НАМАЗДЫҢ ТҮРЛЕРI

Мұсылмандарға әмiр етiлген намаз түрлерi үшке бөлiнедi. Олар: 1. Парыз. 2. Уәжiп. 3. Нәпiл.

1.       Парыз намаздары: Бес уақыт намаздың парыздары; Жұма намазынының екi рәкат парызы мен жаназа намазы. (жаназа намазы парзы кифая).

2.       Уәжiп намаздары: Үтiр намазы, Рамазан айт намазы, Құрбан айт намазы, аяқталмай қалған нәпiл намаздары. Қаза болған үтiр намазының кейiннен қазасын өтеу де уәжiп.

3.       Нәпiл намаздары: Бес уақыт намаздың сүннеттерi, тарауих намазы. Сауап алу ниетімен оқылатын тәһәжжуд намазы, тахятул масжид, ишрақ, дұха, әууәбин, истихара, тәсбих намаздары нәпiл намаздарының қатарына жатады. Парыз және уәжiп намаздарынан қарызы жоқ адамның нәпiл ғибадаттарына да сауап берiледi.

 

Бес уақыт намаз

 

Намаз - Аллаһу та’аланың әмiрi. Аллаһу та’ала Құран Кәрiмде жүзден аса жерде «Намаз оқыңдар!»- деп әмiр еткен. Әрбiр ақыл-есi дұрыс, балиғат жасына толған мұсылманның күнде бес уақыт намаз оқуы Құран Кәрiмде және хадис шәрифтерде әмiр етiлген.

Рұм сүресiнiң 17-18-шi аяттарында: «Кеш және таң уақыттарында Аллаһты тасбих етіңдер. Көктер мен жерде болғандардың орындаған құлшылықтары және екінті мен түс уақыттарында жасалған барлық хамдтер (мақтау) Аллаһу та’ала үшін» деп бұйырылды. Бақара сүресiнiң 239-аятында: «Намаздарды, сондай-ақ орта (екінті) намазды орындаңдар!». (Яғни намаздарды үзбей оқыңдар.) деп бұйырылды. Жоғарыдағы аятта айтылған тасбих (пәктеу, ұлықтау) және хамд (мақтау) сөздерiнiң намаз мағынасына келетiндiгi тәпсiр кiтаптарында айтылған. Хұд сүресiнiң 114-аятында: «Күндiздiң екi жағында (түс, екiнтi уақыттарында) және түнге жақын үш уақытта (ақшам, таң, құптан уақыттарында) болған намаздарды толық орында. Шынында бұл жақсы амалдар, (бес уақыт намаздың сауабы кіші) күнәларды жояды. Бұл, ғибратпен түсiнетіндер үшiн бiр насихат» - деп бұйырылған.

Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам да: «Аллаһу та’ала құлдарына күнде бес уақыт намаз оқуларын әмiр еттi. Дұрыс дәрет алып, намазды уақытында оқыған, руку мен сәжделерiн толық орындаған пенделердің күнәларын Аллаһу та’ала кешiредi»- деп айтқан.

Бес уақыт намаз 40 рәкаттан тұрады. Бұлардың 17-сі парыз, 3 уәжiп, 20 рәкаты сүннет. Олар мына төмендегiдей:

1.       Таң намазы: 4 рәкат. Алдымен екi рәкат сүннетi, кейiн екi рәкат парызы оқылады. Бұл екi рәкат сүннет ең қуатты сүннет болып саналады. Тiптi мұны уәжiп дегендер де бар.

2.       Бесiн намазы: 10 рәкат (4 рәкат алғы сүннет, 4 рәкат парыз, 2 рәкат  соңғы сүннет).

3.       Екiнтi намазы: 8 рәкат (4 рәкат сүннет, 4 рәкат парыз.)

4.       Ақшам намазы: 5 рәкат (3 рәкат парыз, 2 рәкат сүннет.)

5.       Құптан намазы: 13 рәкат (4 рәкат алғы сүннет, 4 рәкат парыз, 2 рәкат соңғы сүннет, 3 рәкат үтiр намазы).

  Екiнтi мен құптан намаздарының алғы сүннеттерi ғайри муаккад сүннетке жатады. Бұлардың екiншi рәкатында отырғанда, “әттәхияттан” кейiн “Аллаһумма салли” және “Аллаһумма барик” дұғалары ақырына дейiн оқылады. Үшiншi рәкатқа тұрғанда, алдымен бисмиллаһ айтылмай тұрып, “Субханака”  дұғасы оқылады. Ал, бесiн намазының алғашқы сүннетi Муәккад сүннет. Яғни қуатпен әмір етілген. Сондай-ақ бұл сүннеттiң сауабы да көп. Бiрiншi отырыста парыз намазындағыдай тек қана “Әттәхияту” оқылып кейiн үшiншi рәкатқа тұрады. Тұрғанда алдымен Бисмиллаһ айтылып кейiн “фатиха” сүресi оқылады.

Бесiн және Құптан намазының парызынан кейiн 4 рәкат және ақшам намазы парызынан кейiн 6 рәкат намаз оқу мустахаб болады. Яғни бұл намаздардың да сауабы өте көп. Барлығын бiр сәлеммен немесе екi рәкатта бiр сәлем берiп оқуға да болады. Екеуiнде де алғашқы екi рәкаты соңғы сүннет орнына саналады. Осы мустахаб намаздарды соңғы сүннеттерден кейiн бөлек оқуға да болады. Жұп рәкаттарда екiншi сәждеден кейiн отырады.

Әрбiр рәкатта намаздың парыздары, уәжiптерi, сүннеттерi, муфсидтерi және мәкрухтары болады. Бұларды келесi тақырыптарда ХАНАФИ мазһабы бойынша түсiндiремiз.