Ибн Фәрғани хазрет – үлкен әулиелердің бірі. Жүнәйд Бағдади және Суфян Сәури секілді үлкен ғұламалардың сұхбаттарына қатысқан. Жастық шағын Иракта өткізді. Кейінректе Мәрв қаласына орналасты. Пәндік ғылымдарда да ғалым болған Ибн Фәрғани хазрет 320 (м.932) жылы қайтыс болды. Сөздері, ғибратты оқиғалары және насихаттары өте мәшһүр. Ұстазы Жүнәйд Бағдади Ибн Фәрғаниға жазған хатында былай деген:
«Йа, Әбу Бәкір! Ғалымдар мен басшылар – Аллаһу та'аланың адамдарға көрсеткен мейірімі. Адамдарға сөз айта алатындай түрде олардың хал-жағдайын түсін. Олардың шамасына және жағдайына қарай сөйле. Сен оларға жағатын әдемі сөздер айт».
Ибн Фәрғани хазрет айтқан: «Ғибадатты қорғау оны орындаудан қиын. Ол оңай сынатын шыны ыдыс секілді. Оған рия, мақтаныш, менмендік, тәкәппарлық тисе, сынып қалады».
«Ынта ынтаны талап етеді. Ал ынта шынайы достықты талап етеді. Егер адамда ынта болмаса, ол сүйіспеншіліктің не екенін білмейді».
«Ең үлкен ғибадат – уақытты босқа өткізбеу».
«Жасаған ғибадатына жүгіну (сенім арту) Аллаһу та'аланың сыйын ұмыту деген сөз».
«Мақсатына адал адамның белгісі – денесімен достарының арасында болса да, жүрегімен Аллаһу та'аланы ұмытпауы».
«Аллаһу та'аланың берген ниғметтерін жасаған ғибадаттарыңның марапаты деп ойлайтындардан болмаңдар».
«Нәпсің қалаған істерге көңіл бөлме, нәпсің қаламаған істерге көңіл бөл».
«Ең жаман мінез – тағдырға жазылғанға қарсы болу, әзәли жазмышты бар қалауымен, дұғамен өзгертуді тілеу».
«Ұялған адамның маңдайынан аққан тер – ондағы қасиеттің белгісі».
«Жақсы мінез – алғырлығыңның арқасында ешкімге дұшпан бола алмауың және ешкімнің саған дұшпан бола алмауы».
«Жасалған ғибадатқа марапат күту – Аллаһу та'аланың мейірімін ұмыту деген сөз».
«Ешкім пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дәрежесіне жете алмаған. Оның дәрежесінен астым немесе асамын дейтін адам тура жолдан адасқан болады. Өйткені әулиелердің ең соңғы дәрежелері – пайғамбарлардың ең бастапқы дәрежелері».
«Адамдар үш топқа бөлінеді: бірінші топқа Аллаһу та'ала хидаят нұрларын нәсіп еткен. Осы себептен олар күпір, ширк және екі жүзділіктен аулақ. Екінші топқа Аллаһу та'ала инаят нұрларын нәсіп еткен. Олар үлкен және кіші күнә істемейді. Үшінші топқа Аллаһу та'ала кифафатты нәсіп еткен. Олар Аллаһты ұмытқандарға тән әрекеттер жасамайды».
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024