Өлерінде де бір-бірін ойлайтын мұсылмандар

Аллаһу та'ала ардақты сахабаларды түрлі себептермен мақтаған. Құран кәрімде былай делінеді:

«Олар кәпірлерге қарсы айбарлы, қаһарлы, бірақ бір-бірінің алдында мейірімді». (Фәтх 29)

«Аллаһ оларға разы, олар да Аллаһқа разы. Аллаһ оларға мәңгілікке қалатын, жерінде өзендер ағатын жәннаттар дайындады». (Тәубе 100)

«Олар зәру жағдайда қалса да, жеке басын емес, өзгелерді ойлап, оларды өз жанынан жоғары санайды». (Хашр 9)

Йәрмук соғысында сахабалардың көбі шәһид болды, көбі ғази болып қайтты. Тіпті өлім аузында, жан тапсырарда да бір-біріне қаншалықты жақын екенін, бір-бірін қаншалықты жақсы көретінін көрсетті.

Сахабалардың алдыңғы қатарлыларынан хазреті Хузәйфа (радиаллаһу анһ) мынадай оқиға айтып берген:

Йәрмук соғысы еді. Шайқас басылып, найзаның соққысынан жараланған мұсылмандар қызған құмға құлаған күйі жатып, жан тапсырып жатқан еді. Ол кезде мен де күшімді жинап, орнымнан әрең тұрып, көкемнің ұлын іздей бастадым. Өмірінің соңғы сәттерін сүріп жатқан жаралылардың арасында біраз жүргеннен кейін іздегенімді таптым. Бірақ тапқан көрінісім үрейге түсірді. Қанның үстінде жатқан көкемнің ұлы тіпті көзін әрең қимылдатып сөйлесе алатын жағдайда еді. Ерні кеуіп қалған еді.

Алдын ала әзірлеген су торсығымның аузын ашып, су бермек болып аузына жақындатқанымда біраз әрі жатқан жаралылардың арасынан Икриманың (радиаллаһу анһ) дауысы естілді, «Су, су...» деп жатқан еді.

Көкемнің ұлы Харис (радиаллаһу анһ) бұл ыңырсыған үнді ести сала көзімен ишара етіп, суды дереу Икримаға апаруымды сұрады. Қызып тұрған құмда жатқан шәһидтердің арасынан Икримаға жүгіріп бардым да, су бермек болып торсығымды оған жақындаттым. Икрима торсықты алмақ болып қолын созған кезде Ияштың (радиаллаһу анһ) үні естілді, «Аллаһ разылығы үшін бір тамшы су беріңдерші...» деген еді.

Бұл үнді естіген Икрима бірден қолын тартып, суды Ияшқа (радиаллаһу анһ) апаруымды ишарамен көрсетті. Ол да суды ішпеді. Мен торсықпен шәһидтердің арасында жүгіріп, Ияшқа жеткен кезімде оның соңғы демінде калима-и шаһадатты айтқанын естідім... Менің апарған суымды көрген еді. Бірақ уақыт жетпеді. Бастаған калимасын аяқтауға ғана мұршасы жетті...

Дереу артқа қайттым да, жүгіріп барып Икримаға келдім. Торсықты бермек болғанымда оның да шәһид болғанын байқадым. Сөйтіп, ең болмағанда көкемнің ұлы Хариске су жеткізейін деп жүгіріп оған бардым. Ол да оттай ыстық құмда күйіп, рухын тапсырған, шәһид болған екен...