Әбу Бәкір Мәруәзи хазрет – шафии мазһабының фиқһ және хадис ғалымы. 466 (м.1073) жылы Түркістан өлкесіндегі Мәрв қаласында дүниеге келді. Бағдатта білім алды. Кейін Хамадан, Исфахан, Рәй және Гератқа барып, білімін арттырды. Мәрв қаласына оралып, шәкірт жетілдіре бастады. 510 (м.1116) жылы қайтыс болды. Уағыздарының бірінде былай деген:
Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көзі тірісінде де, қайтыс болғаннан кейін де әлемнің кез келген жерінде, кез келген уақытта Оған тәуәссул етушілердің, яғни Оның құрметіне тілектерін сұраушылардың дұғасын Аллаһу та'ала қабыл етеді.
Бір ауылдық кісі Оның кесенесіне барып, «Йа, Раббым! Құл азат етуді сен бұйырдың. Бұл сенің пайғамбарың. Мен құлдардың бірімін. Пайғамбарыңның құрметіне мені тозақ отынан азат ете көр!» деп дұға етті. «Ей, құлым! Неліктен тек өзіңнің ғана азат болуын тіледің? Барша құлдарымның азат болуын неге тілемедің? Бара бер! Сені тозақтан азат еттім» деген дауыс естілді.
Қабірден бәрінен бұрын Расулуллаһ тұрады. Үстінде жәннат киімі болады. Бурақ (пырақ) үстінде махшар алаңына барады. Қолында «Лиуа-ул хамд» деп аталатын байрақ болады. Пайғамбарлар және барлық адамдар сол байрақтың астында тұрады. Бәрі мың жыл күтуден әбден қиналады. Алдымен Адам, кейін Нұх, кейін Ибраһим, Мұса және Иса пайғамбарларға (алейһимуссалам) барып, есепке тартылудың тезірек басталуы үшін шапағат етуін сұрайды. Олардың әрқайсысы бір сылтау айтып, Аллаһу та'аладан ұялатынын, қорқатынын айтады, шапағат ете алмайды. Кейін адамдар Расулуллаһқа келіп жалбарынады. Ол сәждеге жығылып, дұға етеді және Оның шапағаты қабыл болады. Әуелі Оның үмбеті есепке тартылады, бәрінен бұрын сыраттан өтіп, жәннатқа кіреді. Барған жерлерінің бәрін нұрландырып жүреді. Фатима сыраттан өткенде «Бәрі көзін жұмсын! Мұхаммед алейһиссаламның қызы келе жатыр» делінеді.
Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алты жерде шапағат етеді. Біріншісі, «Мақам-ы Махмуд» деп аталатын шапағатымен барша адамзатты махшарда күту азабынан құтқарады. Екіншісі, шапағатымен көптеген адамды есепсіз жәннатқа кіргізеді. Үшіншісі, азап шегуі қажет болған мұсылмандарды азаптан құтқарады. Төртіншісі, күнәсі көп мұсылмандарды тозақтан шығарады. Бесіншісі, сауабы мен күнәсі тең болып «Араф» деген жерде күтіп тұрғандардың жәннатқа кіруіне шапағат етеді. Алтыншысы, жәннатқа кіргендердің дәрежелерінің жоғарылауына шапағат етеді. Шапағатымен есепке тартылудан құтқарған жетпіс мың адамының әрқайсысы да шапағат етіп, әрбірі жетпіс мың адамның жәннатқа кіруіне себепші болады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024