Разылық – Аллаһу та’ала тарапынан келген барлық нәрсеге разы болу және бәлелерге сабыр ету деген сөз. Нағыз құл Аллаһу та’ала тарапынан пәлекет келсе, бұған разы болады және ешкімге шағымданбайды. Бұл әр адамның қолынан келетін тірлік емес. Бірақ мұны істей алған адам – кәміл адам. Мұндай адамдарда пайғамбарларға тән сабыр және төзім бар деген сөз. Аллаһу та’аланың ұлылығына сенген адам мұндай төзім мен разылықты көрсете алады.
Әйел әулиелерден болған хазреті Рабиа Адуйа ауырып қалған еді. Көңілін сұрап келгендер: “Ей Рабиа! Бұл сырқат ауырып, сыздап сені қатты қинап жатыр. Дұға ет, Аллаһу та’ала ауруыңды жеңілдетсін”. дегендерінде, хазреті Рабиа: “Бұл аурудың қиындығын көруімді Раббым қалаған” деді. Олар ”Жарайды, сонда сенің ешқандай тілегің, қалауың жоқ па?” деп сұрағанда: “Аллаһу та’ала мен туралы не қалаған болса және маған не жазған болса, соған разы болуды қалаймын.” деп жауап береді.
Құлдың қожайынының ісіне, бұйрығына разы болудан басқа шарасы жоқ. Өйткені адам бұл дүниеде қалу үшін емес, еңбектену, тіршілік қылу үшін жаратылған. Хазреті Имам Раббани былай дейді:
Күнделікті өмірде адамның басына келетін нәрселердің барлығы Аллаһу та’аланың қалауымен және жаратуымен болуда. Сол үшін өз қалауымызды Оның қалауымен сәйкестендіруіміз керек. Басқа келген нәрсенің бәрін өзіміздің іздеген, қалаған нәрсеміз деп көруіміз керек және оған қуануымыз керек. Нағыз құлдық осылай болады. Өзімізді құлмыз деп есептесек, осылай болуымыз керек. Мұндай болмау құлдықты қабыл етпеу және қожайынға қарсы шығу деген сөз. Аллаһу та’ала хадис құдсиде: «Тағдырыммен қазама разы болмаған, ұнатпаған, жіберген бәлелеріме сабыр етпеген адам менен басқа Құдай іздесін! Жер бетінде құлым ретінде жүрмесін.» деп бұйырған.
Хазреті Ахмед Рифаиге жақсы құл қандай болуы керек деп сұрағанда: «Жақсы, салих болған құл Аллаһу та’аланың үкіміне мойынсұнады, басына түскен қайғы-қасіретке және пәлекеттерге сабыр етеді, азды қанағат етеді. Аллаһу та’аладан ғана қорқады және ешкімнен ешнәрсе күтпейді. Тек Аллаһу та’аладан ғана тілейді. Адамдарды жоғары мәртебелерге көтеретін де, түсіріп төмендететін де, құрметті ететін де, қор қылатын да Аллаһу та’ала екенін біледі. Салих адам пайғамбарымыздың “алейһиссалам” сүннетіне толықтай мойынсұнады. Мұндай адамдар соңғы демнен қорқады. Олар аз сөйлейді, ашуларын ішінде ұстайды және шәһуәттарын жеңеді. Нәпістерінің қалауларын істемейді.» деп жауап берген екен.
Аллаһу та’аланың тағдыры мен қазасына разы болу нәпіс үшін ең ауыр нәрсе. Өйткені тағдырға разы болу және Аллаһу та’аланың үкіміне мойынсұну нәпістің қалауларына қайшы нәрселер. Нәпіс бұларды қаламайды. Бақытқа нәпістің разылығын тастап, Аллаһу та’аланың разылығына ұмтылумен ғана қауышуға болады.
