Мойынсұнған адамға мойынсұнылады

Мойынсұну (итаат) – бағыну, сөз тыңдау, мойын ию, берілген әмір бойынша амал ету дегенді білдіреді.

 

Адам ойын-сауық, ішіп-жеу, кезу, жату, көңіл көтеру үшін жаратылмады. Құлдық міндетін атқару үшін, Раббына мойынсұну үшін, қарапайымдылығын, Оған мұқтаждығын көрсету үшін, Оған сиыну, жалбарыну үшін жаратылды. Ғибадат жасаудан мақсат барлық нәрсенің жаратушысы болған Аллаһу та’алаға тағзым ету болып табылады. Алайда адамның нәпсі Аллаһу та’алаға қарсы шығуды, және дұшпаны болған шайтанға мойынсұнуды қалайды.

 

Мұхаммед алейһиссаламның білдірген ғибадаттарының барлығы адамдарға пайдалы нәрселер. Яғни адамдарға пайдалы болғаны үшін әмір етілген. Әйтпесе ешбір ғибадаттың Аллаһу та’алаға пайдасы жоқ. Ниса сүресінің 69-шы аятында «Аллаһу та’алаға және Оның пайғамбарларына мойынсұнғандар ахыретте пайғамбарларға, сыддықтарға, шәһидтерге және салихтерге берілген ниғметтерге ортақ болады» деп бұйырылған.

 

Аллаһу та’аланың жаратқан бүкіл жандылары иман етіп мойынсұнса, Оған ешқандай пайдасы болмайды. Бүкіл әлем қарсы шықса, есіріп, бұзылып кетсе де Аллаһу та’алаға ешқандай зияны болмайды. Хазреті Ахмед бин Яһия Мунири былай дейді:

«Әрбір жақсылық, әрбір ниғмет Аллаһу та’алаға мойынсұну және ғибадат етуден, ал әрбір жамандық және қиыншылық Аллаһқа қарсы шығудан туындайды. Адамдарға дерт және бәле күнә жолымен келеді. Амандықпен бақыт мойынсұну жолымен келеді.»

 

Мойынсұнған адамға мойынсұнылады. Хазреті Фудаил бин Ияд сұхбаттарында Аллаһу та’алаға мойынсұнудың маңыздылығын айтып өзінен мысал келтіреді: «Мен Аллаһу та’алаға мойынсұнбаушылық еткенімді қашырымның (есегімнің) және қызметшімнің мінез өзгерісінен және маған мойынсұнбаушылығынан аңғаратын едім.» дейді.

 

Аллаһу та’алаға мойынсұнған адамға махлұқтар мойынсұнады. Өйткені барлық нәрсенің әміршісі, жаратушысы, иесі Аллаһу та’ала.

 

Хазреті Суфйан Сәури былай дейді:

«Адамдарды жамандаушы және кінәлаушы болма, сонда адамдардың тілінен құтыласың. Рақымды, мейірімді бол, адамдар сені жақсы көретін болады. Аллаһу та’аланың бөлген несібесіне, яғни ризығыңа разы болсаң көңілі бай адамдардан боласың. Аллаһу та’алаға тәуәккүл ет қуатты боласың. Дүние адамдарымен олардың дүниелік табыстары турасында таласып-тартыспа, сонда сені Аллаһу та’ала және адамдар жақсы көреді. Қарапайым, ақ көңілді бол, салих амалдарыңды толықтырған боласың. Жан ашыр, мейірімді болсаң барлық нәрсе саған жанашыр болады.»

 

Хазреті Сәһл бин Тустәри былай дейді:

«Соңғы пайғамбар Мұхаммед алейһиссалам жіберілген кезде дүниеде жеті сынып адам бар еді: Патшалар, егіншілер, мал шаруашылығымен айналысатындар, сауда-саттықпен шұғылданатындар, қолөнершілер, жұмысшылар және кедейлер... Аллаһу та’аланың елшісі, сүйікті пайғамбарымыз бұл сыныптағылардың ешбірін басқа сыныпқа ауысуға мәжбүрлемеді. Оларды Аллаһу та’алаға мойынсұнуға, тақуаға, ілімге шақырды. Адамдарға былай деп бұйырды:

“Аллаһ бүкіл махлұқтарды адам үшін жаратты, ал адамды Аллаһу та’аланы білуі үшін жаратты. Дүние ниғметтерін Аллаһу та’алаға мойынсұну үшін қолданғандар әрі дүниеде, әрі ахыретте бақытқа қауышады. Ал мұның терісін жасағандар дүниеде де, ахыретте де зиянда болады.”»

 

Аллаһу та’алаға мойынсұнып, Оның әмірлерін орындаған адам дүниеде де, ахыретте де және өлерінде де рахаттық көреді. Хазреті Имам Ғазали «Жақсы амалдар істеп, Аллаһу та’алаға мойынсұнған құлдар, Әзраил алейһиссаламды ең әдемі бейнеде көреді. Оның әдемі жүзіне қараудан асқан рахаттық білмейді.» деген.  

 

Хазреті Әбу Бәкір халифа болған кезінде «Мен де сендер сияқты адаммын. Ал адам қателеседі. Мен қателескенімде маған дұрысты көрсетіңдер! Мен Аллаһу та’алаға мойынсұнған мерзімде сендер де маған мойынсұныңдар. Мен мойынсұнудан шығатын болсам, сендер де маған мойынсұнбаңдар!» деп бұйырған.

 

Қорыта айтқанда Аллаһу та’аланы қаншалықты жақсы көрсек, адамдар да бізді соншалықты жақсы көреді және Одан қаншалықты қорқатын болсақ адамдар бізден соншалықты қорқады. Аллаһу та’алаға мойынсұнған күнде, барлық нәрсе бізге мойынсұнады. Аллаһу та’алаға қаншалықты қызмет етсек адамдар да бізге соншалықты қызмет етеді. Хазреті Яһия бин Муаздың айтқанындай;

«Аллаһу та’аланы қанша жақсы көрсең, адамдар да сені сол мөлшерде жақсы көреді. Аллаһу та’аладан қорққаныңдай мөлшерде адамдар да сенен қорқады. Аллаһу та’алаға құлшылық еткеніңдей мөлшерде адамдар да саған көмекші болады.»