Сұрақ: Саудамен айналысамын. Шетелден тауар алып-сатамын. Клиенттерімнің арасында әртүрлі ұлттың адамдары бар. Ағылшындармен, яһудилермен сауда жасау дұрыс емес деп естіген едім. Сол рас па?
Жауап: Ондай нәрсе жоқ. Дінімізде саудада ұлт пен дін ажыратушылық жоқ. Әртүрлі ұлттың, әртүрлі діннің адамдарымен сауда жасаудың, тіпті олармен бірге жұмыс істеудің зияны жоқ.
Тарих бойы мұсылман елдеріндегі кәпірлер ислам мемлекетінің қамқорлығында рахат өмір сүрген еді. Олардың дініне ешкім тиіспейтін, ғибадат етуіне де ешкім бөгет болмайтын еді. Қалаған өнеркәсібімен және саудасымен еркін айналысатын болған.
Дініміз ғылымды, өнеркәсіпті, сауданы, егіншілікті бұйырады. Аяти каримада былай делінеді:
«Аллаһ сауда-саттықты халал, өсімді харам қылды». (Бақара 275).
Дар-ул харбта мұсылманның табыс көру шартымен құмар, өсім және сақтандыру жолымен ақша табуының жаиз (рұқсат) екендігі «Қудури, Жәуһәрә, Уиқая, Хиндия, Мәбсут, Дуррул мухтар, Рәддул мухтар» секілді құнды еңбектерде жазылған. Дәл осы мәселе «Мәжма-ул әнһур» және «Дүрәр» кітаптарында «Лә риба бәйнәл мүслими уәл харбийил фи дари харби – Дарул харбта мұсылман мен кәпір арасында өсім жоқ» хадис шәрифімен хабар берілген. Өйткені олардың мал-мүлкін олардың разылығымен алу мубах. Бірақ мал-мүлкіне тиісу, қинап тартып алу рұқсат емес.
Шіркеудің құрылысында жұмыс істеу де мәкрух емес. Себебі бұл жұмыстың өзі күнә емес. (Бәззазия).
Ибн Абидин хазрет айтқан:
«Ақыға кәпірдің шарабын тасу, шошқа бағу, шіркеуді жөндеу және христианға зуннар (поптың белбеуі) секілді күпір белгілерін сату Имам Ағзамның үкімі бойынша рұқсат». (Рәддул мухтар).
Бұрынғы хақ діндерде де кәпір мемлекетінде жұмыс істеуге және кәпірге қызмет етуге тыйым салынбаған еді. Дінімізде де тыйым салынбаған. Қазіргі мұсылмандардың Еуропаға жұмыс істеуге барғаны секілді кезінде меккелік мұсылмандар да Хабашстанға хижрет еткен, сол жақта кәпірлердің қолында жұмыс істеген еді.
Юсуф пайғамбар (алейһиссалам) өзі пайғамбар бола тұра құлдардың қиналып жүргенін көріп, үкімет басшысы кәпір болса да, оған барып, жұмыс сұрады. Осылайша адамдарға қызмет етті. Олай болса, құлдарға қызмет ететінін білетін және мұны өзінен басқа істейтін ешкім жоқ екенін көрген адам сол жұмысқа залым адам отыруының алдын алу үшін және мұсылмандарға қызмет ету үшін кәпір басшыдан болсын жұмыс сұрау керек.
Пайғамбарымыз қайтыс болған кезде бір темір сауытын отыз келі арпа үшін бір яһудиге кепілзат ретінде қалдырған еді. Хазреті Әли де қайтыс болғанда дүниелік мүлкі ретінде Дүлдүл атты Расулуллаһтан қалған қашыры мен Зүлфиқар атты қылышы және мүбәрәк көйлегі қалған болатын. Бұлар да бір яһудиде кепілзат ретінде тұрған еді.
Кәпірлердің өндірісі болған заттарды, азық-түліктерді, киім-кешекті қолданудың және олармен сауда жасаудың еш зияны жоқ. Пайғамбарымыздан бастап бүкіл сахабалар және он төрт ғасыр бойы ғалымдар мен әулиелер, бүкіл мұсылмандар кәпірлермен сауда жасаған.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024