Сұрақ: Таң немесе бесін, яки басқа да намаздарды оқып болғаннан кейін дұға етуден бұрын не оқылады, не істеу керек?
Жауап: Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хадис шәрифте:
«Әр намаздан кейін үш рет «Әстағфируллаһ әл азыйм әлләзи лә илаһа илла һууәл хаййәл қайюмә уә әтубу илайһ» оқыған адамның бүкіл күнәлары кешіріледі» деді.
Намазды бітіріп, истиғфар оқып болғаннан соң «Аят-ул курси» және отыз үш рет «Субханаллаһ», отыз үш рет «Әлхамдулиллаһ», отыз үш рет «Аллаһу әкбар» және бір рет калима-и таһлил, яғни «Лә илаһа иллаллаһу уахдәһу лә шәрика ләһ ләһул мүлку уә ләһул хамду уә һуә алә күлли шәй-ин қадир» оқу, кейін екі қолды кеуде тұсына жайып, өзіне және барша мұсылмандарға дұға ету мүстаһаб амалға жатады. Хадис шәрифте:
«Бес уақыт парыз намаздан кейін жасалған дұға қабыл болады» делінген.
Бірақ дұғаны ояу көңілмен және іштей жасау керек. Дұғаны тек қана намаздан кейін немесе белгілі уақыттарда ғана әрі сөздерін жаттап алып, тақпақ айтқандай дұға ету мәкрух болады.
Намаздан кейін дұғадан соң бет сипау сүннет.
Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) намаз үстінде, тауаф жасағанда, тамақтан кейін және жатарда да дұға ететін еді. Бұл дұғаларында қол жаймайтын және бет сипамайтын.
Дұғаның және барлық зікірдің дауыссыз жасалғаны абзал. Кейбір секталардың жасағанындай билеу, айналу, секіру, шапалақтау, түрлі музыкалық аспаптар тарту ғалымдардың сөз бірлігімен харам.
Дұғадан соң он бір рет «Ихлас» сүресі және бір реттен «Фәлақ» пен «Нас» сүрелері оқылады. Мұхаммед Масум хазрет намаз оқып болғаннан кейін осы дұғадан соң 67 рет тек «Әстағфируллаһ» деп оқитынын екінші томының 80-ші хатында жазған. Ең соңында жасаған дұғасының аяғында «Субхана Раббика раббил...» аяты оқылады.
Демек, жамағаттың имаммен бірге іштен дұға еткені абзал. Әркім жеке-жеке дұға етуі және дұға етпестен шығып кетуі де жаиз (рұқсат).
Сұрақ: Жамағатпен намаз оқығанда егер ол намаздың соңғы сүннеті бар болса, имам мен жамағат осы соңғы сүннетті парызды оқыған жерінде оқыса бола ма?
Жауап: Жамағатпен намаз оқығаннан кейін имамның соңғы сүннетті парызды оқыған жерінде оқуы мәкрух. Жамағаттың соңғы сүннетті парызды оқыған жерінде оқуы мәкрух емес, дегенмен басқа жерде оқуы мүстаһаб. Мүстаһаб амалды жасамаған адамның намазына зиян тимейді, нұқсан болып қалмайды. Бірақ сауабынан мақұрым қалады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024