Шәууaл айында ораза

Сұрақ: Рамазан айынан кейін Шәууал айында ораза тұтудың қандай құндылығы бар?

Жауап: Ораза тұту әркез үлкен сауап. Хадис шәрифте «Ораза жаһаннам отынан қорғайтын қалқан» делінген. (Бұхари)

Шәууәл айында ораза тұтудың да сауабы көп. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Рамазаннан кейін Шәууал айында да 6 күн ораза тұтқан адам анасынан туған күндегідей күнәсыз болады.»(Табарани)

«Рамазан оразасы мен Шәууал айында да 6 күн ораза тұтқан адам бір жыл ораза тұтқан болып саналады.» (Ибн Мажә)

«Рамазан айының оразасы он айға, Рамазаннан кейін тұтылған 6 күн ораза да екі айға тең болады, осылайша бір жыл ораза тұту сауабына қауышылады.» (Ибн Хузейма)

Бұл алты күн оразаны уақыт өткізбестен айттан кейін дереу тұтудың жақсы болатыны білдірілген. Арасын үзуге, басқа басқа күндері тұтуға да болады. Бұл оразаларды қазаға ниет етіп тұту керек. Нәпіл немесе қаза оразаларды дүйсенбі және бейсенбі күндері тұту жақсырақ болады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Амалдар дүйсенбі және бейсенбі күндері Аллаһу та’алаға ұсынылады. Мен ораза кезімде амалымның ұсынылуын қалаймын.» (Тирмизи)

«Дүйсенбі және бейсенбі – күнәлардың кешірілетін күндері болғандықтан ораза тұтамын.» (Мүслим)

 

Сұрақ: Шәууал айында ұсталатын 6 күндік оразаны, сол айдың қай күні тұтса да бола береді ме?

Жауап: Иә, 30 күннің ішінде 6 күн ораза ұстаса болғаны.

 

Бүкіл бір жыл бойы ораза тұтқан болу

Сұрақ: Ең азы бірге он сауап берілетіндіктен, бір ай Рамазанда ораза тұтқан адам 300 күн, ал Шәууал айында алты күн ораза тұтқан адам 60 күн ораза тұтқан сияқты болатыны, яғни бір жыл бойы ораза тұтқан болып саналатыны айтылады. Мұнда Шәууал айының оразасына да бірге он сауаптан берілетіні айтылуда. Парыз болған Рамазан оразасы мен нәпіл болған Шәууал айының оразасы қалайша бірдей дәрежеге қойылған?

Жауап: Әр айда 3 күн ораза тұтқан адамның да бүкіл бір жылды оразамен өткізген болып саналатыны білдірілген. Мұнда парыз болған Рамазан оразасы мен нәпіл ораза салыстырылмаған. Бір жыл бойы ораза тұтқан болатыны емес, ораза тұтқан сияқты болып саналатыны білдірілген. Әйтпесе өмір бойы нәпіл ораза тұтса да, қасиетті Рамазан айында тұтылған бір күннің сауабына да қауыша алмайды. Тіпті Рамазандағы парыз оразаның қазасын тұтқаннан кейін де күнде оразамен өткізетін болса да Рамазан айында тұтылатын бір күн оразаның сауабына қауыша алмайды. Қазасын тұтқанда тек қарызынан құтылған болады. Рамазанда тұтқан сияқты сауап ала алмайды. Хадис шәрифте «Рамазанда бір күн ораза тұтпаған адам оның орнына бүкіл бір жыл ораза тұтса да, сол бір күннің сауабына қауыша алмайды» делінген. (Тирмизи)

 

Сұрақ: Шәууал айында ұсталатын нәпіл оразаның орнына өткен Рамазан айында тұта алмаған оразалардың қазасына ниет етіп тұтуға болады ма? Егер болатын болса, қалай ниет етіледі?

Жауап: Әрине болады. Тіпті Рамазан оразаларын толық ұстай алмаған әйелдердің дәл солай жасауы керек. Әрбір ораза тұтатын күннің Имсак уақытынан бұрын "Ниет еттім Аллаһ разылығы үшін Шәууал айының нәпіл оразасы мен соңғы қазаға қалған Рамазан оразамның қазасын тұтуға" - деп ниет етіліп, неше күндік қарызы бар болса, сонша күн Шәууал айының ішінде тұтады. Қаласа арасын үзбей, қаласа ыңғайына қарай күнара, әйтеуір осы бір айдың ішінде ұстаса болады.