Дін ғұламаларымыз айтады: «Кімге діннің бұйрықтарын орындау оңай келсе, бұл оның салих кісі екенін аңғартады. Хадис шәрифте былай делінген:
«Ахиретке қатысты қалауларыңа жету оңай, ал дүниелікке жетуің қиындаса, онда жақсы жағдайда екеніңді біл. Мұның терісі болса, онда хәлің нашар!» (Бәйһақи)
Хамид Лифаф хазрет – тоғызыншы ғасырда Бәлх қаласында өмір сүрген әулие. Насихаттары мәшһүр, былай деген:
«Өлімді үнемі ойлап жүретін адам үш нәрсемен марапатталады: 1) Тәубе етуге асығады. 2) Барына қанағат етеді. 3) Ғибадаттардан рахаттанады.
Өлімді ұмытқан адам үш нәрсемен жазаланады: 1) Тәубе етуді кешіктіреді. 2) Қолындағы мүмкіндіктерге разы болмайды. 3) Ғибадаттарды орындауға қалауы болмайды».
Осы әулие кісі бір жұма күні есегіне бір қап бидай артып, диірменге барған еді. Одан кейін бақшасын суармақшы болды. Жұма уақыты да жақындап қалған еді. Сол кезде ол есегін жоғалтып алды. Егер есегін іздеп, бақшасын суаратын болса, жұма намазын өткізіп алатын еді. Өз-өзіне:
«Ахирет ісі дүниелік істен бұрын тұрады» деп мешітке барды. Жұма намазынан кейін жоғалған есегін іздеп, бақшасын суармақшы болды.
Намаздан кейін есегін таба алмады. «Ең болмағанда бақшамды суарайын» деп бақшасына қарай жүрді. Жеткенде бақшасы түгел суарылғанын көріп аң-таң болды. Сөйтіп үйіне кетті. Үйіне барса есегі қорасында тұрған екен! Сол кезде әйелінің тандырда нан пісіріп жатқанын көрді. Бұл жағдайға таңырқап, әйелінен мән-жайды сұрады. Әйелі былай айтып берді:
«Үйде отырғанымда сырттан бір гүріл мен дауыс естідім. Сыртқа шықсам, бір арыстан біздің есекті қуып келе жатқанын көрдім. Дереу қораның есігін ашып, есекті ішке кіргіздім. Өзім де дереу үйге кіріп кеттім.
Бақшаның суарылғаны былай болды: көршіміз өз бақшасын суарып жатқан екен. Сол кезде ұйықтап қалыпты, су тасып, біз жаққа ағып, бүкіл бақшамыз суарылып қалды.
Пісіріп жатқан наныма ұнды қайдан алғанымды сұрасаң, біздің көршіміздің диірменде ұны бар екен. Соны әкелейін деп диірменге барыпты. Бірақ қателесіп, біздің ұнды алып қойыпты. Үйіне келіп, біздің ұн екенін түсініп, дереу бізге әкеп берді».
Әйелінен осыларды естіген Хамид Лифаф қолын жайып:
«Йа, Раббым! Мен сенің бір бұйрығыңды орындадым. Ал сен менің үш қажеттілігімді бірден жасап бердің. Саған шексіз шүкір!» деп дұға етті.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024