Өлімнен бұрын келетін барлық нәрсе «Дүние» деп аталады. Олардың өлімнен кейін пайдалы болатындары дүниелік саналмай, ахиреттік саналады. Өйткені дүние – ахиреттің егістігі. Ахиретте пайдасы тимейтін дүниеліктер зиянды. Құран кәрімде былай делінеді:
«Дүние өмірі – тек қана ойын және бос нәрсемен айналысу. Ахирет пен оның ниғметтері тұрақты болғандықтан қайырлырақ. Бұлардың айырмашылығын түсінбейсіңдер ме?» (Әнам 32).
Аллаһу та'ала «Рахман» сүресінде: «Барлық нәрсе фәни (өткінші), тек қана Аллаһу та'ала бақи (мәңгі)» делінген.
Үлкен ислам ғалымы Хусейн Хилми бин Саид (қуддиса сиррух) айтқан:
«Күлли шәй ин фән» – барлық нәрсе өткінші. Барлық нәрсе қиял. Өмір қиял. Бұл дүние де өткінші, бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Адамның өмірі түс секілді өтіп жатыр. Өміріміздің өткен шағы қиял болып өтіп кетті, келетін шағы да қиялға айналады. Адамдар ұйқыда, өлген кезде оянады, шынайы өмір, нағыз өң өліммен басталады.
Дүние қадірсіз, оны қадірлеп, соңынан жүгірген адам да қадірсіз. Дүниенің Аллаһтың алдында мүлде қадірі жоқ. Хадис шәрифте: «Бұл дүниенің Аллаһтың алдында шыбынның қанатындай қадірі бар болғанда, кәпірге бір жұтым су да бермес еді» делінеді.
Аллаһу та'ала бұл дүниені қадірлемейді. Бұл жақты бізге жәннатқа баруымыз үшін жаратты. Мұнда түрлі-түрлі ниғметтер көріп жүрміз. Бірақ сол үшін өмір сүруден абай болайық. Өйткені олардың негізі жәннатта. Заттың негізі болмаса, айнадағы көрінісі де болмайды ғой. Қолжеткізген ниғметтеріміздің барлығының негізі болмаса, бұл дүниедегі көрінісі де болмас еді.
Бір замандары үлкен ғұлама болған екен. Бір күні шәкірттеріне дәріс берген соң аяғында:
- Қазір сендерге өтірік айтамын!, - дейді. Шәкірттері бұған дейін мұндайды естімеген соң аң-таң болып сұрайды:
- Ұстаз, кешіріңіз, бірақ түсіне алмадық, ол не дегеніңіз?
- Түсінбейтін несі бар, қазір сендерге өтірік айтамын. Егер өтірік айтқаным кейіннен мәлім болса, маған күнә болар еді. Бірақ мен басынан ескертіп айтып қойдым сендерге.
Шәкірттер мұқият тыңдап отырады. Сол кезде ұстаздары айтады:
- Дәл қазір мына есіктен ішке өте атақты біреу кірмекші!
Шәкірттердің бәрі бірден терезеге жүгіреді. Бірақ келе жатқан ешкім жоқ еді.
- Ұстаз, ешкім жоқ қой!, - дегенінде ғұлама:
- Дұрыс, мен сендерге басынан өтірік айтамын деп ескерттім ғой, сендер сонда да терезеге жүгірдіңдер... Айта-айта шаршадық. Бүкіл кітаптарда жазылған «Бұл дүние жалған» деп. Сендер сонда да оның соңынан жүгірудесіңдер. Яғни жалғанның соңынан қалмай жүгіресіңдер. Адамның нәпсі осы. Шайтанның алдап-арбауы осы. Адамды түстің соңынан, қиялдың соңынан жүгіртеді, - деген екен.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024