Жәннаттың ниғметтері

Сұрақ: Бал жей берген адам балдан жалығады, жәннат қаншалықты жақсы болса да, адам ол ниғметтерден жалықпай ма? Бірқалыпты өмірден адам қиналып кетпей ме?

Жауап: Бұл өте қате пікір. Бұл Аллаһу та'аланың шексіз құдіретіне күдіктену саналады. Оны әлсіз деп санауға жатады.

Жәннатта бірқалыпты өмір жоқ. Дініміз екі күні бірдей болғанның зиянға ұшырағанын айтады. Ахиретте де күн сайын ниғметтер артады, екі күн бірдей болмайды. Әр күні өзгеше және көбірек зауықтар беріледі. Күн сайын өзгеше-өзгеше ниғметтер көреді. Аллаһу та'аланың құдіретіне күдіктенуге болмайды. Адам білмейтіндерін білетіндерімен салыстырады. Алайда білмейтін нәрсені білетін нәрсемен салыстыруға болмайды. Хадис шәрифтерде айтылады:

«Дүние мұсылманға зындандай». (Мүслим)

«Дүние ананың жатырымен салыстырғанда жәннат, ал жәннатпен салыстырғанда күл-қоқыс тастайтын жер секілді». (М.Нама)

Күл-қоқыс тастайтын жер мен жәннатты салыстыруға бола ма? Анасының жатырындағы баланың дүниеге келіп, алдынан не шығатынын білуі мүмкін болмағанындай, жәннатқа кіретін мұсылманның да ол жақта қауышатын ниғметтерін білуі мүмкін емес.

Аллаһу та'ала жәннатта жамал сипатымен көрінеді. Мұсылман Аллаһу та'аланы көргенде жәннаттағы бүкіл ниғметтерден алған зауықтарынан артық ләззат алады. Құран аятының мағынасы:

«Қиямет күні жарқырап тұрған жүздер Раббыларына қарайды». (Қиямет 22,23)

«Юнус» сүресінің «Жақсы амал етушілерге хусна (жәннат) және одан артығы да бар» деген 26-шы аятындағы «Одан артығы» сөзін Расулуллаһ (алейһиссалам) «Руят» (Аллаһу та'аланы көру) деп түсіндірген, «Толған айды көргендеріңдей қияметте Раббыларыңды айқын көретін боласыңдар» деді. (Бұхари)

Адам баласының Раббымыздың құдіретімен жарататын ниғметтерін қиялдауы да еш мүмкін емес. Екі хадис шәрифте айтылады:

«Жәннатта ешкім көрмеген, ешкім естімеген және ешкімнің қиялына да келмеген ниғметтер бар». (Мүслим)

«Жәннат ниғметтері мен дүниедегілердің арасында тек атауында ғана ұқсастық бар». (Бәйһақи)

Түс пен шын өмірді де салыстыруға болмайды. Түсімізде көздеріміз жабық болса да көп жерді көреміз. Тіліміз қимылдамаса да сөйлейміз. Яғни көруіміз көзбен, сөйлеуіміз тілмен болмайды. Естуіміз құлақпен, жүруіміз аяқпен емес. Түсімізде патша болсақ не пайда? Біраздан соң оянған кезде қиял екені мәлім болады. Дәл солай дүниедегі өміріміз де түс секілді. Негізгі өмір болған ахиретте патша болу керек. Хадис шәрифте: «Адамдар ұйқыда, өлген кезде оянады» делінген. Түсімізде көргендеріміздің өзін өңіміздегі ниғметтермен салыстыру дұрыс болмағанындай, дүниедегі нәрселер де жәннаттағы ниғметтермен салыстыруға келмейді.

