Әдептілік тектіліктен, білім мал-мүліктен қайырлы

Дінімізде намыстың, ар-ұяттың орны өте маңызды. Аллаһу та'аладан ұялу иманның күшті екенінің, ал ұятсыздық иманның әлсіз екенінің белгісі. Хадис шәрифтерде айтылған:

«Ар-ұяттың аздығы күпірден».

«Ұят пен иман бірге. Бірі кетсе, екіншісі де қалмайды».

Ұятсыз адам уақыт өте күпірлікке дейін баруы мүмкін. Ұят иманның негізі. Ұяты бар адам Аллаһу та'аладан ұялғандықтан күнә істеуден тартынады. Адамдардан ұялмайтын кісі Аллаһтан да ұялмайды. Адамдардан ұялып, күнәні жасыру да ар-ұяттан. Адамдардан ұялғанның Аллаһу та'аладан да ұялғаны аңғарылады. Өйткені хадис шәрифте «Аллаһтан ұялған кісі адамдардан да ұялады» делінеді. Ұятсыз адамның адамгершілігі де төмен болады. Хазреті Әбу Бәкір «Ұятсыз адам халықтың арасында жалаңаш отырған кісі секілді» деген.

Хазреті Лұқман Хакимнен адамдар сұраған екен:

- Әдептілік, тектілік, мал-мүлік және білім арасында қайбірі үстемірек?

- Әдептілік тектіліктен, білім мал-мүліктен қайырлы.

Ұлы хазреті Лұқманнан сұрайды:

- Ең жақсы қасиет қандай?

- Діндар болу.

- Ал егер екі қасиет болса ше?

- Діндарлық және мал-мүлік иесі болу.

- Егер үшеу болса?

- Діндарлық, мал-мүлік және ар-ұят.

- Егер төртеу болса ше?

- Діндарлық, мал-мүлік, ар-ұят және көркем мінез.

- Егер бесеу болса?

- Діндарлық, мал-мүлік, ар-ұят, көркем мінез және жомарттық.

- Алтау болса ше?

- Балам, осы бес қасиет бір адамның бойында бар болса, ол адам тақуа, таза адам, Аллаһу та'аланың досы және шайттаннан аулақ болады.

Аллаһу та'ала адамның ұрпақ жалғастыруы үшін ер мен әйелді бір-біріне тартымды етіп жаратты. Сонымен қатар бұл сезімге қарсы адамдар өмірде ауыр емтиханнан өтуге де тәуелді болды. Бұл емтиханнан өткен адам дүние мен ахиретте қаһарман болады. Адамдардың жақсы немесе жаман екені ар-ұят мәселесінде белгілі болады.

Ұятсыз адам Аллаһ алдында күнәһар, халық алдында құрметсіз болады. Намыссыз адамның қоғамдағы жақсылардың алдындағы абыройы (құрметі) иттен де төмен. Бай және өте сұлу әйел егер ұятсыз болса, құрметсіз болады. Егер кедей және намысты әйел болса, әрдайым абыройлы, құрметке лайықты болады.

Әлемдегі көптеген қылмыстар, ұрыс-керістер, қақтығыстар, көре алмаушылықтар, масқаралықтар, қысқасы барлық жамандықтар ұятсыздықтың кесірінен пайда болуда. Адамдардың көбі ұятсыздықтың жамандығын біле тұра, өкінішке орай сол жаман жолға түсуден өзін құтқара алмайды.

Аллаһтан қорқатын адам ұятсыз бола алмайды. Олай болса, балаларымызға Аллаһтан қорқуды үйретуге тырысу біздің мойнымыздағы ең басты міндет болмақ.