Хазреті Әбу Сүлейман Дарани былай дейді:
«Аллаһу та’аладан разы болу және Оның құлдарына мейірімді, жанашыр болу – Пайғамбарлардың ахлақынан. Басқа түскеннің барлығына разы болу дәрежесіне қауышқандар – ирфан иелері, ғалымдар. Бұрынғы пайғамбарлардың біріне Аллаһу та’ала уаһимен мына нәрсені білдірді: «Жәбрейіл “алейһиссалам” жер бетіне түскен кезінде ғибадат жасап жатқан бір адамды көреді. Оның бұл тірлігін ұнатқан Жәбрейіл “алейһиссалам”: “Ей Раббым! Бұл қандай жақсы құл.” деді. Аллаһу та’ала: “Ей Жәбрейіл Ләуһул махфузға (тағдырлар кітабына) қара!” деп бұйырды. Жәбрейіл “алейһиссалам” Ләуһул махфуздан ол адамның тозақтықтар арасында жазылғанын көрді. Аллаһу та’аладан: “Ей Раббым! Мұның хикметі неде?” деп сұрады. Аллаһу та’ала: “Істеген нәрселерімнен ешкімге жауапты емеспін. Құлдарым жайындағы ілімімді түсінуге ешкімнің ақылы жетпейді (ешкім түсіне алмайды).” деп жауап берді. Жәбрейіл “алейһиссалам”: “Ей Раббым! Рұқсат берсең ол адамға барып жағдайын білдірейін.” деді. Рұқсат берілгеннен кейін ғибадат жасап жатқан адамға барып: “Сенің жасаған ғибадаттарыңды Аллаһу та’ала қабыл етпеді, Ләуһул махфуздан сенің тозақтықтар арасында екеніңді көрдім.” деген кезінде әлгі адам есінен танып қалды. Жәбрейіл “алейһиссалам” оның есін жинауын күтті. Есін жиғаннан кейін әлгі адам: “Ей менің Аллаһым! Саған шүкір етемін. Шүкір еткен құлдарың саған қалай шүкір етсе, мен де дәл солай шүкір етемін.” деді. Сосын Жәбрейіл “алейһиссаламға” қарап: “Ол біздің Раббымыз. Бүкіл іліми құдіретінің кәмілімен, мейрімділігімен және шапағатымен менің жағдайымның осылай болуын дұрыс деп шешкен екен. Бұған да шүкір етемін. Ол мені менен де жақсы біледі.” деп қайтадан сәжде ете бастады. Сәжедеде тұрып Аллаһу та’аланы тәсбих ете бастады. Жәбрейіл “алейһиссалам” болған жағдайды Аллаһу та’алаға айтып әлгі адамның халіне алаңдайтынын білдірді. Сонда Жәбрейіл “алейһиссаламға” Аллаһу та’ала тағы бір рет барып Ләуһул махфузға қарауын бұйырды. Бұл жолы Ләуһул махфузда әлгі адамның жұмақтық екені жазылып тұр еді. Жәбрейіл “алейһиссалам” Аллаһу та’аладан мұның сырын сұрағанда: “Менің істерімді құлдарымның ақылы түсіне алмайды” деп жауап берді. Жәбрейіл “алейһиссалам” бұл жағдайды әлгі адамға қайтадан білдіргісі келді, оған рұқсат берілді. Ғибадат жасап жатқан адамның жанына келіп: “Саған сүйінші! Сен жұмақтық болдың.” деді. Әлгі адам бұл айтылғандарға таңданбады, жүзінен де еш өзгеріс байқалмады. Отырған жерінде Аллаһу та’алаға шүкір және тәсбих етуін жалғастыра берді.
Хазреті Әбу Әмр Осман бин Мәрзуқ шәкірттеріне мына нәрсені жиі айтатын еді: “Аллаһу та’аладан келген барлық нәрсеге разы болу керек. Кімде кім Аллаһу та’аладан разы болса, Аллаһу та’ала да ол адамнан разы болады.”
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024