Қалжыңдасу, әзіл айту жақсы, бірақ белгілі өлшеммен, шектен шықпайтын болса.
Қалжың тұзға ұқсайды. Тұзы жоқ тамақтың дәмі болмайды, көп болып кетсе де жеуге жарамайды.
Дұшпандықтардың көбі шектен көп қажыңдасудан пайда болады. Бәріміз бұған куә болып жүрміз. Кейде адамдарды күлдіру үшін әзілдің шегін білмей қаламыз. Бұл жылдарға созылатын ренжісуге, араздасуға себеп болуы мүмкін.
Күлімдеу, жылы жүзді болу өте жақсы. Қарқылдап күлу мәкрух. Хадис шәрифтерде айтылған:
«Аллаһу та'аланың оған разы болғанын білместен қарқылдап күлетін адамға таң қаламын».
«Менің білгенімді сендер білсеңдер, көп жылап, аз күлер едіңдер».
Осыны ойлайтын адам қарқылдап күле ала ма?
Абдуллаһ ибн Аббас: «Күліп күнә істеген адам жылап тозаққа кетеді» деген.
Мұхаммед бин Уаси былай деген:
«Жәннатқа біреудің жылап кіргенін көрсең, қаншалықты таңқаласың?! Ол неге жылап жатыр? Тозақтан құтылды, жәннатқа кіру нәсіп болды, бұдан былай мәңгі бақытқа қолжеткізді деген сөз. Оның үстіне, ниғметтердің ең үлкені ұлы Раббымызды көру абыройына иеленді, пайғамбарлармен, періштелермен, салих-тақуалармен бірге болды. Сонда да жылап жатыр. Осы секілді, жәннатта жылап тұрған адамға қалай таңқалсақ, дүниеде қарқылдап күлгенге де солай таңқалу керек. Өйткені адам соңының не болатынын білмейді, қандай пәлекет, қандай қиыншылық, қандай ауру оны күтіп тұрғанынан хабары жоқ. Бәлкім оның кебінінің матасы тоқылып қойған, дайын тұрған болар».
Сүйікті пайғамбарымыз (алейһиссалам) да кейде қалжың айтатын, бірақ шегін білетін...
Мысалы, бір күні Оған кәрі әйел кісі келіп, жәннатқа кіруін тілеп дұға етуін сұрайды. Расулуллаһ оған «Кәрілер жәннатқа кірмейді» деп жауап береді. Мұны естіген әже жылай бастайды. Сонда оған:
«Кәрілер кәрі күйінде жәннатқа кірмейді, жасарып, жас күйінде жәннатқа кіреді» дейді, бұған әже қуанып қалады.
Басқа бір күні біреу сүйікті пайғамбарымыздан мінетін түйе сұрайды. Ол: «Саған түйенің баласын берейік, соған мінесің» дейді. Әлгі кісі: «Түйенің баласы мені көтере алмайды ғой» дегенде әлемге мейірім ретінде жіберілген пайғамбарымыз әзілдегенін білдіріп: «Түйелердің барлығы түйенің баласы емес пе?» дейді.
Біз де әзіл айтып, қалжыңдасып жүрейік, бірақ өлшемін біліп, шектен шықпайық...
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024