Парызды орындамаудың күнәсі

Дінімізде маңызды қағида бар: «Парызды орындамаудың күнәсі харам істеудің күнәсінен көбірек». Харамнан сақтанудың сауабы да парызды орындаудың сауабынан әлдеқайда көбірек.

Хадис шәрифте былай делінеді:

«Парыздан кейін ең құнды намаз – түнде оқылған тәһәжжуд намазы». (Мүслим, Әбу Дауд, Тирмизи, Нәсаи, Ибн Мажа).

Бір адам ең құнды сүннет болған тәһәжжуд намазын өмірінде мүлде оқымаса да, ахиретте оған ешқандай жаза берілмейді, тек сауабынан мақұрым қалады. Бірақ бір парызды орындамаудың жазасы өте үлкен. Діни кітаптарда былай делінеді:

«Дұшпанның алдында парыз намазды оқуға мүмкіндік бола тұра оқымаудың жазасы жеті жүз үлкен күнәға тең». (Жамиул-фәтауа, Умдәтул-Ислам).

«(Хадис құдсида) Аллаһу та'ала айтады: Бес уақыт намазды шарттарына сай уақытылы оқитын адамды жәннатқа кіргізетініме сөз бердім. Оқымайтын адамға берген сөзім жоқ». (Әбу Дауд, Ибн Мажа).

«Жиһад үшін басылған қадам мен бір парызды орындау үшін басылған қадамнан үстем ештеңе жоқ». (Тирмизи).

«Рамазанда бір күн ораза ұстамаған адам оның орнына бүкіл жыл бойы ораза ұстаса, сол бір күннің сауабына жете алмайды». (Тирмизи).

Парыз оразаның қазасын өтеген адам оразаның қарызынан құтылады, бірақ парызды өз уақытында орындау сауабын ала алмайды. Тіпті өмір бойы нәпіл ораза ұстаса да, бір парызды уақытылы орындаудың сауабына жете алмайды. Парыздың қаншалықты маңызды екенін осы хадис шәриф айқын көрсетіп тұр.

Парыз намазды қазаға қалдыру үлкен күнә. Мүмкіндік бола тұра қазасын өтемесе, бөлек үлкен күнә істеген болады. (Әл-Кәбаир уәс-сағаир).

Парыздан қарызы бар адамның нәпілмен айналысуы парызды кешіктіргендігі себепті күнә болады.

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Парыздарды үйреніп, онымен амал еткен немесе біреуге үйреткен адамға Аллаһ мейірім танытсын». (Әбуш-шәйх).

«Аллаһу та'аланың саған парыз қылған нәрсесін орында, сонда адамдардың ең абиды боласың». (Ибн Адий) (Адамдардың ең абиды (ең көп ғибадат жасайтыны) көп нәпіл ғибадат ететін емес, парыздарды өткізбейтін адам болып табылады).

«Қияметте іші орындаған парыздарына толы болған адамға сүйінші!». (Дәйләми).

«Парыз намаз үшін дұрыстап дәрет алып, сол күні аяқтары жүрген, қолдары ұстаған, көздері қараған, құлақтары естіген, тілі сөйлеген, нәпсі қалаған жаман нәрселері кешірілмейтін ешбір мұсылман жоқ». (Ибн Асакир).

Хазреті Әбу Бәкір хазреті Омарға (радиаллаһу анһума) айтқан өсиетінде былай деген: «Аллаһтың түнде істеуің керек болған хақын күндіз істесең және күндіз істеуің керек болғанын түнде істесең, қабыл етпейді. Мойныңа парыз болған ғибадаттарды өтеместен нәпіл ғибадатыңды қабылдамайды». (Имам Әбу Юсуф, Китабул Хараж).

«Қарыз бар кезде берілген садақа қабыл болмайды». (Бұхари).

Қарызды өтеу парыз. Ал садақа беру нәпіл. Парыздың қарызын кешіктіру де күнә. Осы тұрғыдан, берілген садақа кешіктіру күнәсін кешіртпегендіктен қабыл болмайды делінген.