Ақылдасу – ғибадат

Дінімізде кеңес сұрап ақылдасудың, қатені ескертудің ерекше орны бар. Ақылдасып іс жасау сүннет амалға жатады. Ақылдасу адамды өкінуден қорғайтын қамал секілді. Құран кәрімде жақсы адамдар, үлкен тұлғалар мақталған кезде «Олар ісін ақылдасып жасайды» делінеді. (Шура, 38)

Сондықтан да ғұламаларымыз «Ақылдасу – себепке жүгіну және құнды ғибадат саналады» дейді.

Пайғамбарымыз сахабаларымен кеңесетін еді. Кейде бір ісін ақылды, тақуа, дана және тәжірибелі он кісімен ақылдасатын. Біз көп нәрсені білеміз деп санаймыз, алайда білеміз деген көп нәрсемізді білмейтін болып шығамыз. Ақылдасып жасаған істің нәтижесі жақсы шығады. «Ақылдаспай жасаған істің қайыры жоқ» деген даналық сөз бар...

Мәулана Жәлаладдин Руми хазрет «Мәснәуи» кітабында айтады: «Ақылың бар болса, басқа ақылмен дос бол, істеріңді онымен ақылдасып жаса!».

Ақылдаспаудың, кеңес сұрамаудың түбінде тәкәппарлық бар. Тәкәппар, өзін өзгеден үстем санайтын адам біреумен ақылдасқысы келмейді, ешкімнен кеңес сұрамайды. Өз-өзін жақсы көрудің ең жаманы – өз қателерін, нәпсінің қалауларын жақсы көру. Ондай адам үнемі нәпсіне еріп жүреді, насихат тыңдамайды. Өзгелерді ештеңе білмейді деп санайды. Бірақ негізінде ештеңе білмейтін – өзі.

Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) халифа еді. Хазреті Омарға бір мүшрик келіп, «Йа, Омар, мынаған қолыңды қойып берші» деп бір қағаз әкелді. Ол адамға Әбу Бәкір Сыддық исламға сүйіспеншілігі оянсын деген оймен жер телісінің құжатын берген болатын. (Пайғамбарымыз «Муәлләфә-и қулуб» деп аталатын, яғни мұсылмандықты қабылдауы ниетімен немесе жамандығының, зиян тигізуінің алдын алу мақсатымен кейбір адамдарға сондай сыйлық беретін еді). Бірақ ол адам «Әбу Бәкірден кейін Омар халифа болары анық. Оның дәуірінде де бұл құжаттың күші жойылмасын, оның да қолын қойдырып алайын» деген оймен жердің құжатын сол кезде Бәйт-ул малдың (мемлекеттің қазынаның) меңгерушісі хазреті Омарға әкелген еді. Хазреті Омар «Олай болса, жүр, бірге Әбу Бәкірге барайық» деп екеуі халифаның алдына барды. Әбу Бәкір Сыддық пен хазреті Омардың арасында мынадай тарихи диалог өтті:

- Мына құжатты сіз бердіңіз бе, йа, Әбу Бәкір?

- Иә, мен бердім, йа, Омар.

- Қалайша бердіңіз?

- Пайғамбарымыз бергендіктен бердім. Ол беретін еді, мен де бердім.

- Бірақ ол кездері ислам әлсіз еді, біз ол кезде қатты қиналып жүрген едік. Қазір ондай жағдайда емеспіз. Мұны өзіңіз шешім қабылдап бере алмайсыз! Ең болмағанда үш-төрт сахабамен ақылдасуыңыз керек. «Мен пәленше кісіге пәлен жерді бермекшімін, берейін бе, бермейін бе?» деп кеңес сұраңыз, одан кейін беріңіз. Ақылдаспай бәйт-ул малдан (қазынадан) бір тиын да жұмсамаңыз!

Хазреті Омар пайғамбарымыздың уәкілі, тірі кезінде жәннатпен сүйіншіленген Әбу Бәкір Сыддыққа мынаны есіне түсірді:

«Ол пайғамбар еді (алейһиссалату уәссәләм), Ол сонда да ақылдасатын. Өйткені Аллаһу та'ала Оған да: «Ей, сүйіктім! Шешім қабылдамай тұрып ақылдас!» деп әмір еткен».