Мұсылман мен кәпірдің айырмашылығы

Сұрақ: Мұсылман кісі намаз оқымаса немесе намазға мән бермесе, оның иманы кетуі мүмкін бе?

Жауап: Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хадис шәрифте:

«Мұсылман мен кәпірдің арасындағы айырмашылық – намаз» деген. Яғни мұсылман намаз оқиды, ал кәпір оқымайды. Ал мұнафиқтар (екі жүзділер) кейде оқып, кейде оқымайды. Абдуллаһ ибн Аббас хазретінің тікелей Расулуллаһтың өзінен естіп жеткізген хадис шәрифінде:

«Намаз оқымағандарды қиямет күні Аллаһу та'ала ашулы күйде қарсы алады» делінген.

Хадис имамдары бір ауыздан хабар берген:

«Намазды уақытында біліп тұрып, әдейі оқымаған, яғни намаз уақыты өтіп бара жатқанда намаз оқымағанына қынжылмаған, уайымдамаған адам кәпір болады немесе өлерінде имансыз кетеді. Ал енді намазды тіпті ойламайтын, намазды міндет деп білмейтін адамдардың жағдайы не болмақ?»

Әһли сүннет ғалымдары бір ауыздан: «Ғибадаттар иманның бөлігі емес» деген. Алайда тек намазда ғана бір ауыздан келісім болмады. Фиқһ имамдарынан көптеген үлкен мүжтәһид ғалымдар: «Намазды әдейі, яғни біле тұра оқымаған адам кәпір болады» десті.

Аллаһу та'ала мұсылман болмағандарға намаз оқуды, ораза ұстауды бұйырмаған. Олар Аллаһу та'аладан бұйрық алу абыройына лайықты емес. Намаз оқымағанына, ораза ұстамағанына оларға жаза берілмейді. Олар тек қана күпірдің жазасы болған мәңгі тозаққа лайықты. «Задул мук-уин» кітабында былай жазылған:

«Бұрынғы ғалымдардың жазғаны бойынша, бес нәрсені орындамаған адам бес нәрседен мақұрым қалады: 1) Мал-мүлкінің зекетін бермеген адам мүлкінің қайырын көре алмайды. 2) Ұшырын бермеген адамның егістігінде, табысында берекет қалмайды. 3) Садақа бермеген адамның денінде саулық қалмайды. 4) Дұға етпеген адам мақсатына жете алмайды. 5) Уақыты келген кезде намаз оқығысы келмеген адам соңғы демде кәлима-и шаһадатты айта алмайды. Намаздың өзіне бірінші міндет екеніне сене тұра жалқаулықпен оқымаған адам – фасық (күнәхар)».

Бұдан аңғаратынымыз, парыз намазды оқымау имансыз кетуге себеп болуда. Үзбей намаз оқу жүректің нұрлануына және мәңгі бақытқа бөленуге себепші. Пайғамбарымыз (алейһиссалам): «Намаз – нұр» деген. Яғни намаз дүниеде жүректі нұрландырады, ал ахиретте сыратты жарықтандырады.