Дұға – ғибадаттың нағыз өзі

Дұға – Аллаһу та'алаға жалбарынып, тілегін сұрау деген сөз. Аллаһу та'ала дұға етуші мұсылманды жақсы көреді. Дұға етпейтін адамға ашуланады. Дұға – мүминнің қаруы, діннің негізгі тіректерінің бірі. Ол – жер мен көкті жарықтандыратын нұр. Дұға келген дерттерді, бәле-жаланы кетіреді. Ал келмегендерінің келуіне тосқауыл болады. Аллаһу та'ала: «Маған таза жүрекпен дұға етіңдер! Сондай дұғаларды қабыл етемін» деген. Сондықтан дұға ету намаз, ораза секілді ғибадат болып табылады. Аллаһу та'ала: «Маған ғибадат еткісі келмейтіндерді қор және бейшара қылып, тозаққа тастаймын» деген. Аллаһу та'ала барлық нәрсені өз себебімен жаратады, ниғметтердің себептерін артынша жібереді. Ол зияннан, дерттен сақтау үшін және пайдалы нәрселерді беру үшін дұға етуді себеп қылды. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Дұға – ғибадаттың негізі және нағыз өзі. Аллаһ дәргейінде дұғадан жағымды ештеңе жоқ. Дұға жетпіс түрлі апаттың алдын алады. Өмірдің берекетін арттырады».

Имам Раббани хазрет айтады:

«Дұға апатты, бәле-жаланы кетіреді. Хадис шәрифте: «Апатты тек қана дұғамен тоқтатуға болады» делінген».

Аллаһу та'ала дұға етушілерді, денсаулық пен саламаттық сұраушыларды жақсы көреді. «Мүмин» сүресінде: «Дұға етіңдер! Дұғаларыңды қабыл етемін» деген.

Дұға еткен, бірақ дұғасы қабыл болмағандарға қиямет күні Аллаһу та'ала «Бұл сенің пәлен уақытта жасаған дұғаң. Сол дұғаңның орнына саған мына сауаптарды беремін» деп көп сауап беретіні соншалық, ол адам «Әттең, дүниеде ешбір дұғам қабыл болмағанда ғой, қазір соның сауабын алсам ғой» дейді.

Дұғаның қабыл болуының кейбір шарттары бар. Олардың біразы төмендегілер:

1) Харам азықтан сақтану керек.

2) Ояу жүрекпен және қабыл болатынына сеніп дұға ету керек.

3) «Неліктен дұғаларым қабыл болмайды?» деуге болмайды.

4) Бәле-жала келмей тұрып көп дұға ету қажет.

5) Дұғаны мақтаумен және салауатпен бастаған жөн.

6) Себептерге жүгінбей сұрау – бос қалау.

7) Аллаһу та'аланың Әсма-и хуснасымен (99 көркем есімімен) дұға еткен адамның дұғасы қабыл болады.

Дұғаның орындалуы тағдырдың жазғанына байланысты. Тағдырда дұға бар болса, әрине орындалады. Дұғаның бәле-жаланың алдын алуы да тағдырда жазылған.

Дұғада мына жайттарға көңіл бөлген жөн:

- Қасиетті уақыттарда дұға етуге тырысу керек. Жұма күні мен түні, азан уақыты, азан мен қамат арасы, әр күннің сәре уақыты, түннің екінші жартысы, Ражаб айының алғашқы түні, Шабан айының он бесінші түні, айт түндері, Арапа күні, Рамазан айының барлық күндері мен түндері, ауызашар уақыты, әр күннің зауал уақыты – қасиетті уақыттар саналады. Бұл уақыттарды олжа деп білу қажет.

- Ерекше жағдайларды пайдалану керек. Ауырған кезде, жанұядан және отаннан алыс қалғанда, парыз намаздардан кейін, «Ихлас» сүресін оқыған соң, жаңбыр жауып жатқанда, жаумен бетпе-бет келгенде, ораза ұстаған кезде, жүректе ерекше сезім пайда болғанда дұға ету керек. Өйткені жүректегі ерекше сезім – рахмет есіктерінің ашық екенінің белгісі.

- Жалбарынып дұға ету керек. Хадис шәрифте: «Ғапыл жүрекпен жасалған дұға қабыл болмайды» делінген.