Бір-біріңді ғайбаттамаңдар!

Тұрсын Фақиһ хазрет – Османлы мемлекетінің тәфсир, хадис және фиқһ ғалымы. Шәйх Әдебали хазреттің күйеу баласы және Осман Империясының негізін қалаған Осман сұлтанның бажасы болып табылады. Ол сұлтан Орхан дәуірінде қайтыс болды. Қараман қаласының тумасы, ұстазы Әдебали хазреттің жерлесі еді. Түрлі ілімдерді Әбебали хазреттен үйреніп, тәфсир, хадис және фиқһ ілімдерінде ғалым болды, тасаууфта үлкен дәрежелерге жетті. Дәрістерінде былай деген:

Ғайбат – адамды жамандау деген сөз. Біреуді ғайбаттау өлген адамның етін жегенмен бірдей екені хабар берілген. «Хужурат» сүресінің он екінші аятында: «Бір-біріңді ғайбаттамаңдар!» делінген. Ғайбат адамның сауабының азаюына, біреудің күнәсін өз мойнына жүктеуіне себеп болады. Хадис шәрифте: «Қиямет күні бір адамның сауап дәптері ашылады. Ол «Йа, Раббым! Дүниеде осындай ғибадаттар жасаған едім. Бірақ дәптерде олар жазылмапты» дейді. Оған «Олардың бәрі дәптеріңнен өшірілді, ғайбаттаған адамыңның дәптеріне жазылды» делінеді» және «Қиямет күні бір адамның жақсы амалдар дәптері ашылады. Ол жақтан істемеген ғибадаттарын көреді. Оған «Бұлар сені ғайбаттаған адамның сауаптары» делінеді» деп хабар берілген.

Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге отырған едік. Арамыздан біреу тұрып кетті. Бір адамдар «Йа, Расулаллаһ! Ол мазасызданып кетті» деді. Сонда «Достарыңды ғайбаттадыңдар, етін жедіңдер» деді».

Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) айтып берген: «Расулуллаһтың қасында отырғанымда бір әйелдің ұзын бойлы екенін айттым. Ол «Аузыңдағыңды шығар!» деді. Түкірген едім, аузымнан бір кесек ет түсті». Аллаһу та'ала сипаттарды, ерекшеліктерді зат күйінде көрсетуге құдіретті. Ғайбат – дін бауырының өзі естігенде ренжитін кемшілігін сыртынан айту деген сөз.

Аллаһу та'ала Мұса алейһиссаламға былай уахи етті: «Ғайбат етіп, кейін тәубесіне келген адам жәннатқа ең соңғы кіреді. Ғайбат етіп, тәубесіне келмеген адам тозаққа ең бірінші болып кіреді».

Хадис шәрифте: «Бір адам туралы айтылған кемшілік оның бойында бар болса, бұл сөз ғайбат болады. Егер болмаса, онда жала жабу болады» делінген.

Діндегі кемшіліктерін айту, мысалы намаз оқымайды немесе шарап ішеді немесе ұрлық жасайды немесе сөз тасиды деп айту және дүниедегі кемшіліктерін айту, мысалы керең, қыли деп айту ғайбатқа жатады. Діндегі кемшіліктерін оны жамандау үшін айтса, ғайбат болады. Оның түзелуін ойлап айту ғайбатқа жатпайды.