Ражаб айының 27-түні – миғраж түні. Миғраж «баспалдақ» деген сөз. Жәбірейіл алейһисселам келіп, пайғамбарымызды 52 жасында ражаб (ережеп) айының 27-ші түнінде Меккедегі Мешіт Харамнан Құдыстағы (Иерусалим) Мешіт Ақсаға және одан көкке алып кетті.
Ислам ғалымдары былай дейді: «Миғраж рух және денемен бірге жүзеге асты. Аятпен көрсетілгендіктен, Меккеден Құдысқа апарылғанына сенбеген адам кәпір болады. Көктерге, білінбейтін жерлерге апарылғанына сенбеген адам күнәхар болады».
Расулуллаһ миғражда жұмақты, тозақты, сансыз жерлерді көріп, күрси, арш және рух әлемдерінен өтіп, мекенсіз, уақытсыз, бағытсыз, сипатсыз түрде Аллаһу та’аланы көрді. Ешкім білмейтін, түсіне алмайтын ниғметтерге қауышып, бір сәтте Құдысқа, ол жерден Мекке-и Мүкаррамаға келді.
Миғражда бес уақыт намаз парыз болды. Миғраждан бұрын тек таң және екінді намаздары ғана бар болатын. Миғраж түнінде шам намазы 3 рәкат, басқа намаздар 2 рәкат парыз болды. Мәдинаи Мунаууарада екінші бұйрық арқылы таң мен ақшамнан басқасы 4 рәкатқа көбейтілді. Хижраның 4-ші жылы бұлар жолаушы үшін 2 рәкатқа түсірілді. Азан шақыру да хижреттен бұрын Меккеде миғраж түнінде басталды. Хижраның 1-ші жылы намаз уақыттарын білдіру үшін азан шақыру бұйырылды.
Миғраж оқиғасы арқылы мұсылмандардың имандары күшейді, кәпірлердің дұшпандығы артты. Кәпірлер сенбеді және «Мешіт Ақсаның қанша есігі, қанша терезесі бар?» деген сияқты сұрақтар қойды. Пайғамбарымыз миғражда бұларға мән бермеген болатын. Сол сәтте Жәбірейіл алейһисселам Мешіт Ақсаны оның көз алдына алып келді. Ол соған қарап жауап берді.
Миғраж түнін ғибадатпен, күнін оразамен өткізу керек. Бұл жөнінде хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Бұл түні жақсы амал жасаған адам үшін жүз жылдық сияпат бар.» (И. Ғазали, Әбу Мұса әл -Мәдәни)
«Ражаб айының 27-ші күні ораза тұтқан адамға 60 жылдық ораза сауабы беріледі.» (И. Ғазали, Әбу Мұса әл -Мәдәни)
Бұл қасиетті түнде қаза намаздарды оқу керек, Құран кәрімді оқу керек, тәубе етіп, дұға жасау керек, ғалымдарға бару, сұхбаттарна қатысып ілім алу қажет, мұсылмандарды, кедейлерді қуанту керек, садақа беру керек, дүние мен ахирет бақыты үшін барлық мұсылмандарға дұға ету керек. Сауабын өлілерге бағыштау керек.
Барлық қасиетті түндер аса қадірлі, бірақ Миғраж түнінің ерекше құндылығы бар. Бұл түн, қасірет пен қуаныштың бір мезгілде көрініс тапқан түн. Пайғамбарымыз бір ай бойы Таифте Ислам дінін уағыздады, ешкім сенбеді, мазақ қылып, балаларға тас лақтырғызды.
Ренжулі күйде қайтып келе жатып бір баудың шетіне отырып, біраз демалды. Аддас есімді баудың бағбаны (қызметшісі) жүзім әкеліп берді. Пайғамбарымыз “Бисмилләһиррахманиррахим” дегенінде, Аддас таң қалып “Бұл сөзді бұл жерлерде әлі естімедім” деді. Пайғамбарымыз “Сен қайдан боласың” деп сұрағанында “Нинауаданмын” деді. “Бауырым Юнустың өлкесінен екенсің, ол да мен секілді пайғамбар еді” деп бұйырды. Аддас «Юнус туралы бұл жақтағылардың ешқайсысы білмейді, бұл көркем жүзді, көркем сөзді кісінің өтірікші болуы мүмкін емес» деп иман келтірді, “Мен де сізбен бірге кеткім келеді” деді. “Қазір сен осында қал, жақында есімімді барлық жерде еститін боласың, сонда кел” деп бұйырды. Бір ай бойы ешкім сенбеді, жолда қайтып келе жатып бір кісі иман етті.
