Жақсы мұсылман болу үшін «Ахлақи хамида», яғни көркем мінез иесі болу, «Ахлақи зәмима», яғни жаман мінезден аулақ болу қажет. Тек осы жолмен ғана дүние мен ахиреттің бақытына қол жеткізу мүмкін.
Жақсы мінезге білім алу және әдептілікті үйрену, жақсы адамдармен достық құру арқылы қол жеткізіледі. Жаман мінез мұның терісі. Яғни сауатсыз қалу, әдепсіз болу, жаман адамдармен дос болу арқылы пайда болады.
Аллаһу та'ала пайғамбарымызды (алейһиссалам) мақтағанда «Шын мәнінде сен көркем мінез иесісің» деген. Жақсы адам – көркем мінезді адам деген сөз. Дініміз жақсы мінезді болып, жаман мінезден сақтануымызды бұйырады.
Дін ғұламаларымыз айтады: «Нашар мінездің жаман болғаны соншалық, онымен жасалған көптеген жақсылықтар пайдасын бермейді. Көркем мінездің жақсы болғаны соншалық, онымен жасалған күнәлар кешіріледі».
Адамның жақсы мінезді бола алуының ең маңызды, ең негізгі шарты – жақсы дос табу. Жаман доспен бірге жүрген адам өзі қанша жақсы болса да, бір күні бұзылуы мүмкін. Жақсы доспен бірге жүрген адам өзі қанша жаман адам болса да, күндердің бірінде түзелуі мүмкін.
Убайдуллаһ Ахрар хазреттен адамдар: «Бұл мәртебеге, осы тасаууф дәрежелеріне қалай жеттіңіз?» деп сұраған екен. Ғұлама былай жауап берген:
«Мен өмірімде тасаууф кітабын оқыған емеспін. Ондай нәрселерден еш хабарым жоқ, білмеймін. Бірақ менің тума бір қасиетім бар. Өз еркімде емес, адамдарға көмектескім, біреуге барып, дұғасын алғым келіп тұрады... Әр үйге кіріп, кімнің қандай қажеттілігі бар, кімнің үйінде науқасы бар, кімнің діни мәселеде сұрағы бар болса, бәріне көмектесемін. Бұл менің ең үлкен қасиетім. Тіпті бір кездері медреседе үш дос болып қалған едік. Екеуі жұқпалы ауруға шалдығып, қатты ауырып қалды. Бәрі маған «Ол жерден шық, ол бөлмеде қалма!» деген еді. Мен «Өлсем де шықпаспын, олар менің достарым ғой, ауру болса қайтейін, ауру жұқса жұға берсін!» дедім. Олардың тамағын беріп, шайын ішкіздім. Оларға соңына дейін қызмет еттім. Бірақ соңында маған да ауру жұғып, науқастанып қалдым. «Өлсем өлермін» дедім. Бірақ Аллаһу та'аланың құдіреті бәріне жетеді. Олар да, мен де жазылып кеттік. Неге? Өйткені біз Аллаһқа жүгіндік!».
Убайдуллаһ Ахрар хазрет айтқан: «Егер мен шәйх, ұстаз болсам, ешбір медресе бірде-бір шәкірт таба алмас еді. Бәрі маған келер еді. Бірақ мен ол жолды таңдамадым. Мен Аллаһтың құлдарына жақсылық жасауды таңдадым».
Бұл жазбамызды мына хадис шәрифпен аяқтайық:
«Адамдардың ең қайырлысы, ең жақсысы – адамдарға пайдалы болғаны». (Дара Кутни).
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024