Көпірді өтетін және өтпейтіндер

Аллаһу та'аланы және Оның сүйікті құлдарын жақсы көретін адам сүйгендерін ұмытпайды, үнемі еске алып жүреді, бағынады және көп ойлайды. Жақсы мұсылман ғибадаттарын орындайды, өзіне қажетті білімді үйренеді, ешкімге жамандық жасамайды, харамнан сақтанады, ешкімнің мал-мүлкіне көз тікпейді және өлетінін естен шығармайды. Ондай адамның жүрегі дүниелік істермен айналысқан кезде Аллаһу та'аланы бір мезетке де ұмытпайды. Бүкіл іс-әрекеттері, сөздері, оқығандары, тыңдағандары, бәрі Аллаһ разылығы үшін болады. Бұндай жағдайда, адамның барлық мүшесі мен жүрегі Аллаһу та'алаға бағытталады, үздіксіз Оны зікір етеді, яғни еске алады.

Аллаһтан өзгесіне деген махаббатты, оларға беріліп кетуді жүректен шығару үшін зікір ету қажет. Жүректің жаратылғандарға байлануын жоқ қылу үшін ең жақсы ем – зікір. Хадис шәрифте: «Зікір ету арқылы жүректегі жүкті жеңілдетушілердің жолында болыңдар!» делінген. (Тәфсир-и азизи).

Аллаһу та'ала бұйрықтары мен тыйымдарын ұмытпайтын, бағынатын құлдарына әрдайым көмектеседі. Құран кәрімде былай делінеді:

«Аллаһ сендерге көмектессе, ешкім сендерді жеңе алмайды. Сендерге көмек бермесе, ешкім көмектесе алмайды».

Мына оқиға осы тақырыбымызға дәл лайықты:

Бір жас жігіт ауылына кетіп бара жатқан еді. Ол ауылға апаратын жол бір аңғар арқылы өтеді екен. Ол аңғардан өту үшін тек бір асулы көпір ғана бар екен. Бірақ ол көпірдің баулары өте әлсіз болғандықтан, одан өту өте қауіпті болатын. Жігіт көпірдің алдына келгенде еш уайымсыз жан-жағын тамашалап, қиналмай арғы бетке өтіп, жолын жалғастырады.

Содан кейін ол көпірге басқа біреу келеді. Көпірге қараса, баулары үзілейін деп тұрады. Алдымен ол ұзақ-ұзақ дұғаларын әбден оқып, кейін арғы бетке өтпекші болады. Бірақ көпірге шығып, бір-екі қадам аттаған сәтінде баулары үзіліп, әлгі адам ұрылып-соғылып, жансыз денесі сайға домалап түседі.

Сол маңайдағы жартастардың бірінде осылардың бәрін көріп тұрған салих кісі көргендеріне қайран болады. Көңілімен Аллаһу та'алаға жалбарынып, мұның хикметін білгісі келіп сұрайды да, ұйқыға жатады. Түнде түсінде оған былай делінеді:

«Көпірді қиналмай өткен әлгі жігіт күндіз-түні үздіксіз Аллаһу та'аланы еске алатын, бағынатын еді. Көпірге келгенге дейін де тұрақты Аллаһу та'аламен бірге еді, яғни Оны зікір етіп келген еді. Жігіт Аллаһу та'аланы мүлде ұмытпағандықтан, әрдайым бағынғандықтан, Аллаһу та'ала оны көпірден арғы бетке қиыншылықсыз өткізіп жіберді...

Ал көпірден өте алмаған адам алдынан шыққан қауіпті көргенде ғана Аллаһу та'аланы зікір ете бастады, дұға ете бастады. Ол да әуелден Аллаһу та'аламен бірге болғанда, яғни ғибадаттарын орындап, бағынғанда, Аллаһу та'ала да көпірде онымен бірге болып, оған көмектесер еді»...