Абдуллаһ бин Тахир – Аббаси үкіметі заманында өмір сүрген, халықты керемет басқарған әкім еді. Ұлы әкім болып Раққа қаласына тағайындалғанда оған ұзақ насихат жазып, хат жолдады. Кейіннен бұл хат халифаның қолына түсті. Халифа ол насихаттарды ұнатып, көбейтіп, барлық әкімдерге жіберді. Ол хатта мемлекеттік қызметтегілерге пайдасы тиетін мынадай насихаттар жазулы еді:
* Әр уақытта Аллаһтан қорқып жүр! Оның бұйрықтарының тысында ештеңе істеме! Аллаһу та'аланың саған нәсіп еткен ниғметтерін ахиретке дайындалуда қолдан!
* Аса мән беруің қажет болған нәрсе – намаз. Жақсылап дәрет алып, шарттарына мұқият болып, бес уақыт намазыңды міндетті түрде уақытылы оқы! Намаз адамды жамандықтардан аулақ қылады. Өйткені «Анкәбут» сүресінде «Дұрыс оқылған намаз адамды фахшадан (зинадан, үлкен күнәлардан) және мүнкәрден (жамандықтан) міндетті түрде аулақ қылады» делінген.
* Қол астыңдағы адамдарға мейіріммен және қамқорлықпен қара! Олардың хақылары мен құқықтарын қорға! Бәрінің алдында әділ бол!
* Ғалымдардың қадірін біл! Әрдайым олармен ақылдас. Олармен ақылдаспай ештеңе істеме! Сен ғалымдарды құрметтесең, қол астыңдағы адамдар да саған құрмет пен қошемет көрсетеді.
* Қол астыңдағы адамдарды кінәсі нақты анықталмайынша кінәлама! Себебі жазықсыз адамдарды кінәлау үлкен күнә.
* Берген әр уәдеңді міндетті түрде орында! Баршаға жақсылық жасауға тырыс! Қол астыңдағы адамдардың кемшіліктерін, айыптарын байқамағансып жүр!
* Турашыл және қайырымды адамдарды жақсы көр! Оларға әрдайым көмектес! Мұқтаждарға жәрдем бер! Туған-туыстарыңмен араласып тұр!
* Жаман қалаулардан және зұлымдықтан ерекше сақтан! Тіпті оларды ойыңа да алма! Ашуланған кезіңде өзіңе ие бол! «Мен басшымын, қалағанымды істеймін!» деген ойға түсіп қалма! Олай ойлау Аллаһу та'аладан ұзақ болудың белгісі.
* Қайырымдылық пен жақсы амалдарды көп жаса! Мал-мүліктің мәңгі қалатыны – ахиретке жарайтыны. Ниғметке шүкір етуші жандарды танып ал, оларды марапатта! Ал ниғметке шүкір етуді білмейтіндерге жақсылық жасама! Сатқынды сенімді адам ретінде қабылдама! Өз-өзіңді ұнатпа. Маңғазданып, тәкәппарланып жүрме!
* Қол астыңдағы адамдардың қажеттіліктеріне қарап жүр! Айлықтарын арттыр! Адамдарға жақсылық жасау, олардың қажеттіліктерін беру үлкен ниғмет. Мұны қолдан жіберіп алма!
* Бүгінгі ісіңді ертеңге қалдырма! Істегендеріңді міндетсінбе!
* Бір орынға адам тағайындайтын кезіңде тәжірибелі, маман болғанын таңда! Халықтың напақасы мәселесіне көп тоқтал! Бұл жайт өте маңызды. Жұмысыңа беріліп, осы мәселені ұмытып кетпе.
* Өткен уақыттан дәріс ал! Бұрынғы патшалардың хәлдерінен ғибрат ал!
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024