Намазда жабу керек болған жерлер

Сұрақ: Ер немесе әйел адам намаз оқығанда қалай және қай мүшелерін жабуы қажет?

Жауап: Еркін әйелдердің қолдары мен жүздерінен басқа барлық жерлері, білектері, ұзын шаштары және аяқатарының асты намазда Ханафи мазһабында – әурет, жабылуы қажет. Қолының білезіктен саусақтың ұшына дейінгі жері әурет емес деген құнды кітаптар көп. Олардың үкімі бойынша әйелдердің қолдың саусақтан білезікке дейінгі жердің үстіңгі жағы ашық күйде намаз оқуына болады. Бірақ, кітаптардың барлығына сай намаз оқу үшін әйелдердің қолдың білезіктен төмен жағын да жабатындай ұзын жеңді намаз киімін киіп немесе үлкен бас орамал тағып, қолды жауып намаз оқуы жақсырақ болады. Әйелдердің аяқтың тобықтан төмен жағы намазда әурет емес деген ғалымдар бар болғанымен, ол ғалымдар да намазда жабу сүннет, ал ашу мәкрух деген. Ұзын шаштың үкімі де аяқ сияқты екендігі «Қазыхан» кітабында жазылған.

Ер немесе әйел кісінің кез келген әурет мүшелерінің төрттен бірі бір рүкін бойы ашық қалса, намаз бұзылады. Одан азы ашылса, бұзылмайды, мәкрух болады. Мысалы, аяғының төрттен бірі ашық болған әйелдің намазы сахих болмайды. Егер өзі ашса, намаз бірден бұзылады. «Умдәт-ул-ислам» кітабында былай жазылған:

«Әйелдің тобығы немесе білегі, яки мойны немесе шашы ашық күйде оқыған намазы сахих болмайды. Жұқа болған, астындағы мүшенің кейіпі немесе түсі көрінетіндей мата жоқ үкімінде болады».

Шафии мазһабында әйелдің екі қолынан және жүзінен басқа барлық жері әрдайым әуретке жатады. «Әл-фиқһу аләл мәзаһибил әрбәа» кітабында былай жазылған:

«Ер кісілердің және әйелдердің намазда жабуы парыз болған және еркектің еркекке, әйелге және әйелдің махрамдарына көрсетуі харам болған жерлері төрт мазһабта бірдей емес. Бірақ әйелдердің жүздерінен және қолдың білезіктен саусақтың ұшына дейінгі жерінен басқа барлық жерлерін бөтен ерлерге және мұсылман болмаған әйелдерге көрсетуі және олардың қарауы үш мазһабта да харам. Алайда Шафииде фитнаға себеп болатын кезде жүзі мен қолдары да бөтен ерлер арасында әурет болады».

 

Сұрақ: Құбыла қағба ғимаратының өзі ме? Намаз оқығанда сол ғимарат бағытына бұрылу керек пе?

Жауап: Құбыла – қағбаның ғимараты емес, орны. Яғни қағба тұрған жерден Аршқа дейінгі кеңістік құбылаға жатады. Сондықтан, құдықтың, теңіздің түбінде, биік таулардың төбесінде, ұшақта сол бағытқа бұрылып намаз оқуға болады. Қажы болу үшін қағбаның ғимаратына емес, оның тұрған орнына барады, басқа жерлерге барған адам қажы болмайды.