Сұрақ: Адамның өзінің, бала-шағасының ризығын адал жолмен табуы ғибадатқа жата ма?
Жауап: Бұл туралы Имам Ғазали хазрет «Кимия-и саадат» кітабында былай жазады:
«Адамның дүниелік істері ахиреттік істеріне тосқауыл болса, ол адам бетбақ, бейшара адам. Қыш құмыраны алтын құмыраға ауыстырған адамға не дейсің? Дүние – шыны секілді. Әрі құнсыз, әрі оңай сынады. Ал ахирет алтын құмыра секілді, әрі өте қымбат, әрі бекем, сынбайды. Адамның капиталы – діні мен ахиреті. Бұл капиталды сақтап қалу үшін өте сергек болу қажет.
Күнде таңертең «Өзімнің және бала-шағамның, отбасымның ризығын табу, оларды ешкімге мұқтаж қылмау, Аллаһу та'алаға оңай және таза ғибадат ете алу, ахирет жолын ұстана алу үшін жұмысыма бара жатырмын» деп ниет ету керек. Сол күні мұсылмандарға жақсылық жасауды, көмектесуді ойдан өткізу керек. Осылай ниет еткен саудагер, қызметкер, мұғалім және жұмысшы өз жұмысын істеген сайын тоқтамай сауап ала береді.
Ең аз дегенде мыңдаған адам жұмыс істемейтін болса, өзі бір күн де өмір сүре алмайтынын ойлау керек. Мысалы, егінші, наубайшы, тоқымашы және басқа да түрлі кәсіп иелері, бәрі ол үшін жұмыс істеп жатыр. Бәрі ол үшін еңбектеніп жатқанда оның бос отыруы дұрыс бола ма? Бұл дүниеде бәрі жолаушы. Дүниеге келдік, кетіп бара жатырмыз. Жолаушылардың бір-біріне қол ұшын созып көмектесуі, бауырлардай болуы қажет. Әр мұсылманның осылай ойлауы керек. Жұмысын бастарда «Мұсылман бауырларыма жәрдем беру, оларға жағдай жасау үшін еңбектенемін. Дін бауырларым маған көмек бергеніндей, мен де оларға қызмет көрсетемін» деу керек.
Әр мұсылманның білуі қажет болған нәрсе, барлық кәсіптер кифая парыз болып табылады. Осыны ойлап, бір кәсіпті үйреніп иелену ғибадат етуге жатады. Әр кәсіпті үйрену, әсіресе соғыс құралдарының ең заманауи, ең дамыған түрде орындауға тырысу парыз. Ол құралдарды жасай алу үшін қажетті ғылымдарды, білімдерді оқу орындарында осы ниетпен оқу және оқыту толықтай ғибадат болады. Намаз оқитын адамның осы ниетпен жасаған әрбір ісі ғибадат болады. Ал намаз оқымайтындардың әрбір әрекеті күнә болады. Олай болса, әр мұсылман намазын оқып, кейін парыз екенін ойлап өз міндетін атқаруы керек. Жұмыс істегенде ниеттің дұрыс болуының белгісі – адамдарға пайдасы тиетін кәсіп, жұмыс таңдау».
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024