Беретін де, алатын да Аллаһу та'ала

Аллаһу та'ала әр адамның және әр жануардың ризығын әуелден тағдырда бекіткен, ажыратқан. Ризық мүлде өзгермейді, азаймайды және көбеймейді. Ешкім ешкімнің ризығын жей алмайды. Ешкім өз ризығын жеп бітірмейінше өлмейді. Ризықтың бірнеше мағынасы бар:

1) Ризық дегенде ішіп-жейтін азық ойға келеді. Ризық сөзінің көпше түрі «Әрзақ», ризықтар дегенді білдіреді. Адамдар ризық дегенде осыны түсінеді.

2) Ризық тек қана ішіп-жейтін және қолданатын заттар. Ішіп-жеуге келмейтін және қолданылмайтындар ризық саналмайды. Көп табыс мал-мүлікті арттырады, бірақ ризықты арттырмайды. Ризық тағдырда бекітілген.

3) Адамға пайдасы тиетін заттық және рухани барлық нәрсе – ризық. Бір аяти каримада айтылғанындай:

«Дүние өмірінде олардың күнкөрісін [заттық, рухани барлық ризықтарын] араларында біз бөлістірдік». (Зухруф 32)

Адамдар ризыққа қолжеткізуде сенім тұрғысында әртүрлі. Кәпірлер ризықтың тек жұмыс істеу арқылы келетініне сенеді. Мүшриктер ризықты әрі Аллаһтан, әрі жұмыс істеу арқылы келеді деп ойлайды. Мұнафиқтар ризықтың Аллаһтан келетінін біледі, бірақ «Ризықты бере ме, бермей ме?» деп уайымдайды. Күнәһарлар ризықтың Аллаһу та'аладан келетініне сенеді, бірақ жұмыс істегенде Аллаһқа қарсы шығады (күнә істейді). Салих мұсылмандар ризықтың Аллаһтан келетініне және жұмыс істеудің себепке жүгіну екеніне сенеді. Жұмыс істегенде Аллаһу та'алаға қарсы шықпайды, күнә істемейді.

Сұлтан Селим хан (Осман империясы патшасы) Мысырды алған кезде жұма намазын Азхар мешітінде оқыды. Намазды оқытқан имамға жүз алтын сыйлады. Мұны әуелден біліп алған имам сол күні жұма намазын оқыту кезегі сонда болған басқа имам досынан рұқсат сұрап ауысқан болатын. Өз кезегін берген имам досының алтын алғанын көргенде ызаланып сөйлей бастады. Сол кезде сол жақта болған үлкен ғұлама, әулие Абдулуаһһаб Шарани хазрет араларына түсіп, кезегін берген имамға:

«Мұңайма! Аллаһу та'ала мұны саған бұйырмаған екен» деді. Сонда ол «Ризығымнан айрылуыма сол досым себепкер болғанына қынжылдым» деді. Имам Шарани хазрет: «Ол себепкер болып көрінгенімен, негізінде себепкер ол емес. Досың Аллаһтың құдіретінің бір құралы ғана. Құралды кім қолданса, билік соның қолында. Құралдың ештеңесі жоқ. Сенің бұл сөзің таяқ жеген адамның ұрғанға емес, таяққа ашуланған адамның жағдайына ұқсайды. Сен өзің әр жұма хұтбасында: «Уаллаһи, беретін де, алатын да Аллаһу та'ала. Көтеретін де, төмендететін де Аллаһу та'ала» демейтін бе едің? Неге қазір бұған қайшы әрекет еттің?» дегенде әлгі имам:

«Ұстазым! Бұл сөзіңізге ештеңе айта алмаймын. Дәлелдеріңізбен, құжаттарыңызбен мені тоқтаттыңыз» деді де, ол жақтан кетіп қалды.