Аллаһу та'аланың шексіз құдіретіне сенген адамның Ол хабар бергендеріне сенуі керек. Аллаһу та'ала жәннатта ешқандай қиыншылық, қайғы-қасірет, өкініш, жалығу болмайтынын, жәннат халқына қалаған барлық ниғметтері берілетінін хабар берді. Жәннат ниғметтерінің қасында дүние ниғметтері олардың көлеңкесі, бейнесі де бола алмайды. Ағаштың суреті мен өзі қалайша бірдей бола алмаса, жәннат ниғметтері мен дүниедегілер де дәл солай. Аллаһу та'ала дүниеге тән ниғметтерді жоқтан жаратқанындай, ахиретте де ойға, қиялға келмейтін ниғметтерді жоқтан жаратады. Аллаһқа бұл қиын болмайды. Бірнеше аяти карималар:

«Жақсылық жасағандарға ең жақсы марапат және одан да артығы бар. Олардың жүздерінде мұң мен қорлықтың ешқандай белгісі жоқ. Олар жәннатта тұрақты қалады». (Юнус 26)

«Иман келтіріп, салих амал жасағандар Фирдаус жәннаттарында мәңгі қалады, ол жақтан ешқашан шықпайды». (Кәһф 107-108)

«Жәннаттың қай жағына қарасаңдар да, мол ниғмет пен көп сән-салтанат көресіңдер». (Инсан 20)

«Мүмин ретінде салих амал жасағандарға қиыншылықсыз керемет өмір сүргіземіз. Оларды жасағандарының ең жақсысымен марапаттаймыз». (Нахл 97)

«Жақсы амалдарының марапаты ретінде адамдарды қуантатын не әзірленгенін ешкім білмейді». (Сәжде 17)

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Аллаһу та'ала «Салихтарға көздері көрмеген, құлақтары естімеген және адамның ойына да келмейтін нәрселер дайындадым» деді». (Бұхари)

«Жәннатқа кірген өлмейді, мәңгі өмір сүреді. Үнемі бақытты болады, қайғырмайды, үмітсіздікке түспейді, киімі ескірмейді және жастық шағы бітпейді». (Ибн Әбуддуния)

«Жәннат халқы мүлде ауырмайды және қартаймайды, мүлде қайғырмайды және үнемі қуанышты болып жүреді». (Мүслим)

«Жәннат халқының араларында түсініспеушілік болмайды, олардың көңілдері бір». (Бұхари)

«Жәннаттағыдан басқа барлық ниғметтер жоқ болады. Тозақтағыдан басқа барлық қайғы-қасірет бітеді». (Ибн Лал)

«Тек жәннатқа кірген адам ғана рахаттыққа бөленеді». (И.Ахмед)

«Жәннатқа кірген адам «Атқа мінейін» десе мінеді, «Ұшайын» десе ұшады». (Тирмизи)

«Аллаһу та'ала жәннат халқынан «Разысыңдар ма?» деп сұрайды, олар «Әлбетте разымыз, шексіз ниғметтер бердің» дейді. Кейін «Жақсырағын берейін бе?» деп сұрайды. Жәннат халқы «Бұдан үстемі де бар ма?» деп сұрайды. «Сендерге үнемі разы боламын, мүлде ренжімеймін» деп айтады». (Бұхари)

 

Жәннат ниғметтері

Сұрақ: Жәннаттың ең төменгі дәрежесіндегі адамға да ең жоғары дәрежедегідей көп ниғмет беріле ме?

Жауап: Дәреже өзгешелігі әрине болады, бірақ ең төмен дәрежедегі адам да ақылға, қиялға келмейтін ниғметтерге бөленеді. Хадис шәрифте айтылған:

«Жәннаттың ең төмен дәрежесіндегі кісіге «Не қаласаң сұра» делінеді. Ол ойына келгеннің бәрін айтады. Оған «Сұрағаныңның екі есесі саған беріледі» делінеді». (Мүслим)

 

Бір заттың көлеңкесі

Сұрақ: Дүниеде біз көріп жүрген әдемі көріністер, жақсы тағамдар мен түрлі сусындар, басқа да рахаттықтар жәннатта да бола ма?

Жауап: Бұл дүниедегі рахаттықтардың барлығы көлеңке, көрініс болып табылады. Бұлар жәннат ниғметтерінің қасында бір заттың көлеңкесі секілді. Бір алманы және оның көлеңкесін немесе суретін елестетіңіз. Көлеңкесі немесе суреті алманың орнын баса ма? Дүниедегі жеміс-жидектер, дүниенің ниғметтері көлеңке секілді. Бұлар мұсылмандарға жәннаттағы негізгілерінің сүйіншісі болып табылады.

