Құран кәрімнің «Кәһф» сүресінде Мұса алейһиссалам мен Хызыр (Қыдыр) алейһиссаламның бірге шыққан ғибратқа толы саяхаттары баяндалған. Бұл мақаламызда сол туралы айтпақпыз.
Исмаил Хаққы Бурсауи хазреттің «Рух-ул-баян» тәфсирінде бұл аяти карима былайша тәфсир етілген:
Бұл екі мүбәрәк кісі бір қалаға келеді. Алдарынан құлайын деп тұрған бір қабырға шығады. Хызыр алейһиссалам өз қолымен қабырғаны жөндеп, түзетіп қояды. Себебін былай түсіндіреді: «Бұл дуал екі жетім баланың мүлкі. Дуалдың түбінде бір қазына бар. Егер түзетпей кетіп қалсақ, қабырға құлайтын еді, ал астындағы қазынаны біреулер тауып, алып қояр еді. Ол екі жетім баланың әкесі салих кісі еді. Раббымыз әкелерінің салих кісі болуы себебінен оларға жанашыр болып, бұл қабырғаны маған жөндеп, түзетіп қоюымды бұйырды».
Әкенің салих болуы балаларына неткен пайдалар берген екен. Бұл тек дүниедегісі ғана, ал ахиреттегісі басқа...
Жоғарыда аталған тәфсирде ол қазынаның жазуы бар алтын тақта екендігі жазылған. Ол тақтада Бисмиллаһтан кейін мына жеті насихат жазылған:
1) «Тағдырға, барлық нәрсе Аллаһтың жазғанымен болатынына иман келтірген адам қалайша мұңаяды?» Хазреті Әли айтқан екен: «Сабыр етсең, тағдырда жазғаны болады, сауап аласың. Сабыр етпейтін болсаң, сонда да тағдырдың жазғаны болады, бірақ күнәһар атанасың».
2) «Ризықтың әр адамға бөлістірілгеніне сенген адам қалайша ризығын уайымдайды?» Құрлықта, теңізде, ауада өмір сүретін барлық жандылардың ризығын жіберіп тұратын Раббымыз біздің ризығымызды да жібереді.
3) «Өлетініне сенген адам қалайша осыншалықты қысқа, түс сияқты дүние өміріне аса мән береді?» Хасан Басри хазрет қарқылдап күлген жас жігітті көріп қалады. Оған: «Саған бірнеше сұрақ қояйын, жауап бер. Сен де барлық адам сияқты бір күні өлесің. Иманмен кететініңе сенімдісің бе?» дейді. Жігіт «Жоқ» деп жауаптайды. «Қабірде Мүнкәр-Нәкір періштелерінің сұрақтарына дұрыс жауап бере аласың ба?» деп сұрағанында оған да «Жоқ» дейді. «Қиямет күні амалдарың таразыда тартылғанда сауабың ауыр басатынын және өзіңнің азаптан құтылатыныңды білесің бе?» сұрағына да «Жоқ» деген жауап қайтарады. Сонда хазрет: «Олай болса, қарқылдап күлуіңнің не мәні бар?» деген екен.
Ол жігіттің одан кейін қарқылдап күлгенін ешкім көрмеді.
4) «Жасаған әрбір амалы үшін есепке тартылатынын біле тұра қалайша сол күнге дайындалмайды?»
5) «Тозақтың отыны адамдар мен тастар болатынын біле тұра, қалайша күнә істеуден тыйылмайды?»
Отта жану өте ауыр, өте қиын. Дүниедегі оттың өзі күйдіргенде қандай азап береді. Көп дегенде үш-бес минутқа жалғасады. Адам өлгенде ауру сезбейтін, өзін тозаққа түсіретін іс-әрекеттерден қалайша сақтанбайды?
6) «Жәннаттың шексіз рахаттық пен бақыт орны екенін біле тұра адамдар қалайша оған қауышуға, бұл ниғметтерге қол жеткізуге ұмтылмайды?»
Жәннатқа апарар жол белгілі. Қай амалдарды істесек жәннаттық, қайсыларын істесек тозақтық болатынымызды өте жақсы білеміз. Жол қиылысында тұрмыз, біреуін таңдауымызға тура келеді, екі жолдың бірін таңдаймыз.
7) «Адам атамыздан бері бізге дұшпан болып келген шайтанды қалайша адамдар өзіне дос қылып, оның айтқанын орындауға тырысады?»
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024