Сұрақ: Мен намазды енді бастап үйреніп жүрмін. Әзірше тек таң намазын оқудамын. Кей адамдар «Ғибадатты не толық орында, не мүлде жасама, олай дінмен ойнауға болмайды!» дейді. Алайда адамның қолынан келгенше орындауы мүлдем орындамаудан жақсы емес пе? Күнә істерден толық бастарта алмаған адам ең болмағанда азайтса, ол да жақсы емес пе?
Жауап: Мүлдем ғибадат етпегеннен гөрі аз ғибадат етудің өзі олжа. Мұсылмандық әсте әсте делінеді. Енді дінге бет бұрып келе жатқан адамды «толық істемесең мүлдем істеме» деп райынан қайтару дұрыс емес. Аллаһу та’ала бір хадис құдсиде былай деген: «Кімде-кім Мен жаққа қарай бір қадам тастаса, Мен оған он қадам жақындаймын». Ғалымдарымыздың да «Бір нәрсені толық орындай алмасаң, ең болмағанда барынан да айрылып қалма!» деген сөздеріне сүйенетін болсақ, ең болмағанда қолдан келгенше, аздап болса да әмірлерді орындауға тырысып, тыйымдардан сақтануға тырысу әрине дұрыс. Кейін уақыт өте келе осылардың құрметіне толықтай орындауы нәсіп болатыны үміт етіледі.
Бірнеше күнәға булыққан адам біреуінен бастартқысы келсе, оған «Басқаларын да тастамайтын болсаң, онда ол күнәңді де істей бер, бастартпа» деуге болмайды. Күнәлар қаншалықты азаятын болса, соншалықты жақсы болады. Аллаһтан қорқып, күнәдан тыйылу иманның белгісі. Хадис шәрифте: «Өмірінде бір рет Аллаһу та'аланы еске алған немесе Одан қорыққан мұсылман тозақтан шығады» делінген. (Тирмизи).
Күнә істеуден бастарта алмай жүрген адам ораза тұтып немесе зекетін беріп жүрген болса, оған «Ең болмағанда осы амалдарыңды қалдырма!» деу керек! Бұл ғибадаттарын да орындамайтын болса, діннен толықтай алыстауы мүмкін. Қорқыта бергеннен гөрі сүйіншілеуші болу керек. Хадис шәрифтерде айтылған:
«Аллаһу та'аланың мейірімінен үмітті үзіп, дінді жаман жағынан көрсететіндерге лағнет болсын!». (Шира).
«Оңайлатыңдар, қиындатпаңдар, сүйінші айтыңдар, жирендірмеңдер, қорқытпаңдар!». (Мүслим).
Бір жігіт пайғамбарымызға: «Йа, Расулаллаһ, мына үш күнәмді тастай алмай жүрмін» деп келді. Ол үш күнә өтірік айту, зина және ішкілік еді. Пайғамбарымыз «Бұл үш күнәдан өтірік айтуды мен үшін таста» деді. Жігіт келісті. Кейіннен басқа екі күнәні істегісі келгенде «Бұл күнәларды істеп, Расулуллаһтың алдына барғанымда «Істемедім» десем өтірік айтқан боламын. Егер істегенімді айтсам, мені жазалайды» деп ойлады. Басқа екі күнәдан да тыйылып, тақуалардың бірі болды. (Шира).
Калима-и шаһадатты тілмен айтып, жүрекпен растаған адам – мұсылман. Ең үлкен күнәні істеген адам да мұсылмандықтан шықпайды. Хадис шәрифте айтылған:
«Жәбрейіл (алейһиссалам) «Үмбетіңе сүйінші айт, ширкпен өлмеген адам жәннатқа кіреді» деді. Мен «Зина мен ұрлық жасаған адам да жәннатқа кіре ме?» деп үш рет сұрадым. «Иә, зина мен ұрлық жасаған адам да жәннатқа кіре алады» деді. Кейін «Ішкілік ішсе де жәннатқа кіреді» деді». (Бұхари). (Бұл күнәлардың жазасын тартқаннан кейін жәннатқа кіреді).