 

Бәрі 33 жаста болады

Сұрақ: Ахиретте барлық адам 30 жаста болады екен. Мысалы 60 жасында қайтыс болған кісі 30 жаста болады. Мен 21 жаста өлсем, мен де 30 жаста боламын ба?

Жауап: Бәрі 30 жаста емес, 33 жаста болады. Сіз де 33 жаста боласыз.

 

Жәннатта бәрі бар

Сұрақ: Жәннатта әркім өз сүйіктісімен бірге болатыны хадис шәрифте хабарланған. Біз жақсы көретіндеріміздің, мысалы сүйікті пайғамбарымыздың және әулиелердің сұхбатына қатысамыз ба?

Жауап: Әрине бірге боласыз. Ол жақта мақұрым болу деген жоқ. Бүкіл таныстарымызбен көрісіп-жолығу мүмкіндігі бар. «Мынау бар ма, мынандай бола ма?» деп сұрау ол жақта кемшілік болатынын ойлау болып саналады. Пайдалы, қалаулы барлық жақсы нәрсе бар, жоқ деген нәрсе жоқ. Өйткені Аллаһу та'аланың құдіреті шексіз. Тіпті қиялдау мүмкін болмаған ниғметтер бар.

 

Нәпістің және рухтың зауқы

Сұрақ: Жәннатта нәпіс болмаса, жәннат ниғметтерінен қалай ләззат аламыз?

Жауап: Жәннат дүние сияқты емес. Алма мен оның суретін салыстыруға болмайтынындай, ол жақта ләззат алу да сондай. Жәннатта нәпіске қажеттілік жоқ. Ол жақта рухымыз ләззат алады. Оның үстіне жәннатта алатын ләззатымыз күн сайын арта береді. Аллаһу та'аланың құдіреті шексіз болғандықтан, берген ниғметтерінен алатын ләззатымыз да мәңгілікке артып жалғаса береді.

 

Мекені жәннат болсын

Сұрақ: «Мекені жәннат болсын деп дұға етуге болмайды, өйткені ол жақта мекен жоқ, дәрежелер бар» дегенді естідім. Жәннатта мекен жоқ па? Сонда бәрі ауада бос жерде тұра ма?

Жауап: Жәннатта да, тозақта да мекен бар. Екі аяти карима:

«Жәннатта үздіксіз ағатын бұлақтар, жоғары көтерілген тақтар, алдарына қойылған ыдыстар, тізілген жастықтар, жайылған кілемдер бар». (Ғасия 12-16)

«Жәннатта таза су бұлақтары, дәмі бұзылмайтын сүт бұлақтары, сусындар бұлақтары, бал бұлақтары бар». (Мұхаммед сүресі 15)

Кілем жерге, мекенге төселеді. Бұлақтар ауада емес, жерде ағады.

 

Сұрақ: Жәннат ниғметтері, тозақ азаптары делінеді. Осы ниғметтер мен азаптар дүниеде көрген ниғметтер мен азаптарымыздай бола ма?

Жауап: Ахирет жағдайлары ешбір тұрғыда дүниедегі жағдайларға ұқсамайды. Бұл дүние жоқ болу үшін жаратылды, соңында жоқ болып кетеді. Ахирет шексіз қалу және мәңгі қалатындай түрде жаратылды. Мәңгі қалатын нәрсе мен лезде жоқ болып кететін нәрсенің арасында қаншалықты айырмашылық бар болса, дүние мен ахиреттің құрылымы мен істері арасында соншалықты айырмашылық бар. Тек қана атаулары, түсіндірілуі ұқсайды. Мысалы, жәннат сөзі – дүниеде бау-бақша, ал ахиретте жәннат деп аталатын шексіз ниғметтері бар жер деген сөз. Ал тозақ деп – бұл жерде терең отқа толы құдық, ал ол жақта тозақ деп аталатын азапқа толы жерді айтады.