Өміріміздегі өткен әр секунд өте құнды, уақыт қайтып оралмайды. Мұсылманның иманнан кейінгі ең қымбат иелігі – уақыты. Сондықтан ең қымбат уақытымызды ең құнды амалмен өткізуіміз керек. Яғни намазбен...
Ұлы ислам ғалымы Хусейн Хилми бин Саид (қуддиса сиррух) былай деген:
«Нәпістің ақырғы мақсаты – адамды кәпір қылу. Бұл нәпіс адамға дұшпан болғанындай, Аллаһқа да дұшпан. Аллаһу та'ала нәпісті өзіне дұшпан қылып жаратқан. Бұл нәпісті бәрінен қатты қинайтын нәрсе – намаз. Оның емі осы. Бұл емді кім қолданса, нәпсінің зиянынан сақ болады. Адам намазға тұрған кезінде нәпсі ыңырсып қиналады екен. Олай болса, намазға аса мән беруіміз керек. Өйткені намаздың жеке өзі дін, жеке өзі ислам.
Намаз оқымайтын адам діннен шықпайды, күнәһар болады. Шайтан сәжде жасамағаны үшін емес, сәждеге жығылу бұйрығына қарсы шыққаны үшін, бұл бұйрықты жақтырмағаны үшін қуылып лағнеттелді. Ол сәждеге жығылмады, сонымен қатар «Сәждеге жығыл!» деген бұйрыққа қарсы келіп, ұнатпай, «Бұл қате бұйрық!» деді. «Мен мынаған сәжде етемін бе? Мен сондай қадірлімін ғой, топырақтан жаратылған адамға сәжде етемін бе?!» деді де, қуылды».
Тахир бин Хусейн Аббасидтер халифаты дәуірінде Хорасан әкімі болғанында Раққа қаласына әкім болып жіберілген ұлы Абдуллаһ бин Тахирге біраз насихат айтқан болатын. Сол насихаттары қысқаша мынадай еді:
Жақсы біліп ал, Аллаһу та'ала әмір берген нәрселерінен сені есепке тартады және жасаған әр амалыңа марапат немесе жаза береді. Олай болса, ақылыңмен, зейініңмен, алғырлығыңмен, барлық мүмкіндіктеріңмен Аллаһу та'алаға беретін есебіңе дайындал. Ешбір жұмыс сол маңызды парызды тастап қоюыңа және немқұрайлы қарауыңа себеп болмасын. Өйткені бұл барлық нәрсенің ең басында тұрады. Аса мән беруің қажет болған ең маңызды нәрсе – Аллаһу та'ала саған парыз қылған бес уақыт намаз оқу. Сондай-ақ, намазыңды Аллаһу та'аланы ойлап, жақсылап дәрет алып, мүстаһаб уақыттарында бүкіл әдептеріне мән беріп, жамағатпен оқу. Намаздың руку, сәжде және басқа да әрекеттерін шын ықыласыңмен және беріліп орында. Жасаған барлық жақсы амалдарың, тіпті басқа бүкіл ғибадаттарың намазды жақсылап және дұрыс оқи алуың үшін керек екенін ұмытпа. Бұл мәселеде немқұрайлық, жалқаулық көрсетуші болма және мүлде салғырт қарама. Барлық жұмыстарыңның жөнімен жүруі намазға байланысты. Намазды осылай дұрыс оқып жүрген адам барлық жамандықтардан сақ болады. Өйткені Аллаһу та'ала:
«Дұрыс оқылған намаз адамды фахшадан (арсыздықтан, үлкен күнәлардан) және мүнкәрден (жамандықтардан) міндетті түрде аулақ қылады» деген (Анкәбут 45). Бірге жүрген адамдарыңды да намазға шақыр!
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024