Төсекке жатып, түннің үнсіздігімен оңаша қалған кезімізде күні бойы ойлай алмаған нәрселерді ойлай аламыз және сол күннің есебін жасау мүмкіндігіне ие боламыз.
Бірталай әңгімемен өткен күніміздің соңында өміріміздің тағы бір күнге азайғанын және қабір есігіне тағы бір қадамға жақындағанымызды түсінеміз.
Жалғыз мүмкіндік ретінде адам баласына берілген және әр сағаты бағалы гауһар тастан да қымбат уақытымызды қалай өткіздік? Табыстамыз ба, зияндамыз ба? Күнде кешке мұның есебін жасауымыз керек. Табыста болсақ, табысымызды қалай тағы арттыра аламыз, зиянда болсақ, бұдан қалай құтыла аламыз? Осыны зерттеуіміз керек.
Бір тарапта мәдениеттің өркендеуі және жылдам дамып жатқан техника мен ғылым дүниесі, ал басқа тарапта күн сайын әр түрлі жаста қайтыс болып жатқан жүз мыңдаған адам...
Ғылым осыншалықты дамып кеткен болса да, адамның өміріне ештеңе қоса алмауда, керісінше ахирет жолаушыларының жылдамдықтарын және құралдарын көбейту арқылы шарасыздығын көрсетуде.
Жақын келешегіне жоба жасайтын, ол үшін уайымдап, түн ұйқысынан айрылып, салмақ тастап арықтап, қысқасы болашағы үшін жанталасып жүрген адам баласы шынайы болашағы үшін не ойластырған және не дайындаған екен?
Адамның тым мұқтаж болған шексіздік қалауымен қатар өткінші ойыншықтардың дүниені жалған жәннатқа айналдыруы да бос нәрсе.
Адам жаздан кейін келетін қысты қарсы алуға және оған дайындық жасауға өзін мәжбүр санап дайындалғаны секілді сүріп жатқан өткінші және қысқа өмірден кейін келетін өлімді де қарсы алуға дайын ба?
Мейлі, өткінші өмірдің өзі мың жылға созылса да, бір күні аяқталады. Мың жыл өмір сүрген біреуден өмірден не түсінгенін сұрайтын болсақ, бәлкім күлімдеп ештеңе түсіне алмағанын айтады. Осыншама жылдардың қалай өтіп кеткенін өзі де түсінбей қалғанын мәлімдейді.
Нұх пайғамбар (алейһиссалам) мың жылдан астам өмір сүрді. Бір күні Әзрейіл періште (алейһиссалам) келіп, жанын алу үшін рұқсат сұрады. (Тек пайғамбарлардан ғана рұқсат алынатын еді). Нұх алейһиссалам «Раббымыздың бұйрығына разымыз» деп қабыл алды.
Өлім періштесі Нұх алейһиссаламнан:
- Ей, пайғамбарлығы ең ұзақ сүрген адам! Бұл дүние қандай екен? – деп сұрады. Сонда ол:
«Бір үйдің екі есігі болғандай, бірінен кіріп, екіншісінен шығып жатырмын» деп жауаптады. Міне, дүние өмірі дегеніміз осы.
Олай болса, қысқа өмір мен ұзақ өмір арасында көп айырмашылық жоқ. Екеуінің де соңы – өлім. Мәңгі өмірмен салыстырғанда ештеңе де емес...
Нағыз ұзақ өмір – мәңгі бақытқа қолжеткізетін өмір.
Мысалы, 20 жасында қайтыс болған адам сол қып-қысқа өмірінде Раббының разылығын тапқан, жәннатқа кірушілермен бірге бола алған болса, ол қысқа өмір сүрмеді деген сөз. Оған «Өмірдің қызығын көрмепті» деуге бола ма?
Бір адам 100 жасында қайтыс болса, ол туралы:
«Неткен ұзақ өмір сүріпті, бұл заманда осы жасқа келгендер жоқ дерлік» дейді. Ал егер ол өмірін бос өткізген болса, өте қысқа өмір сүрді деген сөз.
Олай болса, бізге ажыратылған өмір ұзақ болса да, қысқа болса да, оны қадірлеп, босқа өткізбеуіміз керек. Мәңгі өмірдің жағдайын жақсартуға тырысуымыз қажет.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024