Бұл қасиетті айды ахиреттегі жағдайды жасқартудың жақсы мүмкіншілігі деп қабылдап, қолдан келгенше ғибадат жасау керек. Аллаһу та'ала разы болатын амалдар жасау қажет. Дін ғұламаларының айтуынша, «Жұма күні мен түні, Рамазан айының отыз күні мен түні ешкімге азап берілмейді. Рамазан айы кір киімнің кір жуғыш машинаға кіріп тазаруы секілді. Бұл бірінші күннен басталып, адам отызыншы күні тап-таза болып шығады».
Рамазан айы қыс мезгіліне тура келген күндері ораза ұстау оңайырақ. Жаздың ұзақ күндерінде және ыстықта ұстау әлбетте қиын. Бірақ қиындыққа төтеп беріп орындалған ғибадаттың сауабы да көбірек болады. Бұл айда үзірсіз (кешірімді себепсіз) ораза ұстамау үлкен күнә. Хадис шәрифте:
«Үзірсіз Рамазанда бір күн ораза ұстамаған адам оның орнына бүкіл жыл бойы ораза ұстаса, Рамазандағы сол бір күннің сауабын ала алмайды» делінген.
Әһли сүннет ғалымдары Рамазан айында былай дұға ететін:
«Йа, Раббым! Ұстаған оразамызды қабыл ет! Бізге қасиетті Рамазанның шапағатын нәсіп ет! Рамазан айында кешірген құлдарыңның қатарына бізді де қоса көр! Әмин».
Бір күні пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларына былай деді:
«Түсімде таңқаларлық нәрселер көрдім. Үмбетімнен бір адамды азаптаушы періштелер ұстап алған екен. Алған дәреті келіп, оны сол қиын жағдайдан құтқарды. Біреуді көрдім, қабірі оны қысып жатқан еді. Оқыған намаздары келіп, оны қабір азабынан құтқарды. Біреуге шайтандар тиісіп жатты. Жасаған зікірлері келіп, оны шайтаннан құтқарды. Тағы біреудің шөлден тілі салақтаған еді. Ұстаған Рамазан оразасы келіп, шөлін қандырды.
Біреуді қараңғы басты. Жасаған қажылығы келіп, қараңғылықтан шығарды. Біреуге өлім періште келген еді. Ата-анасына жасаған жақсылығы келіп, өліміне бөгет болды, кешіктірді. Біреуді мұсылмандармен сөйлескізбеген еді. Сыла-и рахим (туған-туысқандармен араласу) келіп, оған шапағат етті, олармен сөйлесті. Пайғамбарының қасына барғысы келген біреуге бөгет болған еді. Алған ғұсылы оны қасыма алып келді. Оттан қорғанғысы келген біреуге садақасы келіп, отқа қалқан болды. Біреуді зәбанилер (тозақ періштелері) алып, тозаққа сүйреп бара жатқанда жасаған әмри маруф пен нәхий мүнкәрі (уағыз-насихат) келіп құтқарды. Біреу тозақ отына тасталған болатын. Аллаһтан қорқып төккен көз жасы келіп, ол жерден құтқарды.
Біреуге амал дәптері сол жағынан берілмек болғанда Аллаһтан қорқуы келіп, дәптерін оң жаққа өткізді. Таразыда сауаптары жеңіл болған біреуге өзінен бұрын өлген балалары келіп, сауаптарын ауырлатты. Тозақтың шетінде қорқыныштан дірілдеп тұрған біреуге Аллаһу та'алаға деген жақсы ойы, үміті келгенде дірілдеуі басылды. Сырат көпірінен қиналып өткен біреу жәннатқа келді. Бірақ есік жабық еді. Кәлима-и шаһадат келіп, оны жәннатқа кіргізді».
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024