Түнде әкесінің ағасының қызы Уммиханидің үйіне келеді. Уммихани «Келетініңізді хабар бергеніңізде, жейтін азық дайындап қояр едім, енді қазір беретін ешнәрсем жоқ болып тұр» дейді. Пайғамбарымыз «Ішіп-жеу ойымда жоқ, Раббыма ғибадат ететін жер болса, маған жеткілікті» деп бұйырды.
Аллаһу та’ала Жәбрейіл алейһиссаламға «Хабибым (сүйіктім) осындай жағдайда да маған жалбарынуда, қатты ренжулі күйде, оны мен қуантайын, бар хабибымды маған алып кел» деп бұйырды. Алдымен Ақса мешітіне келді, бүкіл пайғамбарларға имам болды. Кейін көктерге көтерілді. Аллаһу та’аланы білінбейтін, түсінілмейтін түрде көрді. «Йа Раббым, үмметім үшін де осыны қалаймын» деді. Сонда бес уақыт намаз бізге миғраж ретінде берілді.
Пайғамбарымыз миғраж оқиғасын былай баяндап берді: «Маған берілген Бураққа (жәннат жануарына) мініп Бәйтул-Мақдиске (Ақса мешітіне) келдім. Оны бұрынғы пайғамбарлар байлайтын алқаға байладым, кейін мешітке кіріп, екі рәкат намаз оқып шықтым. Хазреті Жәбрейіл бір ыдыста шарап (жәннат сусынын) және тағы бір ыдыста сүт алып келді. Мен сүтті таңдадым. Жәбрейіл “жаратылысқа сай болғанын таңдадың” деді. Кейін бізді 1-ші қабат аспанға алып шықты. Аспан қақпасында “Сен кімсің?” деген дауыс келді. “Жәбрейілмін” деді. “Жаныңдағы кім” делінгенде “Мұхаммед алейһиссалам” деп жауап берді. “Ол пайғамбар болып жіберілді ме?” делінді. Жәбрейіл “Иә” деп жауаптады. Кейін аспан есіктері ашылып, хазреті Адаммен кездестім. Маған сәлем беріп, қайырлы дұғалар етті. 2-ші қабат аспанға көтерілдік. Ол жерде де алдыңғы секілді сұрақтар мен жауаптар өтті. Кейін есік ашылып, мұнда хазреті Иса және хазреті Яһиямен кездестім. Олар да маған сәлем беріп дұға етті. 3-ші қабат аспанға шыққанда да алдыңғы сөздер қайталанды. Есік ашылып хазреті Юсуфты көрдім. Ол да дұға етті. 4-ші қабат аспанға көтерілгенде де сол сөздер айтылды. Есік ашылып, хазреті Идристі көрдім. Ол да дұға етті. 5-ші қабат аспанға көтерілдік. Алдыңғы сөздер айтылып, есік ашылды. Хазреті Харунмен кездестім, ол да дұға етті. 6-шы қабат аспанға шықтық. Тағы сол сұрақтардан кейін есік ашылды. Хазреті Мұсаны көрдім, ол да сәлем беріп, дұға етті. 7-ші қабат аспанға шыққанда да сол сұрақтар қайталанып, есік ашылды. Арқасын Бәйтул-мамурға сүйеген хазреті Ибраһимді көрдім. Ол да дұға етті. Кейін Жәбрейіл алейһиссалам мені Сидратул-Мунтаһаға алып барды. Аллаһу та’ала күніне 50 уақыт намаз оқуды парыз қылды. Хазреті Мұсаның жанына келгенімде 50 уақыт намаз парыз қылынғанын айттым. «Раббыңнан азайтуын сұра, үмметің әлсіз, бұған күші жетпейді, мен бұдан бұрын адам баласын сынап көргенмін, тәжірибем бар» деді. Осылайша бірнеше рет Раббымның алдына барып азайтуын сұрадым. Соңында Раббым былай деп бұйырды:
«Ей хабибым (сүйіктім), 5 уақыт намазды парыз қылдым. Әр уақыт үшін 10 сауап бар. Осылайша 50 уақыт намаз болады.» (Мүслим)
Пайғамбарымыз Уммиханиге миғражын айтқанында «Мұны ешкімге айтушы болма, бұған ешкім сенбейді, сеніп жүргендер де бас тартады» деді. Пайғамбарымыз болса «Айтуым керек, сенбейтіндер кейін де бас тартады, шіріген тастардың үстіне ғимарат салынбайды, бас тартатындары қазірден бастап шықсын, беріктері қалсын.» деп бұйырды. Ақыл тоқтады, уақыт тоқтады, барлық нәрсе тоқтап, иман басталды. Пайғамбарымыздың мүлдем өтірік айтпайтындығын мүшриктер де білетін еді. «Жәннатты, жаһаннамды барып көргендер бар ма екен?» деп сұрайтындар шығып жатады. Иә, бар. «Кім бар?» Өмірінде мүлдем өтірік айтпаған Мұхамед алейһиссалам бар.
