Сұрақ: Кейбір Еуропа елдерінде Расулуллаһ алейһиссаламды мазақтау мақсатымен карикатура жасалғанда, олардан өш алу мақсатымен мұсылмандар арасында да хазреті Исаға да тіл тигізіле бастағаны көрінді. Пайғамбарларға қалайша тіл тигізіледі?
Жауап: Пайғамбарымызға тіл тигізілуінің артынша мұсылмандардың хазреті Исаға да тіл тигізулері дін дұшпандарының ойыны. Мұсылмандар мұндай тұзаққа түспеуі керек. Дін дұшпандарының өздері шындығында ешбір пайғамбарға сенбейді.
Бір пайғамбарға ол – тәңір немесе тәңірдің ұлы деп айту оған сену болып саналмайды. Яғни олар үшін өзгеретін еш нәрсе жоқ, кәпір бәрібір кәпір, тіл тигізгені үшін қайталап кәпір болмайды. Алайда мұсылман ешбір пайғамбарға тіл тигізбейді. Бүкіл пайғамбарлар мұсылман еді, барлығына сеніп, барлығын жақсы көруіміз иманның шартының бірі.
Иманның төртінші шарты – Пайғамбарларға сену. Амәнтудағы “уә Расулиһи” сөзі – Аллаһу та’аланың пайғамбарларына сену дегенді білдіреді.
Пайғамбарлардың алғашқысы Адам алейһиссалам және соңғысы біздің пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа саллаллаһу алейһи уасаллам. Осы екеуінің арасында көптеген пайғамбарлар келіп кеткен. Нақты саны белгілі емес. Жүз жиырма төрт мыңнан көп екендігі айтылады.
Пайғамбарларға сену – араларынан еш қандай айырмашылық көрмей, бәрінің Аллаһу та’ала тарапынан таңдалған, турашыл, шыншыл екендігіне сену болып табылады. Олардың ішінен біреуіне сенбеу ешқайсысына сенбегендік болады.
Аллаһу та’ала алғаш адам және алғаш пайғамбар болған Адам алейһиссаламнан бері, әрбір мың жылда пайғамбарлар арқылы адамдарға діндер жіберген. Олар арқылы адамдардың дүниеде рахат және тыныш өмір сүру және ахыретте шексіз бақытқа қауышу жолдарын білдірген. Жаңа дін әкелген пайғамбарлар “расул” деп аталады. Расулдардың үстемдеріне “Улул-азым” пайғамбарлар делінеді. Олар: Адам, Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса және Мұхаммед алейһиссалату уассалам.
Адам алейһиссаламнан бастап соңғы Мұхаммед алейһиссаламға дейінгі пайғамбарлардың барлығы бір иманды уағыздаған, барлығының үмбеттеріне үйреткен иман ілімдері бірдей болған. Яһудилер Мұса алейһиссаламға сеніп, Иса алейһиссалам мен Мұхаммед алейһиссаламға сенбейді. Христиандар болса, Иса алейһиссаламға сеніп, Мұхаммед алейһиссаламға сенбейді. Ал Мұсылмандар пайғамбарлардың барлығына сенеді. Пайғамбарлардың кез-келген біреуін мойындамау немесе кез-келгенін мазақ ету күпір болып табылады, яғни бұлай жасаған адам кәпір болады.
Аллаһу та’аланың бар және бір екендігін білдірген иләһи діндердің барлығында адамдар тарапынан өзгеріске ұшырағанға дейін, амалға қатысты үкімдері басқа, ал иман келтірілетін нәрселерінің барлығы бірдей еді. Барлық пайғамбарлар мұсылман еді. Мәселен: Яһудилер мен христиандардың біздің пайғамбарымыз деп айтатын нәбилер үшін Құран кәрімде былай делінеді:
«Ибраһим, Исмаил, Исхақ, Яқуб және бәрінің ұрпақтары (мұсылман). Оларды яһуди немесе христиан деп атап жүргендерге айт: “Сендер жақсы білесіңдер ме? Немесе Аллаһ жақсы біледі ме? Аллаһтың білдіргендерін жасыратын адамнан асқан залым кім болуы мүмкін.”» (Бақара 140)
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024