Адамдар қолдарындағы ниғметтерді көбінесе аз деп санайды. Ұнатпай, көбірек болуын қалайды.
Бір адам бір қаланың иесі болса, көзі тоймай тағы басқа қалаға да көз тігеді. Адамның көзін тек қара топырақ қана тойдырады. Бұл жағдайды мына өлең шумағы керемет баяндайды: «Алтын болса ағашың, күміс болса жапырағы, тойдырар көзіңді тек, бір уыс қара топырағы».
Қанағатсыз бай болу мүмкін емес. Бір адам Ибраһим бин Әдхам хазретке келіп, оған шапан сыйлағысы келеді. Ғұлама: «Сыйлығыңды бір шартпен қабылдаймын. Бай болсаң алайын, кедей болсаң қабылдамаймын!» дейді. Адам «Мен баймын» деп айтады. Ибраһим бин Әдхам хазреттің: «Қанша байлығың бар?» деген сұрағына «Екі мың динар» деп жауаптайды. «Мейлі, сен оның төрт мың болуын қалайсың ба?» дегенінде «Иә, әрине қалаймын» дейді. Бұл жауапқа ғұлама: «Сыйлығыңды қабылдамаймын, өйткені сен кедейсің, әлі көзің тоймаған екен» дейді.
Бір қызығы, адамдар өз ақылдарын тым жақсы көреді және жеткілікті деп санайды. Артуын қалайтын адам жоқ дерлік.
Дұғаларында «Йа, Раббым, ақылымды арттыра көр!» дейтіндер өте сирек кездеседі. Ақыл адамдарға таратылған кезде өзіне бәрінен көп берілді деп ойлайды.
Бір күні сүйікті пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ең қадірлі адам кім, йа Расулаллаһ?» деп сұралды.
Пайғамбарымыз: «Тақуалығы ең жоғары болған, ғибадаттарын орындайтын және харамдардан сақтанатын адам» дейді.
Одан кейін: «Ең ақылды адам кім?» деген сұраққа былай жауап береді: «Өлімді ең көп ойлайтын және өлімнен кейінгі өмірі үшін еңбектенетін кісі».
Бір күні пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Әбуддәрдаға (радиаллаһу анһ) былай дейді: «Ақылыңды арттыр – сонда Раббыңа жақын боласың». Әбуддәрда хазрет: «Ақылымды қалай арттырайын?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз бұл сұраққа: «Парыздарды орындап, харамдардан сақтанатын болсаң, ақылға сай амал еткен боласың» деп жауап береді.
Адам баласы оған берілген осы ақылдың арқасында басқа жаратылыстардан жоғары тұрады. Жануарларда ақыл болмағандықтан, өмірлерінде ешқандай өзгеріс, ешқандай ілгерілеу болмайды. Бірақ адамдардың жағдайы тым өзгеше. Әр күн өткен сайын дами береді. Жүз жыл бұрын қайтыс болған біреу тіріліп, қазіргі дүниемізге қараса, қайран болып, өз көзіне сене алмайды.
Ақылымызды қолдансақ, дүниеде де, ахиретте де бақытқа кенелеміз. «Мүлк» сүресінің мына: «Олар айтты: егер бізге айтылғандарға құлақ ассақ және ақылымызды қолдансақ, бұл азапқа душар болмас едік» аяты бәрін түсіндіріп тұр.
Ақылды адам ахирет өмірін дүние өмірінен маңызды деп санайды. Біріншісі өткінші, фәни, түс сияқты өмір, ал екіншісі мәңгі және шексіз өмір.
Ақылды адам жақсы өмір сүруді өзіне мақсат қылады, қысқа болса да, өмірін тиімді өткізеді. Өзіне, отбасына, мемлекетіне, халқына қызмет етеді.
Қорыта айтқанда, ақылды адам досын-дұшпанын таниды. Ең үлкен дұшпанының нәпсі және шайтан екенін біліп, олардан сақтанады...
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024