Бұл сүйіншілер адамды күнә істеуге итермелемеу керек! Әр күнә жүректі қарайтады, адамды күпірге жетелейді және мәңгілік тозақта қалуға да себеп болуы мүмкін. Аллаһу та'аланың ашуы күнәлардың арасында жасырылған. Сондықтан барлық күнәдан сақтану керек. Бәлам Баура көп ғибадат ететін үлкен ғалым бола тұра бір күнәнің кесірінен кәпір болды. Күнә істеп қойған адам дереу өкініп, тәубе етуі қажет! (К.Саадәт).
Діннен жирендіру
Сұрақ: «Сүйіншілеңдер, жирендірмеңдер» деген хадиске қарамай «Қарсы шықсаңдар немесе пәлен күнәні істесеңдер, тозаққа түсесіңдер» дегендей аяттар мен хадистерді айту діннен жиренуге, алыстауға себеп болмай ма? Екеуі бір-біріне қайша емес пе?
Жауап: «Жирендірмеңдер, қорқыта бермеңдер» дегені «Әмри маруф пен нәһий мүнкәрді (дінді уағыздауды) тастаңдар, күнәға берілетін жазаны айтпаңдар» деген сөз емес. Бұларды айтпау ілімді жасыру болып саналады. «Әмри маруф жасағанда мұны Аллаһ үшін істеңдер, нәпсілеріңді араға салып, адамдардың діннен жиренуіне себеп болмаңдар, жұмсақ түрде жеткізіңдер, күнә істеушілердің кәпір болмайтынын, шын көңілімен және шарттарына сай тәубесіне келгендердің кешірілетінін де айтыңдар» деген сөз.
Аллаһу та'аланың азабының ауыр екенін хабар беретін аяти карималар мен хадис шәрифтерді айту «Жирендірмеңдер, қорқытпаңдар» деген хадис шәрифке қайшы емес. Аяти карималар бір-біріне қайшы болмайды. Хадис шәрифтер де аяти каримаға қайшы келмейді. Мұсылманның Аллаһу та'аланың азабынан қорқуы керек және мейірімінен үміт үзбеуі қажет.
Ертең ахиретте кәпірлер «Бізге дүниеде Аллаһтың азабы бар екенін ешкім айтпады» десе, қандай жауап беріледі? Құран кәрімдегі азап аяттары (Аллаһ сақтасын) қажетсіз бе? Ешкімге айтылмауы керек пе? Күнә істеушілерге жаза берілетінін хабар беретін хадис шәрифтерді жасыру керек пе?
«Жирендірмеңдер, қорқытпаңдар» хадис шәрифін теріс қолданатын, яғни жаман тұрғыда пайдаланатын адамдар атеист болып, өздерін гуманист деп атап жүрген адамдар.
Аллаһу та'аланың азабы ауыр. Бірнеше аяти кариманың мағынасы мынадай:
«Аллаһқа және Расулына сенбеген адам (кәпір болады және) кәпірлерге үлкен от дайындадық». (Фәтх 13).
«Аллаһқа және Расулына қарсы шыққан адам Аллаһтың азабы өте ауыр екенін білсін». (Әнфал 13).
«Құлдарыма хабар бер, мен Ғафур-ур Рахим (аса кешірімді және аса мейірімді) болғанымдай, азабым да өте ауыр, өте қиын». (Хижр 49-50).
Күнә істеушілердің жазаланатынын хабар беретін хадис шәрифтер:
«Зина және өсім жайылған қоғам Аллаһу та'аланың азабына лайық болады». (Хаким).
«Аллаһу та'ала ішкілік ішкенді, ішкізгенді, алып-сатқанды, жасап шығарғанды, сақтағанды, тасығанды, өзіне алып келгенді және ақшасын жегенді лағнет етті». (Ибн Мажә).
«Лиуата жасаушы – малғұн (лағнеттелген)». (И.Ахмед).
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024