Садақа түрлі ауру мен бәле-жаланы кетіреді

Аллаһ разылығы үшін жасалған материалдық және рухани әртүрлі жақсылықты «Садақа» деп атайды. Шайтан бергізуді қаламаса да, садақа беру керек. Аяти каримада былай делінеді:

«Шайтан кедей болып қаласыңдар деп қорқытып, сендерге сараңдықты, жаман нәрселерді үгіттейді, садақа бергізуді қаламайды. Аллаһ болса өз қамқорлығынан сендерге кешірім және мол ниғмет уәде етеді. Аллаһтың сый-сияпаты мол, Ол барлығын жақсы біледі». (Бақара 268).

Садақаның пайдалары туралы хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Ауруларыңды садақамен емдеңдер. Садақа барлық ауруды және бәле-жаланы кетіреді». (Бәйһақи).

«Жақсылық жасау өмірді ұзартады, садақа күнәларды кетіреді және жаман өлімнен қорғайды». (Табарани).

«Садақа берген адамның ризығы артады және дұғасы қабыл болады». (Ибн Мажа).

«Садақа шайтанды құлдыратады». (Дәйләми).

Бір күні пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Жәбрейіл періште келіп, айтады:

«Йа, Расулаллаһ, ләуһи махфузда көрдім, пәлен жігіт бұл түні қайтыс болады».

Пайғамбарымыз ол жігіт үшін қайғырып, оны шақырып алады, «Балам, бір қалауың бар ма?» деп сұрайды. Жігіт жауап ретінде:

«Йа, Расулаллаһ, пәлен қызды қатты жақсы көремін, бірақ оны маған бермей жатыр, онымен үйлендірсеңіз қатты қуанамын. Сондай-ақ тәтті жегім келеді» дейді.

Әрине жігіт өлетінін білмейді... Дереу қыздың үйіне барып, қолын сұрайды. Жігітке сұраған тәттілерін де алып береді.

Сол түні пайғамбарымыз жігітті үйлендіреді. Таңды үреймен күтіп отырады, өйткені таңертең өлім хабары келетін еді...

Сүйікті пайғамбарымыз таң атқан соң біреуді жіберіп, «Әлгі жігіттен хабар бар ма?» деп сұрайды. Жіберген адамы «Бәрі жақсы, жайбарақат үйінде отыр, ешқандай қиыншылығы жоқ» деген хабар әкеледі. Сол мезетте Жәбрейіл алейһиссалам келіп, оқиғаны былай айтып береді:

«Йа, Расулаллаһ! Кеше бұл жігіт отбасымен бірге отырған еді. Тәтті жемекші болып дастарханға отырған мезетте бір кедей келіп қалады да, «Қанша күннен бері аш жүрмін, ештеңе жемедім, бір үзім нанға мұқтажбын. Аллаһ разылығы үшін маған бір нәрсе берші» деп сұрайды. Ол жігіт өте жомарт екен. Жұбайына «Қарсы болмасаң, мен мына тәттіні түгелдей бермекшімін» дейді. Жұбайы қарсы болмай, мақұлдаған соң тәттінің бәрін кедейге беріп жібереді. Кедей кісі «Аллаһу та'ала сенен разы болсын, өмір-жасың ұзақ болсын» деп дұға етеді. Жігіттің бұл ісі және кедейдің сол дұғасы Аллаһу та'алаға ұнап, жігіттің өмірін ұзартады. «Садақа және дұға бәле-жаланың алдын алады» деген сөз жүзеге асқан болды».

Жәбрейіл алейһиссалам осы оқиғаны айтып болған соң «Йа, Расулаллаһ, жастықтың астына тексерсін» дейді.

Жігіттің жастығын көтеріп қараса, астында үлкен жылан бүрісіп сол жерде өліп қалған екен! Жігіт жұбайымен бірге отыз жыл бақытты өмір сүрген екен.