Тиләует сәждесі

Сұрақ: Сәжде аяттары қай сүрелердің ішінде?

Жауап: Төмендегі сүрелердің ішінде. Қай аят екендігі қасында жазылған:

Араф 206

Рад 15

Нахл 49

Исра 107

Мәриәм 58

Хаж 18

Фурқан 60

Нәмл 25

Сәжде 15

Сад 24

Фуссиләт 37

Нәжм 62

Иншиқақ 21

Алақ 19

 

Сұрақ: Тиләует сәждесі деген не, қай кезде және қалай жасалады?

Жауап: Түсінікті болу үшін бөлімдер күйінде жазамыз:

1) Тиләует – Құран оқу деген сөз. Сәжде аяты оқылған кезде жасалатын сәждені «Тиләует сәждесі» деп атайды.

2) Намаз оқуы парыз болған адам Құран кәрімдегі 14 жердегі сәжде аятының бірін оқыса немесе естісе, мағынасын түсінбесе де бір сәжде жасауы уәжіп (міндетті).

3) Тиләует сәждесін жасау үшін ниет етіледі. Ниет ету шарт. Ниетсіз сахих болмайды. Дәретті болып, құбылаға бұрылып тұрып, қолды құлаққа көтерместен «Аллаһу әкбар» деп сәждеге жығылады. Сәждеде үш рет «Субхана раббиәл аълә» дейді. Кейін «Аллаһу әкбар» деп тұрады. Осылайша тиләует сәждесі жасалған болады.

4) Сәжде аятын естіген жүніп (ғұсылсыз) немесе дәретсіз адам тазаланғаннан кейін тиләует сәждесін жасайды. Бірақ хайыз (етеккір) немесе нифас (босанғаннан кейін келетін қан) жағдайындағы әйелдің тазаланғаннан кейін тиләует сәждесін жасауы қажет емес.

5) Бір отырғанда бір сәжде аятын бірнеше рет оқыған және естіген адам бәріне бір ғана сәжде жасайды.

6) Бір отырғанда қанша сәжде аятын оқыған болса, сонша тиләует сәждесін жасау керек. Мысалы үш сәжде аяты оқылса, үш сәжде қажет.

7) Намаз оқып жатқанда сырттан біреу оқыған сәжде аятын естіген адам намаздан кейін тиләует сәждесін жасайды.

8) Намаз үстінде оқығанда дереу бөлек руку немесе бір сәжде жасап тұрады. Кейін оқуын жалғастырады. Сәжде аятын оқығаннан екі-үш аят кейін намаздың рукуына иілсе және тиләует сәждесіне ниет етсе, намаздың руку мен сәжделері тиләует сәждесі орнына өтеді.

9) Тиләует сәждесінің қазасы асығыс емес, яғни кешіктіру күнә болмайды. Бірақ себепсіз, зәруліксіз кейінге қалдыру тәнзиһән мәкрух.

10) Сәжде аятын мубах уақытта оқып, намаз оқу мәкрух болған үш уақытта тиләует сәждесін жасау жаиз емес (рұқсат емес). Сәжде аяты мәкрух уақытта оқылса, бұл уақытта сәжде жасау жаиз деген ғалымдар бар болғанындай, мәкрух деген ғалымдар да бар. Мәкрух болмаған уақытқа қалдырылатын болса, барлық ғалымдардың үкіміне сай амал еткен болады. (Хиндия)

11) Құран кәрім оқылған жерде отырған болса да естімеген адам сәжде жасамайды.

12) Сәжде аятын жазған және буындап оқыған адам сәжде жасамайды.

13) Бірнеше кісінің әрқайсысы сәжде аятының бір-бір сөзінен оқыса, мұны естігендерге тиләует сәждесін жасау қажет емес. Өйткені сәжде аятын бір адам оқыған кезде ғана мұны естігендердің сәжде жасауы уәжіп болады.

Әртүрлі адамдар оқыған сөздер жинақталып, бір адам бүкіл аятты оқығандай үкімде бола алмайды. Өйткені Құран кәрім оқуға ешкім біреудің орнына өкіл бола алмайды. (Дуррул мухтар)

14) Сәжде аятының аудармасын оқыған немесе естіген адам мұның сәжде аяты екендігін аңғарса, сәжде жасайды.

15) Не істегенін өзі түсінетін жаста болған жас баланың оқуымен естігендердің сәжде етуі қажет болады. Одан кіші жаста болса, қажет емес.

16) Оқта-текте жынды болатын адам жынды болғанында сәжде аятын оқыса, сәжде қажет емес. Есі дұрыс кезінде оқыса, онда сәжде жасау қажет.

17) Таудан, шөлден және басқа жерден жаңғырып келген дауысты естіген және тотықұстан немесе басқа құстан естіген адам сәжде жасамайды. Адамның жанды дауысы болуы керек. (Дуррул мүнтәқа)

18) Радиодан естілген дыбыс – қаридың дауысына ұқсайтын жансыз құрылғының дыбысы. Сондықтан аудио құрылғыда (магнитофон, радио, теледидар және осы секілді құрылғылар арқылы) оқылған сәжде аятын естіген адам тиләует сәждесін жасамайды. (Мәзаһиби әрбәа)

Алмалылы Хамди Языр «Араф» сүресінің 204-ші аятының тәфсирінде былай дейді:

«Қыраат – ақылды және сөйлей алатын адамның аузынан шыққан ұғынуға және түсіндіруге бағытталған мақсатпен дауыстап оқу деген сөз. Ақылды болмаған және жансыз заттардан шыққан дыбыстар қыраат саналмағанындай, жаңғырып келген дауыс та қыраат болып саналмайды. Сондықтан фиқһ ғұламалары қырааттың жаңғыруынан пайда болған жаңғырыққа қыраат және тиләует үкімі берілмейтіндігін, мысалы тиләует сәждесі қажет болмайтындығын мәлімдеген. Қандай да бір кітапты дауыссыз оқуға қыраат деп айтылмағанындай, бір құрылғыдан шыққан, жаңғырып келген дыбысты тыңдау да қыраат емес, зыңылды тыңдау болып саналады. Құран оқыған адамның дауысын жаңғыртып (зыңылдатып) шығаратын микрофоннан (аудио құрылғыдан) немесе радиодан шыққан дауысты да қыраат деп атамайды. Осыған ұқсас дауыстар қыраат емес, қырааттың жаңғырығы, оларды тыңдау және үндемеу бұйрығының үкімі оларға жүрмейді». (2361 бет)

19) Кәпірдің оқығанын естіген мұсылмандардың сәжде етуі уәжіп болады.

20) Имам Нәсәфи «Кафи» кітабында былай жазған:

«Қиыншылықтан құтылу үшін Аллаһу та'алаға шын жүрегімен жалбарынып, 14 сәжде аятын (жаттанды түрде, түрегеп тұрып) оқып, әрқайсысынан кейін дереу сәжде еткен адамды Аллаһу та'ала сол дерт пен бәле-жаладан қорғайды». (Дуррул мухтар, Нурул изаһ)

Соңғы сәждеден тұрғаннан соң түрегеп тұрып қол жайып, өзінің және барша мұсылмандардың дүниесі мен дініне келетін бәле-жаладан, қиыншылықтан сақтауы, қорғауы үшін дұға ету керек.

21) Сәжде аяты үш мәкрух уақытта оқылса, тиләует сәждесін сол уақыттарда жасау бір қаулы бойынша жаиз (рұқсат) болғанымен, мәкрух болмаған уақытқа қалдыру абзал болады. (Дүрәр, Тахтауи)