Парыз – Аллаһу та’аланың бұйырған әмiрi. Қандайда бiр ғибадаттың парыздары орындалмайынша бұл ғибадат дұрыс саналмайды. Намаз оқығанда он екi шартты орындау парыз. Бұл парыздардың жетеуi намаздың сыртында, бесеуi iшiнде. Сыртындағы парыздар шарт, iшiндегiлер рүкiн деп аталады. Кейбiр ғұламалар ифтитах тәкбiрiн намаздың iшiндегi парыздарға қосқан. Олардың айтуынша намаздың шарттары да, рүкіндерi де алтау болады.
А) Намаз сыртындағы парыздар
(шарттар)
1. Хадестен таһарат: Дәретi жоқ адамның дәрет алуы мен жүнiп болған адамның ғұсыл алуына айтылады.
2. Нәжістен таһарат: Намаз оқитын адамның денесiн, киiмiн және намаз оқитын жерiн ауыр және жеңiл нәжістен, яғни дiнiмізде кір болып саналатын нәрселерден тазарту. Мәселен: қан, зәр, спирт сияқты нәрселер нәжіс болып есептеледi.
3. Сатр-и аврат: Әурет жерiн жабу. Әурет жерін жабу Аллаһу та’аланың әмiрi. Ер адамдардың әурет жерi кiндiгi мен тiзе астына дейін. Ал әйел кiсiлер үшiн бет және қолдың білектен төмен (алақан) бөлiгiнен басқа жерлерiнiң барлығы әурет болып есептеледi.
4. Истиқбал-и Қыбла: Намаз үшін Қыблаға қарап тұру. Мұсылмандардың қыбласы қасиеттi Мекке қаласындағы Қағбаның тұрған жерi. Яғни сол ғимарат тұрған орын Қыбла деп аталады.
5. Уақыт: Намазды уақытында оқу. Яғни намаздың уақыты кіргенін бiлу және оқитын намазының уақытын ойынан өткізу.
6. Ниет: Намазға бастарда көңiлмен ниет ету. Тек ауызбен айту ниетке жатпайды. Намазға ниет ету сол намаздың атын, уақытын, қыбланы, намаз жамағатпен оқылатын болса имамға ұюды көңiлден өткізу болып саналады. Ниет тахрима тәкбiрінің алдында етіледі. Тәкбiр айтып қойылғаннан кейiн ниет ететiн болса, ниетi де намазы да дұрыс болмайды.
7. Тахрима тәкбiрі: Намазды бастағанда «Аллаһу әкбар» деп айтады. Бұл тәкбiр ифтитах тәкбiрi деп те айтылады. «Аллаһу әкбардың» орнына басқа сөз айтылатын болса тәкбiр айтылған болып саналмайды.
Б) Намаздың iшiндегi парыздар
(рүкiндер)
Намазға тұрғанда орындалатын бес парыз бар. Бұлардың әрқайсысын рүкiн деп атайды. Олар төмендегiдей:
1. Қиям: Намазды бастағанда тiк тұру. Тік тұра алмайтын науқас отырып оқиды. Отырып оқи алмайтын адам жатып үшарамен оқиды.
2. Қыраат: Оқу деген мағынаға келедi. Намазда тұрғанда Құран Кәрiмнен сүре немесе аят оқу.
3. Руку: Қырааттан кейiн қолдарын тiзеге қойып иiлу. Рукуде ең аз үш рет «Субхана раббиял азым» деп айтылады. Рукуден тұрып жатқанда «Самиаллаһу лиман хамидаһ» деп, тiк тұрғанда «Раббана ләкәл хамд» деп айтылады.
4. Сәжде: Аяқ ұштарын, тiзе, қол, мұрын және маңдайды жерге тигiзіп жасалынатын амалға айтылады. Сәждеге барғанда кемінде үш рет «Субхана раббиял ала» деп айтылады.
5. Қадаи ахир: Намаз соңында Аттахият дұғасын оқитындай уақыт отыру. Бұны соңғы отырыс деп те атайды.
Намаздың қаншама үлкен iс және ғибадаттардың ең маңыздысы болғандығын шарттарының көлемінен де байқауымызға болады. Сондай-ақ бұған уәжiп, сүннет, мустахаб, мәкрух, муфсидтер қосылатын болса Раббының құзырында құлдың қалай тұру керектігі белгiлi болады. Құл - әлсiз, күшсiз, бейшара жаратылыс. Әрбiр алған демiнде өзiн жаратқан Аллаһу та’алаға мұқтаж. Ал намаз болса, құлдың осы әлсiздiгiн сездiретiн ғибадат. Бұл жайттар кiтабымызда ретімен баяндалатын болады.Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024