарға қауышады. Сондықтан пайғамбарлар және олардың жолымен жүргендер үнемі дерт және бәлелер ішінде өмір сүрген. Тіпті “бәлелер, қиыншылықтар ең көп пайғамбарларға, кейін әулиелерге, кейін бұларға ұқсағандарға келеді” делінген.
Иман ниғметімен мәртебеленгендер дүниеде бірнеше күн дерт, бәле тартпағанда жаннат ләззаттарының қадірін түсіне алмас еді және мәңгілік ниғметтердің қадірін білмес еді. Аштық шекпеген адам тамақтың ләззатын түсіне алмайды. Қиналмаған адам да рахаттықтың қадірін біле алмайды.
Дерт, бәлелер, қиыншылықтар жаһил адамдар үшін қиыншылық болып көрінсе де пайғамбарларға және олардың жолында болғандарға қиыншылық емес. Өйткені сүйген адам, сүйіктісінен келетін барлық нәрсені жақсы көреді. Дін ұлыларына сүйіктілерінен келетін барлық нәрсе тәтті болып сезіледі. Олар ниғметтерден ләззат алғандары сияқты, бәлелерден де ләззат алады. Дүниеде дерт, бәле болмағанда олардың көзінде дүниенің ешқандай қадірі болмас еді. Дүниенің ащы құбылыстары болмағанда оны бос, бекершілік деп білер еді.
Хазреті Абдуллаһ Дәхләуидің бірнеше сырқаты бар еді. Осы сырқаттарының салдарынан намаздарын үзірмен оқитын еді. Мұны көріп жүрген шәкірттерінің бірі шыдай алмай «Ұстаз! Адамдар ауруларынан құтылу үшін сізден дұға сұрап келіп жатады. Хақ та’ала да дұғаларыңызды қайтармайды. Келген әрбір адам алдыңыздан шипаға қауышып кетіп жатыр. Алайда сіздің сырқатыңызды көріп жүрміз. Дұға етіп осы кеселдерден құтылсаңыз болмай ма?» деп сұрайды. Хазреті Абдуллаһ Дәхләуи: «Олар аурудан құтылу үшін дұға сұрауда. Ал біз Аллаһу та’аланың берген бұл дерт, бәлелерінен Ол жібергені үшін разымыз. Дерт және бәлелер “кеменди махбуб” болғандықтан Аллаһу та’ала бұл дерттерді сүйікті құлдарынан қалағандарына береді. Сол себепті дерттердің бізден кетуін емес, бізге жіберілуін қалаймыз» деп жауап береді. (Кеменди махбуб: Аллаһу та’аланың сүйікті құлдарын өзіне тарту үшін, дәрежелерін көтеру үшін жіберген себептері, дерт және бәлелері.)
Хазреті Хаммад бин Мүслим былай деген: «Аллаһу та’аладан басқа барлық нәрсеге деген сүйіспеншілігі жойылуын қалайтын адам, Одан келетін барлық нәрсеге, дерт және бәлелерге разы болуы керек.»
Хазреті Сәйфәддини Фаруқи де: «Егер Аллаһу та’ала құлдарына ешқандай дерт, қиыншылық бермегенде немесе өте аз бергенде адамдар оған ғибадат етуден және Оны зікір етуден ғапыл болар еді. Адамның дүние және ахырет бақытына, Аллаһу та’аланың мейіріміне қауыша алуы үшін ғибадат және жақсылық жасаудан және зікірден кері қалмаулары шарт. Барлық адамдар Аллаһу та’аланың мейіріміне мұқтаж. Жақсылап ойланылатын болса, дерт және қиыншылықтар негізінде ниғмет екендігі, Аллаһу та’алаға тартатын себеп екендіктері аңғарылады.» деп бұйырған.
Бұл дүние – сынақ. Мұнда дұрыспен бұрыс, хақпен нахақ аралас. Аллаһу та’ала дүниеде достарына қиыншылықтар, бәлелер бермегенде, белені тек қана дұшпандарына бергенде доспен дұшпан ажыралып, белгілі болар еді. Сынақтың пайдасы болмас еді. Тіпті бір хадис шәрифте: «Күмәнды алтындарды отпен тексеретіні сияқты, Аллаһу та’ала адамдарды дертпен, бәлелермен сынаққа алады. Кейбіреулер бәле отынан таза болып шығады. Кейбіреулері болса бұзық болып шығады.» делінген.
Мұса алейһиссалам қатты қиналып жүрген ауру адамды көргенде «Йа Раббым! Бұл құлыңа мейірім ете гөр!» деп дұға етеді. Аллаһу та’ала: «Мейіріміме қауышуы үшін жіберген себептерімнің ішінде болған құлыма қалай мейірім етейін. Өйткені оның күнәларын осы аурумен кешіремін. Жаннаттағы дәрежесін осылай көбейтемін.» деп бұйырған.
Аллаһу та’ала мейірім еткен құлдарына дерт, қиыншылық жіберу арқылы ғафлеттен ояндырады. Өйткені адамның денсаулығы үнемі жақсы болуы Аллаһу та’аланы ұмытуға, оған қарсы шығуға, харам істеуге себеп болуда. Сондықтан хадис шәрифте: «Мұсылмандарда мына үш нәрсенің бірі болады: Қиллет яғни кедейшілік, иллет яғни ауру, зиллет яғни абыройсыздық» деп білдірген.
Мұса алейһиссаламның заманында өмір сүрген Перғауын адамдардың өзіне табынуын қалауына 400 жыл өмір сүруі және осы мерзім ішінде бірде-бір рет басының ауырмауы, ыстығының (температурасы) көтерілмеуі себепші болған. Бір рет басы ауырғанда мұндай әдепсіздік ойына да келмес еді. Сондықтан дін ұлылары: «Мұсылманға қырық күн ішінде міндетті түрде бір реніш, ауру, қорқыныш немесе мал-мүлкіне зиян келеді.» деген.
Барлық нәрсе Аллаһу та’аланың тағдырымен болуда. Достарына әрі дүниеде де, әрі ахыретте де рахаттық беруі мүмкін еді. Бірақ әдеті олай емес. Дүниені сынақ мекені етіп жаратқан және барлық адамдар осы сынақтан өтеді.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024