Барлық ізгілік пен әр ниғмет Аллаһу та'алаға ықыласпен бағынып, ғибадат етуден, ал барлық жамандық пен қиыншылық күнә істеуден пайда болады. Әр адамға дерт пен бәле-жала күнә жолымен, ал рахаттық пен шаттық бағыну жолымен келеді. Аллаһу та'аланың әдеті осындай. Аллаһу та'ала ешкімге себепсіз бәле-жала жібермейді. Аяти каримада айтылған:
«Бір қауым өзін-өзі бұзбайынша Аллаһ олардың жағдайларын өзгертпейді». (Ра'д, 11).
Салих әл-Мәрри хазрет айтқан: «Адамдардың басына келген бәле-жала мен қиыншылықтар істеген күнәлары кесірінен келеді».
Омар бин Абдулазиз айтқан: «Хажжаж адамдардың күнәлары, қателіктері кесірінен Аллаһу та'ала тарапынан жіберілген пәлекет еді».
Имам Ағзам хазрет айтқан: «Залым патша саған тиісіп, сен соның кесірінен дініңде кемшілік жіберетін болсаң, әрі өзің үшін, әрі ол үшін тәубе мен истиғфар етіп, сол кемшілікті жамауға тырыс».
Мұхаммед бин Юсуф бір күні таныстарының бірінен хат алған еді. Хат жазған адам еліндегі әкімнің зұлымдығына шағымданған болатын. Ол хатты оқыған соң былай жауап жазып жіберді:
«Бауырым, хатыңыз бізге жетті. Өзіңіз де білесіз, қарсы шыққан адам өзіне қиындықтар келетінін жоққа шығара алмайды. Меніңше, сіз ұшыраған жағдай өзіңіздің күнәларыңыздан, кемшіліктеріңізден туындауда».
Харун Рашид жазықсыз бір адамды қамауға алады. Қамалған адам оған мынадай хат жолдайды:
«Ей, Харун, жақсы біліп ал, қамауда өткізген әр күніме, көрген әр қиыншылығыма сенің өміріңнен бір күн азаюда және ниғметтерің кемуде. Ұмытпа, есептесу күні жақын! Ол күні арамызда төреші Аллаһ болады!»
Харун Рашид хатты оқыған соң оны қамаудан шығарып, оған сый-сияпат көрсетті.
Малик бин Динар хазрет айтқан: «Тауратта жазылуы бойынша, Аллаһ айтады: Кім маған бағынса, оларды оған рахмет құралы қыламын. Ал кім маған қарсы шықса, оларды оның басына бәле қыламын. Сендер патшаларыңды балағаттаумен әуре болмаңдар. Маған тәубе мен истиғфар айтыңдар, оларды сендерге мейірімді қылайын».
Ұлы ислам ғалымы Хусейн Хилми бин Саид (қуддиса сиррух) айтады: «Бұрындары «Йа, Раббым, елімізді қахт-у ғаладан, таун-у уәбадан, шаматат-и а'дадан қорғай көр!» деп дұға ететін. Қахт – жоқшылық, ғала – қымбатшылық деген сөз. Таун, уәба (оба) – жұқпалы аурулар, эпидемия. Шаматат – қуану деген сөз. Шаматат-у а'да – дұшпандардың қуануы дегенді білдіреді. Қазір мұндай дұғалар ұмытылды. Тек қана шағымдану қалды».
Қорыта келе, басымызға келген бәле-жала мен қиыншылықтың кетуі үшін истиғфар ету қажет. Өйткені Аллаһу та'ала «Тәубе етсеңдер көмектеріңе келемін» дейді.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024