Әһли сүннет сеніміндегі адам әмірлерді орындап, харамдардан сақтанса, мәңгі бақытқа кенеледі. Имам Ғазалидың (рахметуллаһи алейһ) осы жайында керемет мысалы бар:
«Дәрігер науқасты тексеріп, оған: «Сен науқассың, саған үш күндік емдәм жазамын. Айтқанымды істеп, емдәм ұстап сақтансаң, жазылып кетесің, өмір бойы рахат өмір сүресің! Айтқанымды істемейтін болсаң, ауруың асқынып, жазылмайтын дәрежеге келеді, емделе алмай өмір бойы қиналып өтесің».
Ақылы бар адам дәрігерді тыңдап, үш күн емдәм ұстайды, қалған өмірін қиыншылықсыз рахат өткізеді...»
Үш күн бүкіл өмірмен салыстырғанда қаншалықты қысқа болса, дүние өмірі де ахиреттік өмірмен салыстырғанда сондай қысқа. Санаулы күндер шексіз уақытпен салыстыруға келе ме?
Бір күні Хабиб Ажеми хазретті зиярат етіп Хорасаннан бір қария кісі жұбайымен бірге келеді. Қажылыққа баруға ниет еткен екен. Қажылықтан қайтарда Басраға орналасып, қалған өмірін Хабиб Ажеми хазреттің қасында өткізуді жоспарлайды. Сондықтан оларға тұратын үй қажет болады. Жинаған он мың дирхамын ұстазға тапсырып: «Бізге бұл жер бөтен, бізге жайлы үй сатып алуың үшін сені өкіл еттім» деп, қош айтысып, қажылыққа аттанады.
Ол заманда саяхатқа түйемен шыққандықтан, ұзаққа созылатын. Қажылық жолаушылары Басрадан шыққаннан кейін аз уақыттан соң ол қалада ашаршылық басталады. Азық-түлік бағасы қымбаттап, алуға тек ауқаттылардың ғана шамасы жетеді. Байлар ғана сатып алып, ал кедейлер бейшара болып қалады.
Халық осындай жағдайға тап болғанда Хабиб Ажеми шәкірттерімен ақылдасады:
«Хорасандық қажы бізге үй алуымыз үшін ақша қалдырған еді, бірақ «осы дүниеде үй сатып ал» деген жоқ. Біз оның ақшасына азық-түлік алып кедейлерге таратсақ, оларға жәннаттан үй сатып алған боламыз. Оларға осы жақсырақ болады. Егер қабылдамаса, онда ақшасын қайтарамыз».
Шәкірттер де осы шешімді жөн көріп, жүзеге асырады.
Біршама уақыттан кейін қажылар оралады. Әлгі қария үйін сұрағанда оған:
«Сізге үй сатып алдық, бірақ бұл жерде емес, жәннатта!» деген жауап алады. Мән-жайды түсіндіргеннен кейін қария разы болып, жұбайына айтып береді. Жұбайы да разы болады, бірақ:
«Бізге жәннатта сатып алған үйіміздің құжатын берсін, көңіліміз жайлансын» дейді. Бұл жағдайды Хабиб Ажемиге айтқанда ол қолына қағаз алып:
«Бисмиллаһир Рахманир Рахим. Хабиб Ажемидің пәленше Хорасандық кісіге жәннаттан салып алған зәулім үйінің құжаты» деп жазып қарияға тапсырады.
Қария бір үйді жалдап, сол үйге жайғасады.
Бірнеше ай өткеннен кейін қария қайтыс болады, жұбайы оны түсінде көріп қал-жағдайын сұрайды. Қал-жағдайының жақсы екендігі қуанышынан-ақ белгілі болып тұрды. «Бізге сатып алынған үйіміздемін, сені күтіп отырмын!» деп жауап берген екен.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024