Сұрақ: Жұрттан тамақ, су секілді нәрселерді сұраудың діни тұрғыда зияны бар ма?
Жауап: Бұл туралы Мұхаммед Масум Фаруқи хазреттің «Мәктубат» кітабында былай жазылған:
«Бір күндік азығы жоқ адамның қайыр сұрауы рұқсат екеніне фәтуа берілген. Ал тақуалық болса – мүлде сұрамау. Зәрулік жағдайда сұрау мубах (рұқсат) болады. Киімі жоқ адамның киім сұрауы мубах болады. Жұмыс істеп ақша таба алатын адамның қайыр сұрауы рұқсат емес. Діни білім үйреніп, ақша табуға уақыт таппаған адамның сұрауы рұқсат болады. Жазу жазып ақша таба алатын адамның сұрауы рұқсат емес. «Мишкат» шәрһінде жазылғанындай, «Жұмыс істей алмайтын науқастың бір күндік азық сұрап тіленуі рұқсат. Одан артығы рұқсат емес. Нәпіл намаз және нәпіл ораза себебімен жұмыс істеуге уақыт таба алмаған адамның зекет және садақа сұрауы рұқсат емес».
Садақа сұраудың үш зияны бар. 1) Аллаһу та'аланың ниғметті аз жібергенін айту, бұл харам болып табылады. 2) Өзін бейшара, қор қылу. Мүминнің Аллаһтан өзгесіне бас июі рұқсат емес. 3) Сұралған адамды қинау. Зәру жағдай болмағанша бұл да харам болып табылады. Сондықтан тақуа кісілер ешкімнен ештеңе сұрамаған. Бишри Хафи Сырри Сақати хазреттен басқа ешкімнен ештеңе сұрамайтын. Өзі «Оның бір нәрсе бергенде қуанатынын білемін, оны қуанту үшін сұраймын» дейтін. Бишри Хафи хазрет айтқан: «Үш түрлі кедей бар: 1) Сұрамайды, бергенде де алмайды. Олар иллийинде періштелермен бірге. 2) Сұрамайды, бірақ бергенде алады. Олар жәннатта муқаррабтармен бірге. 3) Қажеттілігі болғанда ғана сұрайды. Олар асхаби йәминмен бірге».
Зәру жағдай болмай тұрып қайыр сұрау харам. Зәру жағдайда, қажеттілік туындағанда сұрау мубах (рұқсат) болады. Өлім жағдайында уәжіп (міндетті) болады. Сұрамай өліп кетсе, күнә істеп өлген болады. Расулуллаһ алейһиссалам хазреті Омарға сыйлық жолдады. Хазреті Омар алмай, кері қайтарды. Сонда Расулуллаһ: «Неліктен алмадың?» деп сұрады. Ол «Йа, Расулаллаһ! «Ең қайырлыларың – ешкімнен ештеңе алмағандарың» деген едіңіз ғой» деп жауаптады. Мұны естіген Расулуллаһ «Ол сөзім сұрап алуға қатысты еді. Сұрамай келген зат – Аллаһу та'ала жіберген ризық» деді. Хазреті Омар «Аллаһу та'алаға ант етемін, ешкімнен ештеңе сұрамаймын және сұрамай келген барлық нәрсені қабыл аламын» деді. Хадис шәрифте: «Аш қалған немесе бір нәрсеге мұқтаж адам ешкімнен сұрамастан Аллаһу та'аладан күтсе, Аллаһу та'ала оған бір жылдық ризық есіктерін ашады» делінген».
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024