Бүкіл жамандықтардың басы – жүректің Раббысын ұмытуы. Ахирет күні харамның азабы болғанындай, халалдың да есебі болады. Имам Ғазали (рахметуллаһи алейһ) «Ихия-ул Улум» кітабында осы тақырыпта мына хикаяны баяндайды:
Бір адам Иса алейһиссаламмен дос болғысы келеді. Ұлы пайғамбар оның көңілін қалдырмай, өзімен бірге ертіп, екеуі бірге жолға шығады. Біраз жол жүрген соң судың қасына тоқтайды. Оларда үш нан бар еді. Екі нанды жейді. Иса алейһиссалам су ішіп келуге барып, қайтып келгенінде үшінші нанның жоқ екенін байқап сұрайды:
- Нан қайда?
- Білмеймін, - деген жауап алады.
Хазреті Иса пайғамбар досымен жолды жалғастырады. Біраз жол жүрген соң әбден қарындары ашады. Сол кезде екі киікті көріп қалады. Иса алейһиссалам киіктің бірін шақырған кезде, ол жүгіріп келеді. Оны сойып, етін пісіріп, екеуі жейді. Кейін Иса алейһиссалам киікке «Аллаһтың рұқсатымен тұр» дейді. Киік тіріліп, жүгіріп кетеді. Иса алейһиссалам досына қарап тағы сұрайды:
- Саған осы мұғжизаны көрсеткен Аллаһтың атымен ант етемін! Нанды кім алғанын айт!
- Білмеймін, - дейді.
Жолды жалғастырады. Алдарынан өзен шығады. Арғы бетке өту қажет. Бірақ көпір де, қайық та жоқ еді. Иса алейһиссалам адамның қолынан ұстайды да, ағып тұрған өзен суының үстімен жүріп өтеді. Қайтадан сұрайды:
- Маған осы мұғжизаны берген Аллаһу та'ала үшін айт, нан қайда?
- Білмеймін, білсем айтамын.
Ақыр соңында бір сайға түседі. Иса алейһиссалам біраз топырақты бір жерге үйіп, дұға етеді. Топырақ алтынға айналады. Оны үшке бөледі. «Бірі маған, бірі саған, ал үшіншісін жоғалған нанды жеген адам алсын!» дейді. Адам бірден мойындайды:
- Ол нанды мен жеген едім!
Иса алейһиссалам:
- Ала бер, үшеуі де сенікі, - деп кетіп қалады. Адам алтынды қалай таситынын ойлап тұрғанда екі қарақшы келеді де:
- Бізді де алтынға ортақ қыл, әйтпесе өлтіреміз, - дейді.
- Онсыз да үшке бөлініп тұр, келіңдер, бөлісіп алайық.
Алтынды салатын қапшық пен тамақ алып келуге қарақшылардың бірін ауылға жібереді. Оның да ашкөздігі қозып, «Аналарды улап өлтірейін, алтынның бәрі өзіме қалсын» деп ойлайды.
Күтіп қалғандардың да ойы бұзылып, «Оны өлтірейік, үшеуіміз емес, екеуіміз бөлісеміз» деседі.
Сөйтіп ауылдан қапшық пен тамақ әкелген достарын аяусыз өлтіреді. Кейін әкелген тамағын жейді. Тамақтағы у екеуін де өлтіріп, бірінен соң бірі жерге құлайды.
Иса алейһиссалам қайтарында сол жерге келіп, алтын тұрған жерінде сол күйінде тұрғанын, қасында үш мәйіт жатқанын көреді. Ғибратпен қарап тұрып, «Дүние деген осы!» дейді.
Иә, дүние деген осы!
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024