Қазіргі таңда ер кісілер арасында да, әйелдер арасында да «індетке» айналған «Ғайбат» – дін бауырының өзі естігенде ренжитіндей кемшілігін артынан айту деген сөз. Яғни белгілі бір мұсылманның кемшілігін оны жамандау үшін артынан айту ғайбат болады. Мысалы, денесіндегі, ата-тегіндегі, мінезіндегі, дініндегі, дүниесіндегі, тіпті киіміндегі бір кемшілігін артынан айтқан кезде өзі мұны естісе ренжитін болса, бұл ғайбат болады...
Ғайбат қатерлі ісік ауруы секілді. Бір денеде пайда болса, оңдырмайды. Ғайбат жанұяларды бұзады, қоғамдарды қиратады, қауымдарды пәлекетке жетелейді. Зинадан да үлкен күнә бола тұра, өте оңай істелетін күнә. Қазіргі таңда бұл апат өкінішке орай ер кісілер арасында да, әйелдер арасында да індетке айналды.
Ғайбат айтылған кезде сол жерде отырған адам қорықпаса сөзбен, қорықса көңілімен қарсы шықпаса, сол ғайбаттау күнәсына ортақ болады. Мүмкін болса сөзін бөлуі немесе ол жақтан кетіп қалуы керек. Қолымен, басымен, көзімен тыюы жеткіліксіз. Ашық түрде «Доғар!» деу керек.
Хусейн Хилми бин Саид (қуддиса сиррух) былай деген: «Кімде-кім ғайбат етушіге «Қой, доғар, Аллаһтан қорық, ол сенің дін бауырың» деп ғайбаттауын тоқтатса, жүз шәһид сауабын алады. Вена шекарасына дейін барып, сонда шәһид болған адамнан жүз есе көп сауап алады».
Хазреті Мәулана бұл туралы былай деген: «Естуімше, мені ғайбаттаған екенсің! Бетіме айтуға батылдығың жетпеді. Мендей әлсіз жаратылыстан қорқып, бірақ Аллаһу та'аладан қорықпаған екенсің!»
Ғайбат етудің өтемі – мұңаю, тәубе ету және ғайбатталған адамның кешірімін алу. Егер кешірмесе, оны мақтап, жақсы көретіндігін айту керек, оған жалынып, көңілін аулау қажет. Кешірмесе де хақысы бар. Өкінбестен кешірім сұрау рияға жатады, яғни тағы бөлек бір күнә болады.
Бір күні үлкен ғұлама, әулие Хасан Басри хазретке біреу келіп:
- Пәленше кісі сізді жамандады, ғайбаттады, - дейді. Ғұлама одан сұрайды:
- Сен ол кісінің үйіне не үшін барған едің?
- Үйіне қонаққа шақырған болатын.
Кейін әлгі адамның оны үйінде қалай күткенін, не бергенін сұрайды. Ол:
- Кең дастархан жайып, әр түрлі тағамдар мен салқын сусындар берді, - деп жауаптайды.
Хасан Басри хазрет оның бұл жауабын естіген соң:
- Осыншама тамақты ішіңде сақтап, бір-екі ауыз сөзді сақтай алмадың ба? – деп жазғырады. Кейін ғұлама оны жамандаған адамға бір табақ балғын құрма жіберіп, мынадай хабар жолдайды:
«Естуімше мені ғайбаттап, өз сауаптарыңды менің амал дәптеріме өткізген екенсің. Бұл сыйыңа рахмет айтқым келді. Бірақ менің сыйлығым сенің сыйлығыңдай көп болмады, айыпқа бұйырма!»
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024