Пайғамбарымыз миғраж оқиғасынан кейін Қағбаның жанына барып, халыққа миғражды айтып береді. Оны естіген кәпірлер оны мазақ етті: «Мұхаммед ақылынан адасыпты» деді. Мұсылман болуға ниеттеніп жүргендер де райларынан қайтты. Кәпірлердің біразы қуанып, Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) үйіне барды. Өйткені, оның ақылды, тәжірбелі және абыройлы саудагер екенін бәрі білетін. Олар: «Ей Әбу Бәкір! Сен Құдысқа көп барасың. Меккеден Құдысқа барып келуге қанша уақыт кетеді?» деп сұрайды. Әбу Бәкір: «Бір айдан көп» дейді. Кәпірлер бұған қуанып: «Ақылды адамның сөзі осындай болады» дейді. «Сенің досың Құдысқа бір түнде барып келдім дейді» деп, Әбу Бәкірге құрмет көрсетеді.
Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) Расулуллаһтың атын естіген соң: «Егер Ол айтса, дұрыс айтқан, сенемін! Бір сәтте барып келген!» деп ішке кіреді. Кәпірлер не болғанын түсінбей қалады. Сосын: «Әй, Мұхаммед, қандай сиқыршы едің, Әбу Бәкірді сиқырлап тастапты» дейді.
Әбу Бәкір дереу киініп, Расулуллаһтың қасына барады. Топ адамның арасында тұрып: «Йа Расулаллаһ! Миғражыңыз құтты болсын! Аллаһу Та’алаға шексіз шүкіршілік етемін. Бізді сіз сияқты ұлы пайғамбарға қызмет етуге бұйырды. Сіздің жарқын жүзіңізді көріп көңілді жаулайтын сөздеріңізді естуді бұйырды. Ей Расулаллаһ, сіздің барлық сөзіңіз шын, ақиқат. Мен сенемін. Жаным сіз үшін пида» дейді. Әбу Бәкірдің сөзіне кәпірлер таң қалысты. Айтатын сөз таппай, тарай бастады. Күмәні бар, иманы әлсіз адамдардың жүрегіне сенім ұялатты. Расулуллаһ сол күні Әбу Бәкірге “Сыддық” деген ат тағады.
Миғражда сан алуан хикметтер бар. Намаз оқымайтын адам миғраждан мақрұм болады. 1400 жыл жалғасып келген ешқандай оқиға жоқ. Ал миғраж оқиғасы 1400 жыл бойы жалғасып келеді. Миғраж – ақылдың бітіп, иманның басталған жері. Мұсылманның миғражы – намазы. Аллаһу та’ала намаз сияқты үлкен ниғметті адамдарға ихсан етті. Намаз Аллаһ сүйіспеншілігін арттырады, дұғаның қабыл болуына себепші болады. Намаз бар болса, өмір де бар. Намаз жоқ болса, өмір кешудің ешкімге де, ешнәрсеге де пайдасы болмайды. Кімде-кім намаздан мақрұм қалатын болса, миғраждан да мақрұм қалды деген сөз. Ал миғраждан мақрұм болған адам барлық нәрседен мақрұм қалды деген сөз.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024